«Аналар жүрегі» сарбаздар аналар комитеті республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облысындағы өкілдері Зағира Әубәкірова мен Марина Бейсембаева 31775 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген сарбаздармен кездесті.
Кездесу барысында әскери бөлімнің қолбасшылығы халыққа мерзімді әскери қызметшілердің өмірі мен күнделікті тұрмыс-тіршілігімен, жәрдемақы түрлері, нормаларымен танысып, жауынгерлік даярлық кабинеттерін, казарма, асхананы аралап шығуға мүмкіндік алды.
Казарманы аралау барысында әскери бөлімнің мерзімді әскери қызметшілерімен әңгіме, сұқбат жүргізілді. Сарбаздар асханасында қоғамдық бірлестік өкілдері әскерге шақырылушыларға арналған ас мәзірінің макетін қарап, дайындалған тағамның сапасына баға берді. Медициналық бөлімшеге барған кезде аналар комитетінің өкілдері тазалықты, жайлылықты және бөлім профиліне сәйкес алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажетті материалдар мен дәрі-дәрмектердің негізгі жиынтығының болуын тексерді.
« – Бүгін біз сарбаздардың өмірімен танысып, олардың қызмет етуіне ең жақсы жағдай жасалғанын, армияда командирлер Отанның нағыз қорғаушыларын тәрбиелей алатынын көрдік. Ал біз өз кезегімізде көмек пен қолдау көрсетуге дайынбыз», – дейді Зағира Әубәкірова.
Сарбаздардың аналар комитеті ең алдымен әскерге шақырылғандарға қиын жағдайдан шығуға көмектесу үшін құрылған. Оның өкілдері еліміздің Қарулы Күштерінің әскери бөлімдерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын, әскери оқу орындарын үнемі аралап тұрады. Қоғамдық бірлестіктің басым бөлігін ұлдары қызмет еткен нәзік жандылар құрайды.