АЛАШОРДА ҮКІМЕТІНЕ 100 ЖЫЛ!

Биыл Алашорда үкіметіне 100 жыл толады. 1917 жылдың 5-13 желтоқсан аралығында Орынбор қаласында өткен Екінші Жалпықазақ-қырғыз сиезіне қазақ даласының әр аймағынан жиналған 82 делегат ішінен 15 адамнан тұратын Алашорда ұлт кеңесі, яғни үкіметі құрылды. Егер осы күні Алаш қозғалысына қатысы бар 940 адамның есімі мәлім болса (Е.Тілешов, Д.Қамзабекұлы), солардың ішінде біз алдымен 15 Үкімет мүшесін тиянақты танып білгеніміз абзал дер едік. Олар – бүгінгі тәуелсіз Қазақ елінің негізін қалап кеткен тарихи тұлғалар. Олар – кеңестік қызыл қырғында қуғын-сүргінге ұшыраған шаһид жандар. Өздері ғана емес, бала-шағасы, туған-туысқандары да репрессияны бастан кешкен қайраткерлер.
Осы күні Терещенко үкіметі, Қажыгелдин үкіметі, Балғымбаев үкіметі, Мәсімов үкіметі деп біліп жатамыз. Тіпті түрмедегі үкімет деп бас-басына дейін тізіп қойдық. Ал Әлихан Бөкейхан үкіметі дегенде тарихшы, алаштанушы маман болмаса, қалың қауым оның құрамына кімдердің кіргенін атай алмайтыны мәлім. Әзірбайжан астанасы Баку қаласында 1918-1920 жылдар аралығында құрылған Әзірбайжан Демократиялық Республикасына арналған монумент бар. Ол жерде үкімет тарихы, құрамы көрсетіліп жазылған. Астана төрінде Алашорда үкіметіне де сондай белгі қойылса деп өтініш жасалғанына біраз жыл өтті. Бұл игі шара биылғы жылы жүзеге асса екен деген ниеттеміз.
Алашорда үкіметінің тұңғыш құрбаны Отыншы Әлжанұлы большевиктер қолынан қаза тауып, сүйегі өртеніп кеткенде, Міржақып Дулатұлы былай деп жазған еді: “Марқұм айтқанын қылды, елді бәлеге тастап, өзі бас амандап кеткен жоқ. Алаш жолында құрбан болды! Қызықты ғұмырының көбі абақтыда, айдауда өтті, бірақ, қымбат Отыншы, Алаштың көркейгенін көре алмай арманда кеттім деме, сендей ұл туған ел ешкімнен кем болмас. Топырағың торқа, жаның жаннатта болсын, аяулы алаш азаматы!”.
Жемқорлықты түсінде де көрмеген, ғазиз жанын қазағы үшін құрбан етуге даяр болған Алаш қайраткерлерінің асыл сөзі, жарқын ісі, қилы тағдыры кең насихатталу керек. Сонда ғана Алаш мұрасын танитын, Алаш аманатына адал жастар жетіледі. Сол күнде Қазақ елінің болашағы да баянды болады. 

Қайырбек Кемеңгер Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті

Ал, Қарағанды билігі мен халқы Алаш арыстарына қандай құрмет көрсетеді? Қаншама жылдан бері, Октябрь ауданының атын Әлихан Бөкейханға бере алмай жүрген билік, биыл қайтеді екен? Халық биліктен үміт үзген, бір Құдайдан пәрмен болмаса…

Келесі мақала

Құнанбайдың қасиетті Меккеге қажылыққа баруы

Дүй Ақп 3 , 2020
Оқылды: 1  503