Қарағандыда белесебетпен бел аса алмайсың

Қазір қаладағы көше жолдарына қарасақ, жастардың көбі, тіптен, үлкен кісілер де белесебет, самокатпен жүреді. Халық айтса, қалт айтпайды. «Соқпақ жолда (тротуарда) «қай жерден тік жиектас (бордюр) кездеседі екен?», «күре жолда қай жағыңнан автокөлік шыға келеді екен?» деп алаңдаймыз. «Жүрдек көлігіміз қара жолдың үстінде амалсыздан үркек көлікке айналады»,-дейді белесебетшілер.

Қарағандыда самокат, белесебет, мүгедектер арбасы, балалар арбасы жүретін арнайы жолдар жоққа тән. Ал жаяулар жүретін соқпақтардың (тротуарлардың) көпшілігінде бұрылыстарында, мініп-түсетін, кіретін-шығатын жолдарында пандустар жоқ. Жайлылық үшін, ең әуелі, жоғарыда аталған көліктер жолға түсіп, шыға алатындай жиектастарды көлбеу орнату керек. Бұл ұсынысты журналист, ағылшын тілінің маманы, велосаяхатшы Ернат Мелсұлы атап өтті:

– қазір, жалпы Қазақстан қалаларында, оның ішінде Қарағандыда белесебетпен, өзтеппен (самокат) жүретіндер қатары еселеп артып келеді. Осы кезде құзырлы мекемелер, жекелеген басшылар бұл үдеріске мән беріп, нақты іс-шаралар қабылдауға дереу кіріскені жөн. Дәл қазір шұғыл қолға алып, жасап тастайтын жақсы бір іс бар. Қаладағы жаяу адамдар жүретін жолдардың мініп-түсетін жеріндегі барлық тік жиектастарды көлбеу етіп қайта қойса, бұл да қазір жүріп жүрген белесебетшілер үшін ең пайдалысы болар еді.

Ернат Мелсұлы еліміздің 4 қаласын – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Түркістанды – велоқала екенін айтып, былай дейді:

– Енді Қарағандыны велоқалаға айналдырсақ, дер кезінде қолға алынған әрі тұрғындардың саулығы, күнделікті тұрмысы үшін қолайлы шешім болар еді. Қарағанды-серіктес қалалары ең көп шаһар. Бұны қаламыздың артықшылығына жатқызсақ та болады. Майқұдық, Теміртау, Пришахтинск, Абай, Саран, Топар, Шахтинск, Шахан қаласы бар. Осы 8 қаланың арасына велотрасса салып тастаса, керемет жоба болары сөзсіз. Бірақ әзірге тым құрығанда, Бұқар жырау даңғылының екі қапталына веложол салынса, соның өзі белесебетшілерге үлкен демеу. Солай жыл сайын жалғастыра берсе, өркениет жолына түсіп кетер едік. Егер белесебет жолдары салынса, белесебетшілер көбейеді. Онда халықтың денсаулығы жақсарады, түтін азаяды, адамдардың көңіл-күйі көтеріңкі болады, ақшасы мен уақытын үнемдейді. Велобекеттер орнатылса, оны тұтынушылар қатары сөзсіз көп болады да, бюджетке қосымша ақша түсе бастайды. Жеке белесебет сатып алушылар саны артып, белесебет пен бөлшектерін сату, техникалық қызмет көрсету саласы дамиды, жаңа жұмыс орындары ашылады. 

Ернат Мелсұлының сөзін шәкірті, велошабандоз, Теміртау қаласының білім бөлімінің мемлекеттік тіл және шет тілінің әдіскері Айбек Клим де қоштады:

