Енді ҰБТ нәтижелері бойынша әр оқушыға жеке анализ дайындалады. Пилоттық жоба туралы бүгін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. Алайда мұндай функция елімізде осы уақытқа дейін де жұмыс істеп келген.
«Енді түлек тестілеуді аяқтағаннан кейін жинаған ұпайларының нәтижесін ғана емес, сонымен қатар қандай тақырыптарды білетіні және қайсысына көңіл бөлу қажет екені туралы қосымша талдау алады. Дәл осындай талдауды мектепке де, нақты пәнге қатысты да, аудан, облыс және жалпы республика көлемінде де жасаймыз», – делінген министрдің әлеуметтік желілердегі жазбасында.
Дегенмен, ҰБТ нәтижелері бойынша тақырыптық талдау жасау елімізде жаңадан енгізілген функция емес. Бұл жаңашылдық алғаш рет 2021 жылдың қыркүйек айында Joo.kz қосымшасында қолжетімді болды. Қазақстандық мектеп түлектері қосымшада тегін ҰБТ сынама тестілеуін тапсырып, қорытындысы бойынша анализ алып отырады. Осы уақытқа дейін еліміз бойынша әр апта сайын 30 мыңға жуық оқушы қай пәннен, қай тақырыптан әлсіз тұстары бар екенін анықтап, қателерімен жұмыс істеген.
«Қыркүйек айынан бері қосымшамыз арқылы сынама тестілеуді тапсырған әр оқушыға жеке талдау жасап беріп отырмыз. Тестілеуден соң алгоритм түлекке автоматты түрде анализ шығарып береді. Яғни оқушы тестілеуден кейін әр пән бойынша қай тақырыпты жақсы немесе әлсіз меңгергенін біле алады. Сынама тестілеу қосымшаға тіркелген кез келген оқушыға тегін. Сол себепті бұл функцияны қолданушылар қатары күн сайын артып келеді. Ұлттық тестілеу орталығы осындай өзгеріс жасап, қатарымызға қосылғанына қуаныштымыз. Бұл мектеп түлектері үшін өте қолайлы мүмкіндік», – деді «JOO.kz» платформасының директоры Қанат Өксікбаев.