Қарағанды облысы Қорғаныс Істері жөніндегі департаментінде, 25 қазан – Республика күні мерекесіне орай «Ұлттық мереке – Республика күні» атты салтанатты іс-шарасы ұйымдастырылды. Ұлттық мерекенің мәні ашылып, отаншылдық дәріптелді. Шараға облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы, полковник Жанас Жұмтайұлы Құнанбаев арнайы қатысып, әскери қызметкерлерді Республика күнімен құттықтады.
– Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Республика күні ұлттық мерекесі жаңа мазмұнда атап өтілуде. Бұл күн –елдігімізді нығайтып, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке. Бұл – өткен ғасырда азаттық жолында шейіт болған Алаш арыстарының жанкешті еңбегінің жемісі. Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Сондықтан азаттықтың, осы бейбіт күннің қадірін білу аса маңызды. Біз бірлігімізді сақтап, ұлт мүддесі жолында еңбек етуіміз керек. Ұлттық мерекеміз – бірлігіміздің негізгі темірқазығы! Отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін. Мереке құтты болсын! – деген Жанас Жұмтайұлы әскери міндеттерін адал әрі үлгілі орындағандарға әскери кезекті шен табыстап, Қорғаныс министрінің грамотасымен марапаттады. Шара соңы мерекелік концертке ұласты. Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов атындағы Қарағанды Республикалық Жас Ұлан мектебінің тәрбиеленушілері «Рақмет саған, туған ел» әнін орындады. Мерекелік кеш көрермендердің көңілінен шықты.