– Қарағанды, Теміртауда көшеде жүре қалсаң, жолдағы жиектастар тым биік, оған мініп-түсетіндей ыңғайлы көлбеу пандустар салынбаған. Тік жиектастарға келгенде белесебеттен түсіп, жаяу өтіп, көлігіңе қайта отыруға тура келеді. Осы сынды жолдардың мұң-мұқтажын тізіп, белесебетпен жүргенді сүйетін жандар бірігіп, әкімге хат жазбақшымыз. Жалпы белесебет тебу мәселесіндегі ең жеңілі, біріншіден – қоғамдық орындардың алдына арнайы велотұрақ жасау керек. Оған тек жақсы дәнекерлеуші маман мен ескі темірлер болса жеткілікті. Сол темірлерді бір-біріне жалғап, кейіннен бояп, сырлап қойса керемет белесебет қоятын тұрақ бола қалады. Сондай-ақ кей мекемелердің алдынан өткенде жолға төселген тастардың (брусчатка) бірі бар, бірі жоқ, сынған тастардың үстімен жүру тым қиын. Осындай жолдар қажытып-шаршатып, денең ауырып кетеді. Ғимарат кімге тиесілі, соған өз ғимаратының айналасын, соқпақ жолдың осындай кемшілігін жөндету керек.

Белесебетпен жүргенде көлікпен жүргендей жауапкершілікті сезінесіз, сонымен қоса жол таңдайсыз, кәдімгідей. Астымыздағы көліктің техникалық қауіпсіздігін ойлап, барынша тегіс жолмен жүреміз. Сондай жақсы жолдарды іздейміз. Жақсы жолмен жүру үшін алдын ала жоспар да құрып аламыз. Қала ішіндегі жаяу жүргіншілерге арналған жолда белесебет мінгендер де, өзтепті тепкендер де жүре береді. Бұл өте қолайсыз, әрі қауіпті. Дегенмен де, амалсыздан сол соқпақтармен жүреміз. Егерде жол нашар, не жүргіншілер көп болған жағдайда автокөліктерге арналған үлкен жолдарға шығамыз.  Әйтсе де, ереже барлығына ортақ. Сондықтан ережені бұзбауға тырысамын. Жолдың келесі бетіне жаяу жүргінші жолы арқылы өткенде белесебетімді көтеріп, жаяу өтемін, автокөліктердің жолында оң жаққа бұрылатын болсам, оң қолымды, солға бұрылатын болсам сол қолымды көтеремін. Мұның барлығы белесебет жүргізушінің жолда жүру ережесіне жатады.

Шынында да, «Жол азабы – жан азабы» демекші, жоғарыда атап өткендей кедір-бұдыр жолдармен, ыңғайсыз жиектастармен жүргенде белесебеттің дисктері майысып, жүргізушінің белі қайысып кетеді. Осындай ойлы-қырлы жаяулар жүретін жолда тастан-тасқа ытқыған таутекедей секіріп, белесебетке бір мініп, бір түсіп, арасында жаяу жүріп, барар жерге жеткенше, спорттың бар түрімен айналысып барамыз.

Бұл айтылғандарға қоса Қарағанды қаласының тұрғыны, қоғам белсендісі Эльмира Сайлау да өз ойын айтып өтті:

– өткенде көше бойында келе жатқанымда  оқушы бала самокатпен қағып кетті. Құлап жарақат алып, ауруханадан бір-ақ шықтым. Кімнің дұрыс, кімнің бұрыс жүргенін анықтай алмадық. Себебі жаяу жүргінші жолы екеуімізге де ортақ еді. Қазіргі таңда қаламызға самокат пен белесебет жолдары ауадай қажет. Себебі, үлкен-кішінің бәрі оларды қолданып жүр. Уақыт озған сайын мұндай көлікпен жүретіндердің көбейіп келе жатқанын да айтпасқа болмайды. Бұл әрине, жақсы үдеріс. Белесебеттің бір артықшылығы қазіргі індеттің таралмауына да септеседі. Қоғамдық көлікте кісі саны көп болып, лық толып тұрғандықтан вирустың таралу қаупі арта түседі. Ал белесебетпен бір өзің жүретіндіктен, қауіпсіздік сақталады. Мен өзім де кейде қала ішінде белесебетпен жүремін. Қала ішінде белесебетпен зырлап келе жатқанда, жолдарды жатқа білмегендіктен кейде жиектастарға соғып та аламын. Сол кедергілерден секіріп өтеміз, жаяулап өтеміз, әйтеуір амалдаймыз. Белесебетші таныстарымның пікірінше:

– автожолда автобус не ауыр жүк көліктері қара жерді солқылдатып қасыңнан зу етіп өткенде, «Сақтай гөр!»-деп Құдайыңды еске аласың. Ауыр көліктерден құтылып, есіңді енді жиғанда әттеген-ай, деп әкімдер мен осы жолға жауапты басшыларды еске аласың», – дейді. Өз басым автокөлік жолымен белесебет тебуге қатты қорқамын. Зымырап жатқан көліктердің арасына түскім келмейді. Белесебетім тік жиектастардан секірсе де, оны сүйретіп жаяу жүрсем де, жаяулар соқпағымен жүремін. Сондықтан да бұл мәселені ескерусіз қалдырмаған жөн деп ойлаймын.

