Қазақстан Армиясы егемен еліміздің сенімді қорғаны. ҚР Қарулы Күштері қатарында бүгінгі таңда көптеген саладағы мамандар қызмет атқарады. Олардың жауынгерлік және сапалы кәсіби дайындығы бүгінгі күннің басты талабы.
Қарағанды гарнизонына қарасты, «Астана» өңірлік қолбасшылығында Қарулы Күштердің әскери институттары және әскери колледждің 2023-жылғы түлектерімен оқу жиындары өткізілді. Аталмыш жиынға «Астана» өңірлік қолбасшылығы үлкен жауапкершілікпен қарап, жас түлектерді 3 топқа бөліп, арнайы дайындық өткізуге бағытталған іс-шараларды ұйымдастырды. Жас түлектер арасында «Астана» өңірлік қолбасшылығына әскери қызметін дербес лауазымдарда атқару үшін радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтының мемлекеттік құпияларды қорғау кафедрасын тәмамдаған офицерлер де келген. Олармен «Астана» өңірлік қолбасшылығы Басқармасының мемлекеттік құпияларды қорғау және ақпарат қауіпсіздігі бөлімінің бастығы, майор Ғани Батырханұлы Оңғаров жеке дайындық жұмыстарын ұйымдастырып, жас мамандарға Құрлық әскерлерінде мемлекеттік құпияларды қорғауға бағытталған іс-шараларды ұйымдастырудың қыр-сырын сапалы жеткізді.
–Жас мамандарды даярлау – ол Қарулы Күштерде келешекте сенімді ізбасарлар мен кәсіби мамандардың болуына әкелетін жалғыз жол, – деген майор Ғ.Б.Оңғаров, өңірлік қолбасшылықта жас офицерлермен тиісті тәрбие және кәсіби дайындық жүргізуге қатты назар аударылатынын атап өтті. Мемлекеттік құпияларды қорғауда жас мамандарға сәттілік тілейміз!