Қазақ журналистерінің Түркияға сапары

Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы бастаған делагация Түркияның екі бас қаласы Анкара мен Ыстамбұлға барып, маңызды кездесулер өткізді. Соның ішінде заманауи құрылғылармен жабдықталған Башкент ауруханасына барды.

Түркиядағы Башкент ауруханасына дертіне дауа іздеп келетіндер көп

Биыл құрылғанына 10 жыл толып отырған Түркітілдес журналистер қоры делегациясының 6 күнге созылған сапары Анкара қаласынан басталды. Әуелі Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ) бас хатшысының орынбасары Саит Юсуфпен кездесу өтіп, Қазақстан мен түркі елдерінің мәдени, тарихи құндылықтарын насихаттау, алдағы уақытта бірлесе атқарылатын жобалар жайы айтылды.
Содан соң Башкент ауруханасына, университетіне, кітапханасы мен гастрономиялық акадамиясына экскурсия жасалды. Заманауи құрылғылармен жабдықталған ауруханаға әлемнің түкпір-түкпірінен дертіне дауа, еміне шипа іздеген жандар келеді. Медициналық мекеменің негізін қалаушы Мехмет Хаберал Түркияда алғаш рет бүйрек алмастыру отасын жасаған. Ол 1832 бүйрек және 344 бауыр трансплантациясын жасап, 20-дан астам республикалық және халықаралық ғылыми конференциялар ұйымдастырған. Бүгінде Башкент ауруханасы әлем бойынша озық технологиялық білім мен мол медициналық тәжірибені қажет ететін көптеген күрделі ем-дом жасаудың анықтамалық орталығына айналды десек артық айтқандық емес.
Таяу Шығыстағы ең ірі және медициналық жағынан ең дамыған ауруханада жыл сайын 3 млн-ға жуық науқас емделеді. Оның 100 000-ы ауруханаға жатқызылып, ем қабылдайды. Мұнда 8500-ден астам дәрігер жұмыс істейді. Олар үнемі біліктілік арттырып, енгізіліп жатқан жаңашылдықтардан хабардап болып отырады. Медициналық қызметтердің сапасы, пациенттердің жағдайы, құқығы мен көңіл-күйі – әрқашан басты назарда. Сондықтан да аталмыш медициналық мекемеге деген халықтың сенімі зор.
Ал университеттегі 12 факультетте 18 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Журналистика факультетінде оқып жатқандар телестудияларда түрлі бағдарламалар түсіріп, өзіндік радиоларында да тәжірибе жинақтай алады. Бейнелеу өнері, дизайн және сәулет факультеті болса – мәдениетке және өнерге жаңа көзқарас әкелетін, бұрынғының асылы мен заманауи трендтерді ұштастыра білетін шәкірттерді дайындайды. Инженерия факультетінде машина жасау, өнеркәсіптік және биомедициналық инженерия салаларында озық білім беріледі. Ғылым және әдебиет факультетінде мәдениет, әдебиет, қоғам және түрік тілі салаларында білікті кадрларды дайындайды. Студенттер кәсіби ағылшын тілі курстарынан басқа таңдау пәні ретінде неміс, итальян, португал, қытай, жапон сияқты басқа шет тілдерін де оқи алады.
4 қабаттан тұратын 12500 шаршы метр аумақты алып жатқан кітапхана Түркиядағы ең ірі руханият ошақтарының бірі. 24 сағат бойы жұмыс істейді. 345 мың кітап, 319 мың онлайн кітап бар. Ал студенттер үшін білім алып, біліктілік арттыруға толыққанды жағдай жасалған гастрономиялық академияда шоколадтың 18 түрі жасалады екен. Онда оқуға түскен жастар түрлі ас әзірлеуді ғана емес, қонақүйде, мейрамханада қалай жұмыс істеу керектігін кәсіби түрде үйренеді.
Қор делегациясы «Canal B» телеарнасының редакциясына да бас сұқты. Бұл арна 2004 жылы құрылған. Қазіргі уақытта 15 журналист жұмыс істейді. Күн сайын 6 сағат тікелей эфирге шығады. Күнделікті жаңалықтар мен саясатқа басымдық берілген. Балаларға, әйелдерге арналған бағдарламалар бар.
Ең маңызды кездесулердің бірі – Түркия мәдениет және туризм вице-министрі Надир Алпарсланмен болды. Кездесу барысында Қазақстан-Түркия арасындағы достық-бауырластық қарым қатынасты нығайта отырып, мәдениет пен туризм саласын насихаттауға көңіл бөлу, Қазақстаннан Түркияға келетін туристер санын арттыру және түріктер еліндегі туристік мекендер туралы барынша мол мағлұмат беру, Түркітілдес журналистер қорымен бірге туризмге қатысты ортақ жобалар жасау туралы әңгіме өрбіді.
3 күнде Анкарада болған кездесулерден соң Түркітілдес журналистер қорының делагациясы Ыстамбұлға табан тіреді. Бұл жақта көне шаһардың көрікті жерлерін аралап, ерекше демалып, бір серпіліп қайтты. Қор алдағы уақытта да қазақ журналистеріне, баспасөз хатшыларына, пиар менеджерлерге, университеттердегі журналистика факультеттерінің оқытушылары мен студенттеріне арналған Орталық Азия, Түркия, Еуропа және АҚШ елдеріне жобалар ұйымдастырады.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Жаңа оқу корпусының берілуі – QyzPU үшін тарихи оқиға

Сәр Қыр 18 , 2024
Оқылды: 151 Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне мемлекет тарапынан жаңа ғимарат заңды түрде пайдалануға берілді. Бұл туралы университет ректорының міндетін атқарушы Еркін Дүсіпов БАҚ өкілдерімен кездесуде айтты. 2024 жылдың 18 қыркүйегінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Журналистерге жоғары оқу орнының ғимаратында тур өткізіліп, зертханалар, […]