Арнайы белесебетпен жүретін жолдар болмауы салдарынан жуырда ғана Саран қаласындағы тасжолда әскерилердің көлігімен соқтығысқан белесебетші қаза болды. Оқыс оқиға 27-мамырда болған. Осындай жағдайлар қайталанбас үшін бұл мәселе қалай шешіледі?- деген сұрағымызға Қарағанды қаласы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әлібек Дүйсембеков жауап берді:

– Белесебет жолдарын жайластыру автомобиль жолдарын салуға және күрделі жөндеуге арналған жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезінде ескеріледі. Белесебет жолдары Сарыарқа, Дүйсембеков көшелері, Шахтерлер даңғылы бойында орналасқан. Арнайы орташа жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру мүмкін емес, себебі жөндеу жұмыстары бар тарапта жүргізіліп жатыр. Пандустарға келетін болсақ, автомобиль жолдарын жөндеу кезінде жаяу жүргіншілер соқпақтарында көлбеу жиекастар орнатылады.

Өткен жылы Елордада 45 шақырым веложол салыныпты. Алдағы 3 жылда 130 шақырымды құрайтын белесебет жолын салу жоспарланған екен. Нұр-Сұлтан қаласының көшелерінде арнайы велостансалар да бар. https://egemen.kz/article/234522-nur-sultanda-3-dgyl-ishinde-130-km-velodgol-salynady

Алматы қаласындағы веложолдың ұзындығы да 100 шақырымға жетеді. Түркістан қаласында да 20 шақырымдай белесебет жолы сайрап жатыр.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Бекен Қоныстың айтуынша: Шымкент қаласында белесебет, өзтеппен (самокат) жүретін адамдарға арналған арнайы 20 шақырымдық жолақ салынған. Қаланың оңтүстігі мен солтүстігін қосып тұрған А.Байтұрсынов көшесінің бойында, батысы мен шығысын жалғаған Тәуке хан даңғылы мен Түркістан көшелерінде осы аталған арнайы жол жалғасқан.

– Алматы мен Шымкент қалаларында көп жолақты көлік жолдарының оң жақ жолағы кеңейтіліп салынған екен. Яғни, жол шеті арнайы сызықпен сызылып, жолақтың өзі бөлек түске боялған. Сол арнайы  жолақпен белесебетшілер жүреді. Арнайы жолдар салынғанға дейін, әзірге (ол салынғанша) жолдардағы жолақтарды сызып беру көп қаражат жұмсауды да қажет етпейді,- дейді әлеуметтік желіде Бақытбек Егінбайұлы

Қазақстанның дәл кіндігінде жатқан Қарағандыда мұндай жолдар қашан салынады? Осындай ілкімді істі жүйрік уақыттың еншісіне жүктей бермей, кедір-бұдыры көп, кедергісі мол жаяулар жолын қалыпқа келтіріп, арнайы веложолдар салу қажет. Қара алтынның ордасында белесебетке арналған веложол салынса нұр үстіне нұр болар еді. Қайткенде де қыруар қаржы шығарып, халықтың игілігі үшін салынған жолды көздің қарашығындай сақтау кім-кімнің де басты міндеті. Сол себепті де құзырлы органдар жоғарыдағы ұсыныс-пікірлерді қаперге алып, назарларынан тыс қалдырмаса игі дейсің.

