Қарағанды облысында короновирусты жұқтырған 24 жағдай тіркелді.
http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар.
19 мамырдағы жағдай бойынша Қарағанды облысында короновирус инфекциясын жұқтырудың 24 жағдайы тіркелді. Инфекция Қарағанды, Теміртау қалалары мен Ақтау елді мекенінен шыққан. Қарағанды облысындағы «Қазақмыс» корпорациясының «Нұрқазған» кенішінде жұмыскерлердің жаппай короновирусты жұқтыруы белең алуда. «Нұрқазған» Қарағандыдан 70 шақырым қашықтықта орналасқан кеніш. Мұнда мердігер ұйым мамандарын қоса есептегенде, 1100 адам еңбек етеді. Бұл кеніште алғаш рет қауіпті індет 8 мамырда шыққан. Бүгінде бұл ұжымда сырқат жұқтырғандардың қатары 35 адамға жетті. Кенішке барып вирус жұқтырған қарағандылықтардың тұрған подьездері жабылып, байланысқа түскен адамдар анықталуда.
«Қазақмыс» корпорациясы ЖШС баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта «Нұрқазған» кенішінде вирусты алдын ала анықтау үшін ПЦР әдісімен зертханалық тексеру жүргізілуде. Бүгінде «Нұрқазған» кенішінде короновирустың шығуына байланысты өндірістік цикл тоқтаған. Қазіргі уақытта тек жөндеу жұмыстары мен алдын алу шаралары үшін 100 адам 12 сағаттық ауысым бойынша жұмыс жасауда.
«1 маусымнан бастап «Нұрқазған» кеніші өкілетті органдар бекіткен барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, вахталық ауысыммен жұмыс істеуге көшеді. Мұндай жұмыс түрі короновирусқа шалдығудың алдын алуға көмектеседі», – деп мәлімдеді «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС баспасөз қызметінің басшысы Владимир Магай. Бүгінде Қарағанды облысында қауіпті кеселді жұқтырғандар қатары 287 адамға жетіп, оның үшеуі көз жұмды. 163 адам сырқаттан жазылып шықты.
Арайлым Еркебаева, Қарағанды