Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұғалімдердің жалақысы жыл сайын 25 пайызға көтеріледі. Алайда, мектеп директорларының жалақысы 2015 жылғы деңгейде қалды. Елордалық депутаттың айтуынша, бұл мәселе тез арада шешімін таппаса, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері көбеюі мүмкін.
Аталған мәселені Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты Талғат Нәрікбаев елордалық білім басқармасының басшылығымен кездесу барысында көтерді. Кездесуде басқарма басшылығы мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған мектептерді 2025 жылға дейін шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттiк кәсiпорынға ауыстыру жоспарланғанын мәлімдеген. Жаңа ұйымдық нысан дербес жедел басқару және оларға берілген мемлекеттік ақшалай қаражатты иелік ету бойынша өкілеттікті кеңейтуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда қаладағы 90 мектептің тек 15-і ғана ауыстырылды.
«Бұл мәселе біраз уақыттан бері шешімін таппай келеді. Жақында білім басқармасы басшысымен өткен кездесу барысында тек бір ұйым қызметкерлерінің еңбекақысын төлеуде салаішілік дифференциация бар екені анықталды. Қазіргі уақытта мектеп директорының лауазымдық жалақысы 180 000 теңгені, бас бухгалтердің лауазымдық жалақысы 112 000 теңгені құрайды. Ал мұғалімдердің жалақысы 450 мың теңгеден 600 мың теңгеге дейін жетеді»,- деп жазады ол Facebook-тегі парақшасында.
Депутаттың айтуынша, егер мәселе тез арада шешілмесе, елімізде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің артуына алып келеді. Сондай-ақ білікті мамандар төмен жалақы үшін жауапкершілігі мол қызметке барғысы келмейді.
«Менің ойымша, егер бұл мәселенің шешімін қазір таппасақ, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері айтарлықтай артады. Біріншіден, мұғалімдер мен мектеп әкімшілігі арасындағы жалақы айырмашылығы сөзсіз әкімшілік ресурстарды пайдалануға итермелейді. Екіншіден, бәсекеге қабілетті менеджерлер қазіргідей жалақыға мектепте жұмыс істегілері келмейді (атап айтқанда, материалдық жауапкершілігі жоғары позицияда). Үшіншіден, төмен жалақы үшін жұмыс істеуге келісетін біліксіз басқарушылар мекеменің қызметін сапалы жүргізе алмайды, оның ішінде – қызметкерлерді кәсіби тұрғыда жұмысқа қабылдай алмайды. Нәтижесінде, тәрбие мен оқыту процесі сапасыз жүргізіледі, бұл мектеп түлектерінің біліктілік деңгейінің төмендеуіне әкеліп соқтырады»,- дейді Талғат Нәрікбаев.
Мәслихат депутаты Қазақстан Республикасының қолданыстағы нормативтік актілерін талдаудың, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ басшылығымен кездесудің қорытындысы бойынша Білім басқармасына бұл мәселені шешудің жолын ұсынды.
«Біз бұл мәселені Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы мен Нұр-Сұлтан қаласының «Әділет» Білім беру қызметкерлерінің кәсіптік одағы арасында өңірлік деңгейдегі әлеуметтік әріптестік туралы келісім жасасу арқылы шешуді ұсынамыз. Бұл жергілікті бюджеттен лауазымдық жалақы сомасына қосымша 30-дан 50%-ға дейін қаражат бөліп, аталған мәселені шешкен Жамбыл облысының мысалында елордамыздың білім беру саласы қызметкерлерінің жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді»,-делінген жазбада.
Депутат Кәсіподақпен бірлесіп, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.С. Көлгіновтің атына білім беру мекемелерінің әкімшілік-қосалқы персоналының жалақысын арттыру жөніндегі ұсынысты қарауын өтініп, хат жолдады.
«Менің ойымша, бұл мәселе – Нұр-Сұлтан қаласының білім беру саласын одан әрі дамыту үшін аса маңызды және дереу шешуді талап етеді. Білікті кадрлар – кез келген ұйымның басты құндылығы. Орта білім беру саласында бәсекеге қабілетті менеджерлер болмаған жағдайда біз жыл сайын осындай проблемаларға тап болатынымыз анық»,-деп қорытындылады ол.