Қазақ елі қайда барады?

Өткенде билік қаржысын қайда жұмсарын білмей отырғандай, елтаңбаны ауыстыруды Құрылтайда Президентке айтқызып еді.

Жазда өртке ие бола алмайды, қыста жылыту қазандықтары, құбырлары қатады, көктемде суға қарық боламыз. Күзде не егіні орылмай, су жетіспей, жинаған өнімін, баққан малын дұрыс бағаға сата алмай шаруалар шығынға батады.

Қазіргі таңда электр желілері де ескірген. Қатты жел тұрса, боран соқса, көктемде су кірсе жарық өшіп қалады. Осылай отыра берсек, бір күні онда да апат болады. Аудан-қалаларда электр энергиясына ие болып отырған жеке компаниялар өздері байыды. Алайда ешқандай жаңарту жұмыстарын жүргізбеді. Билік оларды неге қадағаламайды?

Біздегі ұялы байланыс операторлары тұтынушыдан сұрамай тарифті жылда көтереді. Антимонополияда нағашысы отырғандай еркелейді. Ойларына келгенін істейді. Оларға да ешқандай шектеу жоқ.

Ал үкімет басындағылар кабинетте отырып алып, осы келеңсіздіктерді реттеудің орнына басқа мәселе жоқтай бүкіл бюджеттің жартысына елтаңбаның суретін салғысы келеді.

Ау, одан да халыққа күнкөріс ретінде үлкен қалаларда аяқ алып жүргісіз қоқысты, шикізатты өңдейтін, басқа да қажетті зауыттар салып, ірі зауыттарға ауаға, суға, айналаға улы газдар мен ауыр металлдар шығарылмайтындай жасап, ауылдарда мал өнімдерін өңдейтін, өсімдіктерден түрлі өнімдер шығаратын шағын шеберханалар ашсаңыздаршы.

Не қазақ тілін дамытуға мән беріліп жатқан жоқ. Керісінше орыс тілі басымдыққа ие болып барады. Қазіргі жасанды интеллект, нейрожелілер, жаңа технология дамып жатқанда, тілімізді өркендетуге осындай тың әдістерді неге қолданбайды? Цифровизация министрлігі IT компаниялардың әлемдік деңгейде зор табыстарға жетіп жатқанын айтып мақтанады. Онда неге, сол комапниялар қазақ тілін дамытуға күш салмайды?

Тағы жемқорлықты өршітетін “мемлекеттік сатып алу”,-деген бәле бар. Шамасы келмейтін компаниялар тендерді ұтып алады. Оны тағы өздері істемей өзгелерге сатады. Сөйтіп жүргенде соттасады немесе ақшасы жетпей нашар дүние жасалады. Ал басында жоспарланған халыққа қажетті іс аяқсыз қалады. Осындай себептерден өткен жылдары кейбір су қоймалары да салынбай қалыпты. Міне, қанша жыл болды ештеңе жасалмады не өзгермеді, әлі жалғасып жатыр.

Білім, медицина, экономика, заң, шаруашылық салалары болсын, қайсын алсаңыз дв былыққа батқан. Қанша айтылғанмен ғылым-білімге аса мән берілмей келеді. Үлкен қалаларда ғылыми орталықтар, ғылыми кеңестер құрылып, сондағы жиындар, тың еңбектер, соны ой-пікірлер халыққа көрсетіліп, неге талқыланбайды? Ақпарат құралдарында ойын-сауық, шетелдік сериалдар, одан қалды Президент аппараты сызып берген халыққа керексіз саяси тақырыптар насихатталады. Президенттің, үкімет басшылары, министрлер, әкімдердің жүрген-тұрғаны көрсетіледі. Одан да қандай ел боламыз, болашақты қалай жасаймыз?-деген мақсатта ғалымдардың зерттелген туындылары, ой-пікірлері көпшілікке неге ұсынылмайды? Мемлекет басшысының айтқан тапсырмалары оның жүріп-тұрғанын көрсетумен емес, ғалымдардың білімін, мүмкіндігін пайдалана отырып, неге жүзеге асырылмайды?

Кедейдің баласы:

– қарным ашты,-десе, бай баласы:

– үйіңе барып, бауырсақ жемейсің бе?-депті. Ол қайдан білсін, кедейдің үйінде бауырсақ жоғын. Сол сияқты біздің биліктегілер де қарны тоқ, киімі көк болған соң, елдің жағдайын білмейді. Билік ел эконоикасын көтерудің орнына бар білетіні, ұлттық қорға және зейнетақы қорына түскен қаражатты жұмсау, өзге елдердің қаржы ұйымдарынан қарыз алу және оны шашу. Айтыскер ақын ағамыз Серік Құсанбаев айтып еді: –

Шенеуніктер мен Парламент депутаттары халықтың орташа күнкөрісі деңгейінде жалақы алуы керек. Сонда халыққа не керегін түсінеді,-деп. Серік ағаның сөзінің дұрыстығы мағынасыз шешімдер қабылданғанда, анық көрініп жатыр. Сонда ол жерге тек ел жанашырлары барар ма еді?

Мұндай келеңсіздіктің бәрі біздегі оппозициялық партиялардың қалыптаспағанынан болар, билікке қарсы айта алатын және маңызды шешімдерді қабылдата алатындай. Халыққа қажетті осындай маңызды шаруалар шешілгенше, белгілі уақытқа дейін, ол жүзеге аспаса да ештеңе өзгере қоймайтын мәселелерге қаржы бөлуге тыйым салу керек шығар. Сондықтан жоғары айлық алатын депутаттар, министрлер, департамент, түрлі мекеме басшылары су алып жатқан аймақтарға бір айлығын аударсын. Олар да елдегі жағдайды шынайы сезінсін. Өздерінің жіберген қателіктерін басшылар өздері де мойнымен көтерсін.

Өзі жылда негізгі қаржы Ұлттық қор мен зейнетақы қорынан жұмсалады. Оның өзі жетпей жататын. Былтыр жылыту қазандықтары мен құбырлар жарылып, оны Ресей жөндейтін болды. Ресей компанияларының технологиясы да, техникасы да ескірген, жаңасын алуға санкцияда отыр. Олар қалай салады, түсініксіз? Оған да қомақты қаржы керек. Енді халықтың бүлінген дүниесін өтеу керек. Оған қоса су қоймаларын салу қажет. Бізде көп қаржы елтаңбаны ауыстыру сияқты маңызсыз дүниеге жұмсалады. Сонан соң шетелдік қаржы ұйымдарына есепсіз қарызға кіреді.

Ақбота Қазкенова 

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті 

Филология факультетінің 3 курс студенті

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Түрік ағайындар су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсетті

Жек Сәу 7 , 2024
Оқылды: 871 «МУСИАД ҚАЗАҚСТАН» – тәуелсіз тауар өндірушілер және кәсіпкерлер ассоциациясы» ҚҚ су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге ағайындық көмек көрсетті. «МУСИАД ҚАЗАҚСТАН» – тәуелсіз тауар өндірушілер және кәсіпкерлер ассоциациясы» ҚҚ-ның басшылығы мен мүшелері су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жөнелтті. Қайырымдылық шарасы Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Эврен […]