Тарихи тұлға -Әлихан Бөкейхановтың туғанына 155 – жылдығына арналған көрме
Қарағанды қаласына қарасты 31775 әскери бөлімінде, Орталық Қазақстан Академиясының қызметкерлерімен бірлескен, халқымыздың тұңғыш саяси Алаш партиясының ұйымдастырушысы және ұлттық Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, ғұлама ғалым, әдебиеттанушы, аудармашы әрі дарынды публицист Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл толуына орай көрме ұйымдастырылды және мерзімді әскери қызметшілермен – әдеби танымдық кеш өткізілді.
Көрме барысында Орталық Қазақстан Академиясының қызметкері Әйгерім Алмасқызы мерзімді әскери қызметшілерге ұлы ағартушының кітаптары мен еңбектері және ерліктері туралы баяндап берді. Бұл көрмеде сарбаздар ғалымның өмірбаяны мен шығармашылығы туралы қызықты мағлұматтарға қол жеткізді. «Тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын»,- деген қоғам және мемлекет қайраткерінің сөзін ескерген 31775 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Әзілхан Рыспаев, сан түрлі өнерді бойына жыйған дарын иесінің атқарған еңбектеріне арнайы тоқталып өтті.
– Өткен ғасырда ұлтымыз талай қилы кезеңдерді, бірнеше саяси репрессияны бастан өткерді. Көптеген ұлтшыл, білімді ғалымдар, қарапайым азаматтар жазықсыз жапа шекті. Солардың бірі де, бірегейі көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлттық мемлекеттің негізін салушы және Алаш қозғалысының жетекшісі – Әлихан Бөкейхан болды. Бүгінгі кештің негізгі мақсаты да осы тұлғаның ерен еңбегін ұлықтау, бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіріп, зердесіне тоқуына ықпал ету, – деді ол.
Алаш орда автономиясының төрағасы, жалынды публицист бүкіл саналы ғұмырын қазақ халқының ұлттық саяси бостандығы мен дербестігі жолына арнаған. Алаш кемеңгерін ұлықтаған келелі кешке қатысушы жоғарғы оқу орнының оқытушылары өткен жылдарда, қилы заман запыранын төгіп тұрған кезде жазған хаттары қызықтырғандығын айтады. Әдеби танымдық кеште қатардағы жауынгерлер ғалымның ұлағатты сөздерін айтып, өз білгендерімен бөлісіп, Орталық Қазақстан Академиясы педагогика және психология факультетінің түлегі Аяжан Ыбыраева «Ару ана, балапан қаз, ақ дариға» әндерін нақышына келтіре орындады. Ұйымдастырушылардың пікірінше, ұлы тұлғаларды тану, оны жас ұрпаққа дәріптеу мақсатында мұндай шаралар әлі де жалғасын табады.