Веложол да салынар Салмасқа амал жоқ,.. Себебі белесебетшілер күннен-күнге көбейіп келеді Сондықтан Ернат Мелсұлы велошабандоз ретінде белесебет тебетіндер есінде сақтауы тиіс ережені атап өтті:

Сақ жүрсең, сау жүресің

Белесебетшілер қағидасы

  1. Жауапкершілік – өз-өзіңді қорғау, айналаңа шаңның тозаңындай болсын зиян келтірмеудің ғажап үлгісі. Белесебетті тізгіндеп, өзтеппен (самокатпен) зымырайтындардың ең үлкен жауапкершілігі — өзінде. Сіз осы құралдарға тақымыңызды артқанда, мойныңызға өзіңіздің және айналадағы адамдардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік қоса артылады. Нақтылап айтар болсақ, сіз белесебетпен немесе өзтеппен жолға (қала ішінде немесе елдімекендер арасында) шыққанда, кез келген көлік түрі секілді автокөлік жүргізушісімен теңесесіз. «Мен белесебетпен немесе өзтеппен жүрмін, бұл арнайы көлік түріне жатпайды» -деп босаңсуға, жауапкершілікті азайтуға немесе одан қашуға болмайды. Жеке қисын тұрғысында да, заң бойынша да талап бірдей.
  2. Жаяулар жолымен (аулада, көшеде, тротуарда) жүргендегі ең басты критерий – адамдарды қағып-соғып кетуден сақ болыңыз! Байыппен, салмақты қалыппен мәдениет сақтап, ілтипатпен өткеніңіз абзалырақ! Қауіптің алдын алу мақсатында, алыстан дыбыс белгісін беріп, жаяу жүргіншіні сақтандырыңыз. Белесебетшінің осындай қарапайым адамшылық қағидасы болуы шарт.
  3. Жаяулар жолымен аулада, көшеде, соқпақ жолда жүргенде, ең басты критерий – жаяу адамның жанынан өткенде оны қақпасаңыз да, зәресін ұшырмай,  зымырамай, зуылдамай, жүйткімей, шошытпай, тіпті селт еткізбей өтіңіз. Мұндай адамшылық шарттарды әр белесебетші ескеру керек. Алыстан дыбыс белгісін беріп, келе жатқаныңызды алдын ала білдіріңіз.
  4. Жолда жүргенде жарыспаңыз. Жарысу адамды бейғамдыққа ұрындырады. Біреуді соғып, қағып кеткеніңізді байқамай қаласыз.
  5. Белесебетшіге жол ережесі бойынша жолдың оң жақ шетімен жүруге болады. Рөліңіздің шетіне айна орнатып алсаңыз құба-құп. Артыңызда келе жатқан көліктерді байқап отырасыз. Әзірге айнаңыз болмаса, сол жағыңызға жиі қарап, көліктердің жүріс-тұрысын қадағалауға алыңыз.
  6. Алдыңыздан тік жиектас кездессе, тежегішті басып, асықпай түсіңіз. Бұл белесебетіңіздің өмірін ұзартады, камераларын жармай, ұзаққа сақтайсыз. Әр тарсылдатқан сайын зиян көбейе береді.
  7. Белесебетке отырған адам жолда жүрудің әдебін өзге белесебетшілерге айтып, ескертіп, насихаттап жүруі керек. Сонда қоғамда белесебетпен, өзтеппен жүру мәдениеті қалыптасады. Өз қауіпсіздігіңізді қамтамасыз етудің – қарапайым, төте жолы осы. Әрине бұл белесебетпен, өзтеппен қалай болса солай жүретін есерлерді жауапкершіліктен босатпайды. Бірақ «Сақтансаң – сақтайды» деген тәмсіл бар емес пе?!

Белесебетпен бел ассақ та,  өзтеппен желдей жүйткісек те, қауіпсіздігімізді сақтап, өз өмірімізге құрметпен қарайық!

Арайлым Оңғарқызы Берікбай

Академик Е.А.Бөкетов атындағы

ҚарУ-нің филология факультетінің

3-курс студенті

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Жаңаарқада жаңа үйлер салынды

Жек Мау 13 , 2021
Оқылды: 1  152 «Нұрлы жол» бағдарламасымен Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында салынып жатқан үйлер өз тұрғындарын қарсы алып жатыр. Жаңаарқа ауданының құрылыс бөлімі мемлекеттік мекемесінің Жаңаарқа ауданы аймағында атқарылып отырған жұмыстары туралы мәліметтерге сүйенсек, 2017 жылдың басынан Жаңаарқа ауданы, Атасу кенті, «Жаңа-Нұр» ықшам ауданынан 12 екі қабатты көп пәтерлі тұрғын үйлер салынды, […]