Премьер-министрге сенатордан ұсыныс

ҚР Премьер-Министрі А.Ұ. Мамин мырзаға

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Қазақстанда азаматтардың табыстары бойынша өте көп айырмашылық бар. Пандемия, экономикалық дағдарыс және инфляция халықтың аз қамтылған топтарын одан әрі кедейшілікке алып келді. Ал табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың үлесі, қалаға қарағанда, ауылдық жерлерде 2,5 есе көп.
Бірақ, мұндай әлеуметтік ахуал еліміздің болашақ ұрпағына әсер етпеуі тиіс. Біздің жастарымыз өз отбасыларының материалдық жағдайына қарамастан, лайықты білім алуы керек.
Жыл сайын елімізде 150 мыңнан астам оқушылар орта мектепті бітірсе, олардың 74 мыңы, яғни жартысы – ауыл тұрғындары.
«Ауыл – Ел бесігі» деп бекер айтылмайды. Халқымызда «Ел болам десең – бесігіңді түзе» деген қанатты сөз бар.
Еліміздегі ең ірі аграрлық университетті басқарған адам ретінде ауыл балаларының табиғатынан дарынды болатынын, оларды үлкен еңбекқорлық пен ерекше патриотизм сезімі ерекшелендіріп тұратынын айтқым келеді. Бірақ, өкінішке орай, аз қамтылған отбасыларынан шыққан көптеген дарынды балалар, жоғары білімнен тыс қалуда.
Мұның себептері ауыл мектептерінің мәселесімен байланысты.
Ауылдық жерлерде педагогтердің тапшылығы 2100-ден астам адамды құрайды, бұл – республиканың педагог кадрларға деген барлық қажеттілігінің 60%-ы. Ауыл мектебінде бір мұғалім физика, әдебиет және музыканы оқытатын жағдайлар бар. Қала мен ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасы салыстыруға келмейді. Өткен жылы біз ауыл тұрғындары арасында әлеуметтік сауалнама жүргіздік. Сауалнамаға қатысқандардың бірде-біреуі өз ауылында «интернет жақсы жұмыс істейді» деп жауап берген жоқ.
Елімізде 22 ауылдық ауданда тіпті колледждер, яғни кәсіптік білім беру ұйымдары жоқ.
Жоғары оқу орындарына келетін болсақ, көптеген ауыл балалары мектептерде алған білімдерінің төмендігіне байланысты мемлекеттік білім беру гранттарын ала алмайды. Ал олардың көбісінде ақылы оқуға мүмкіндік жоқ.
Аграрлық университеттерде тіпті қисынсыз жағдай қалыптасуда. Ауыл шаруашылығы мамандықтарына бөлінген мемлекеттік гранттарды, ең алдымен, жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін ауыл шаруашылығында жұмыс істеуге қажетті уәждері бар адамдар алуы керек, яғни, негізінен, ауылдың жастары.
Осы ретте, көптеген жылдар бойы Парламент депутаттары Білім және ғылым министрлігінің алдында ауыл мектептерінің түлектеріне аграрлық мамандықтарға түсу үшін ауылдық квотаны 30%-дан ең болмаса 50%-ға дейін арттыру қажеттілігі туралы мәселені көтеріп келеді. Бірақ бұл мәселе табанды түрде шешілмей отыр! «Парламенттік тыңдаулардың ұсыныстары неге орындалмайды?» – деген сұрақ туындайды. Аграрлық университеттерді бітірушілердің, ауылдық жерлерге жыл сайын тек 30%-ы ғана жұмысқа орналасады, қалғандары мемлекеттік қаражат есебінен оқып, жұмыссыздар қатарын толықтыра отырып, қалаларда қалады. Осындай себептен ел бюджетінде жыл сайын кем дегенде 1,5 млрд теңге тиімсіз жұмсалады.
Егер дамыған елдердегі университеттердің тәжірибесін қарастыратын болсақ, онда оқуды өтеудің екі түрлі құны бар: барлығы үшін шартты құны, және әлеуметтік осал топтардағы студенттерге арналған арнайы құны. Сонымен қатар көптеген университеттерде стипендия тағайындаудың басты критерийі-жай ғана үлгерім емес, отбасының табыс деңгейі. Осындай және басқа да бағдарламалардың негізінде, бұл мемлекеттерде әлеуметтік және материалдық жағдайына қарамастан, оқимын деген және іріктеуден өткен барлық жастарға жоғары білім алуға мүмкіндік берілген.
Қазақстанда биылғы жылы мемлекеттік білім беру гранттарына 310 млрд теңге бюджет қаражаты бөлінді, бірақ олар Ұлттық тестілеу нәтижелері бойынша беріледі. Әлеуметтік осал топтардың әртүрлі санаттарына сәйкес квота бар болғаны 0,5-5%-ды құрайды, бұл – мәселені шешпейді.
Еліміздің жоғары білім беру саласындағы білім беру гранттарын бөлу жүйесінде өзгерістер енгізетін уақыт жетті. Мемлекеттік гранттар мен стипендияларды тестілеу нәтижелері мен үлгерімі негізінде ғана емес, сондай-ақ мемлекеттің қолдауынсыз оқи алмайтындарға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында бөлген жөн.
Бұл шаралар аз қамтылған отбасылардан шыққан жастардың мансаптық өсуіне әлеуметтік лифт бола отырып елімізде адам капиталын жан-жақты дамытуға мүмкіндік береді.

Сенатор. А Күрішбаев

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Мерзімді әскери қызметке шақыру басталады

Бей Қаз 14 , 2021
Оқылды: 900 Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 5 ақпандағы  Жарлығына сәйкес ағымдағы жылғы 1 қыркүйектен бастап күзгі азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру  іс-шаралары басталады. Президенттің тапсырмасына сәйкес Қорғаныс министрлігінде өткен жылдармен салыстырғанда Қарулы Күштерге әскерге шақырылушылардың санын кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарланғанын айта өту қажет. Қолданыстағы заңға сәйкес азаматтарды мерзімді әскери қызметке […]