Октябрь ауданы Әлиханның есімімен аталады

Қарағанды Сұрыптау стансасындағы Теміржолшылар сарайында, қазаққа қырғын мен зарлы заман әкелген қандықол коммунистердің Октябрь ауданының орнына, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан атамыздың атымен аталар тарихи жиында отырмын. Сол Советтік кезеңде салынған сарай ішінде, келешекте өзгеретін қала, аудан, кент, көше аттарына байланысты ойлар келген еді.

Қоғамдық талқылаулар – мемлекеттің ономастика органдары өткізетін іс-шаралардың маңыздыларының бірі. Онсыз болмайды, заңда солай көрсетілген. Тұрғындарды жинау және жүйелі ұйымдастыру қомақты қаржыны қажет ететін ауқымды жұмыс. Сондықтанда, осындай іс-шараларда бір ауданның атын ауыстыру мәселелері ғана шешілмей, моральды, идеологиялық түрде ескірген коммунистік режімнің атаулары да дауысқа салынып, отыз- қырығы бірден өзгертілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Қарағанды аймағындағы «Рабочий поселок», «К.Маркс» көшелері және сондай тағы жүздеген атауларды, жаппай ауыстырып жіберу керек. Қаланы жан-жақты жаңалау, коммунистік репрессиялық режімнің атауларынан құтылудан басталады. Көпшіліктің қолдауына ие болған Әлихан Бөкейхан аталатын ауданымыз заманауи үлгіде құлпыруға лайықты. Ауданға осы жылдың өзінде жаңа үйлер салу үшін қала бюджетінен қомақты қаржы бөлінбек.

Көше атауларына белгілі кісілердің атын беру Ресей империясы бастаған және совет кезеңінде жалғасқан үдеріс. Батыс Еуропа, Түркияда бұлай емес, көбінесе көше нөмірлері қойылады. Сол патшалық Ресейден басталған кісі есімдерін көшеге беру үдерісінің қасында, қазағымыздың өте маңызды көретін жер-су атауларын сақтай отырып, жаңа атау берерде де, облысымыздың түкпір-түкпірінде сақталған топонимика, яғни жер-су атауларын пайдалана білсек дұрыс болмас па? Мысалы, өткен жылы ауыстырылған «Кувская» көшесінің атын түп-тамырымен өзгертпей, орысша бұрмаланған Кувскаяның орнына, қазақша түзеп, Қу тауының бұрынғы атын қалдырса да болар еді. «Букпинская» көшесі «Бұқпа» өзенінің аты. Осындай қаладағы түпнұсқасы өзгертілген атауларды жаңалап, қазақша түзеп, көше аттарын озгертерде облысымызда ескіден келе жатқан жер-су атауларын да қолдансақ, көне атауларымыздың негізінде бір маңызды оқиға немесе тарихи дерек болатыны белгілі жай.

Сонымен қатар жиында журналист-жазушы Сүйіндік Жанысбай бұл ауданды атағанда Әлихан Бөкейхан деп, тегін қосақтамай, Алаш көсемінің есімімен ғана атау қажеттігін айтып өтті. Жазушының ұсынысы да орынды. Кейде көпшілік ономастикалық атауларды есімін есте сақтамай тегімен атайды да, шатастырып жатады. Сондықтан «Әлихан» атындағы аудан деген сүйкімдірек естілетін тәрізді.

Болашақта ономастика заңына өзгертулерді енгізу керек пе деймін. Атап айтқанда, байырғы атауларды жаңғырту кезінде немесе Әлихан Бөкейхан сияқты бүкіл қазақ елі үшін маңызды тұлғалардың атын беруде осы саланың білікті мамандарынан құралған ономастикалық комиссия бар, шешімді шығаратын мәслихат депуттатары бар. Аталған құзіретті орган мен мамандар көпшіліктің қалауына орай шешім шығармай ма? Қоғамдық тыңдалым өткізіп, өзара тату отырған жұртты әдейі таластырудың қажеті қанша? Оған қоса қоғамдық тыңдалымды ұйымдастыруға қаншама қаржы, жауапты мамандардың есіл уақыты зая кетеді. Келешекте ономастикалық заңға түзету енгізіп, оны атқару үдерісін оңтайландыру жұмыстары алдағы уақытта қарастырылатын мәселе деп ойлаймын. 

Сондай-ақ, менің туып-өскен Балқаш өңірімде «Соқырқой» деген жер атауы бар. Ол жерде коммунистердің кәмпескесінен қалған Ағыбай ауылының іргетасы сақталған. Осындай өткен кезеңдегі тарихи оқиғалармен терең байланысты көптеген жер-су атаулары бар. Сол атауларды жаңғыртып, қаламыздың көшелерін атасақ, санамыз шайылмай, өткен кезеңдердегі терең мағынаға толы жер-су атаулары сақталып, қайтадан жаңғырар еді. Қаламыздың көшелеріне берілер жаңа атаулар қала мен ауылдарды байланыстыратын рухани көпір болуы қажет. Пікір жазарда, өздеріңіз тұрған немесе әлі де тұратын жер-су атауларын жазсаңыздар, қаладағы көшелерді жаңаша атауға лайық деп санайтын. Келешек ұрпақ «Итальянский квартал», «Комфортный дом» деген үйлерде емес, сүйкімді «ЖАУҚАЗЫН» деген немесе басқада ұлттық атаумен аталатын тұрғын үйлерде өмір сүруі тиіс. 

Бейбіт Оспанұлы Күлмағамбет.

Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Сарышаған ауылында 1965ж. дүниеге келген.  Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің заң фак. бітірген. ҚарМУ-нің қылмыстық кафедрасында оқытушы болып қызмет атқарған. Түркиядағы Докуз Ейлюл университетінің докторанты. «Шығыс тәттілерінің Қарағанды фабрикасы» кондитерлік компаниясының директоры.

Сайтымыздың тұрақты авторы.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Ғылыми зерттеудің заманауи әдістері

Жек Нау 14 , 2021
Оқылды: 1  703 Данат Жанатаев, ф.ғ.к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Балжан Қасымова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, қазақ филологиясы мамандығының 1 курс магистранты  Ғылыми зерттеудің заманауи әдістеріне біз ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басында ғылымда кең таралған әдістерді жатқызамыз.  Оларға құрылымдық-функционалды әдісті жатқызуға болады, оның мәні құбылыстар мен процестерді құрылымдық бөлінген тұтас […]