Он бір жасар қарағандылық Асылайым Болатқызы Шөмішбай Сариевтің сөзіне жазылған Кеңес Дүйсекеевтің «Сәлем саған туған ел» әнін орындап, Түркиядағы «Мен де жұлдыз боламын!» Халықаралық байқауына жолдама алды.
– «Мен де жұлдыз боламын!» үш турдан тұрды. Біріншісі қазан айында онлайн форматта болды. Оның қорытындысы бойынша біз желтоқсан айында өткен жартылай финалға өттік. Финал 25 қаңтарда Алматыда өтті. Асылайым екі жылдан бері Кеншілер мәдениет сарайы жанындағы «Шабыт» үйірмесінде вокалмен айналысады. Түркияда байқау маусым айына жоспарланған, бірақ бәрі эпиджағдайға байланысты. Ұйымдастырушылар бізге қандай ән дайындау керектігін айтады, – деді «Шабыт» үйірмесінің жетекшісі Ерболат Маханбет.
Бұл Асылайымның алғашқы жеңісі емес. Ол көптеген халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты. Жас дарынның жетекшісі Ерболат Маханбет те марапатсыз қалған жоқ. Ұстазға ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс хат табыс етілді.