ЕҢ ДІЛГІР ДҮНИЕ – ОЛ ТІЛГЕ ДЕГЕН ҚҰРМЕТ.

Тыңдар құлақ болса…

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар.

Біз жаспыз, ағаларымыз айтар дедік…
Енді, міне, біз аға жастан асып барамыз… Жастардың бізге қарайлайтынын сеземін. Көріп те жүрмін. Әрбіріміз «Ел үшін», «Жер үшін», «Ер үшін», «Келешек үшін» көкейтесті сөзімізді айтып өткеніміз жөн болмақ.
Үлкендердің жеткізе алмағанын жас буын қатты айта бастады. Біз оларды аяғансып, тым қатты кетпеңдер, абай болыңдар деп, шындығында бөгет болып келеміз.
Бүгін мейлінше заттанып кеткен әлемнің ең ділгір дүниесі – ол тіл қадірі мен руһ байлығы.
Ұлты, діні өзге жас пен ересектің ішінде қазақша білетіндер жетерлік. Үйреніп жүргені аз емес. Көбісінің елге, тілге деген құрметі шынайы, танымы мен тағзымы табиғи қалыптасқан. Билік дәліздерінде орысша шүлдірлеген «қаракөздерді» қазақша жақсы білетін білікті деген «көккөздермен» ауыстыру қажет. Биліктегі қаракөздің көбі көгенкөз, көзқаман қалыпта. Олар тіл білетін көккөздердің көмекшісі, әрі кетсе, орынбасары болсын. (Көздерінің түсін түстегенге ешкім ренжімес деп ойлаймын.)
Көзі тірі куәлер айтады: 1970-жылдары ЖОО-дарындағы аз ғана қазақ топтарын жабуға сеп болған өзіміздің елге сыйлы дейтін қазақтар болыпты. Жазда ата-аналардан шағым түскенде сол кездегі орыс басшы (Акулинцев болуы керек) «өздерің бүлдірдіңдер, өздерің жауабын беріңдер»,-депті.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қала мен облысқа бірдей қазақ басшы қою арман еді. Орысы көп қалаға орыс басшы керек деген сөз құлақты сарсытатын. Ақыры билікке қазақ азаматтары келе бастады.
Не өзгерді?
Менің өзімнің көз алдымда облыстың сансыз көп басшысы ауысты. Әрбірінің артында із қалды, белгі қалды. Бір басшы көмір шахталарын 1000 сомға сатып, жекешелендіріп, біреуі «ҚарағандыЖарықтың» мүддесі үшін түкірігін шашырата, қарлыға айғайлап, біреуі вокзал маңындағы көпірдің жігін дұрыстап жаматып, бірі қалаға арка тұрғызып, әжептәуір ықтасын аялдамаларды қаңылтырға ауыстыртып, бірі бордюрімен алысып, бірі Бейбітшілік гүлзарының асфальтын жөнге келтіріп, бірі Сәкен театрын тар қуысқа қалқайтып, т.т. есте қалды. Негізі еңбектері бұдан әлдеқайда көп. Тек менің жадымда жатталып қалғанын айтудамын.
Күні ертең-ақ бүгінгі күннің күйбеңі мен күнделігі тарихқа айналып, алдымызға келеді. Сол кезде Қарағандыда қазақ тілінің өркендеуіне шын тер төккен және шынайы нәтижеге қол жеткізген, тілдің қолдану ауқымын кеңейтіп, деңгейін көтерген осы азамат, осы қайраткер-басшы деп кімді айтар екенбіз?! Ойланатын-ақ мәселе…
Біздің ел болып өркендеуіміздің өлшемі тонналап жерге сіңірілген асфальт емес. Қазылып шығарылған көмір де, салынған үйлер де емес.
Енді не?!
Ол – бір тудың астына ойланбай сапқа тұратындай тәрбиеленген жас ұрпақ. Ол үшін бізде балабақша мен мектеп жүйесі мемлекеттік тіл мен ұлттық дәстүр негізінде қалыптасуы тиіс. Сонда біз олардың бойындағы біртұтас биік руһқа, адамгершілік ұстанымға, «Елге», «Тілге», «Жерге» деген құрметке, «Бабалар аманатына» деген адалдыққа үміт ете аламыз. Сонда біз технологиялар мен дайын өнім үшін шетелге телмеңдемес едік.
Бұрынғы басшылардың жасы менен үлкен болатын. Қарыз-парызын өздері біледі және аға буын айтатын шығар дейтінмін. Сөйтсем, ол кезде әкімдікке өзі жазылып, не шақырумен барған адам, әдетте пәтер, қызмет, машина, т.с.с. сұрайды екен ғой. Кеңестік өмірдің жазылмаған заңы солай болыпты. Кейін бұл үрдіс Тәуелсіздік кезінде де жалғасты. Өйткені бәрін облыс пен қала басшысы қолында ұстап, өздері тарататын. Ештеңе сұрамаған адам ақымақ, алаңғасар көрінетін.
Бүгінгі басшылықтағы жігіттерден менің жасым үлкен. Әкімдік ғимаратына сирек те болса жұмыспен кіріп-шығып жүремін. Сонда үлкен кабинетке кіріп барып, бірдеңе сұрағым келеді де тұрады. Аса зәру бұйымтайым бар. Соны бүгін жария айтсам деймін.
Сонымен:
«Азаматтар! Қарым-қабілеттерің зор, біліктіліктерің жоғары, нағыз дер шақтасыңдар. Биліктің киелі тұтқасын пайдаланып қалыңдар. Күні ертең ауысасыңдар. Басқа толқын келеді.
Қазақ тілі мен руһының тоғызыншы_аймақтағы мәртебесі мен деңгейін бірінші орынға шығару сіздерге көбірек байланысты. Ол үшін ең әуелі билік дәліздерінде шүлдірлеген қаракөздерді қызметтен қысыңыздар. Содан соң қалғаны өздері жөнге келе бастайды.
Осы жолда біз сіздерден азамат ретінде адалдық, жігіт ретінде жігер, мемлекеттік қызметкер ретінде қайраткерлік күтеміз». Іске сәт! 

Болат  Кенелұлы Сыздық

«Bolashaq» академиясының профессоры, заң ғылымдарының кандидаты. Құқықтық-экономикалық зерттеулер орталығының жетекші ғылыми қызметкері. 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Митинг жайындағы заң қалай қабылдану керек

Жұм Мам 1 , 2020
Оқылды: 2  349 http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар. Ашық түрде жұрттың талқысына ұсынып жатқан «Қазақстан Республикасында бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңы бойынша көпшіліктің әлеуметтік желідегі пікірі үшке бөлінді. Алғашқысы, өмірінде заңдардың бетін ашып көрмеген, үкімет ұсынған заң жобаларын кезекті бір науқан ретінде көретін көпшілік қауым кім […]