Абыз ақсақал Айтағаң

Биыл Қазақ елінің республика болып құрылғанына және Ә.Бөкейханның тапсырмасымен Ә.Ермековтың Ленинмен келісіп, шекарамызды бекіткеніне 100 жыл толды. Осыған орай «Бүгінде Алаш арыстарының ізбасары бар ма»?-деген сұрақ туындайды. Бар. Ол-Қарағандыдағы Айтқожа Фазыл ағамыз.

 

http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар.

Мен, Айтағаңның өзім куә болған бір ғана ісін жазып кетсем, жағдай түсінікті болар. 2014 жылы Бауыржан Әбдішев Қарағанды облысының әкімі болып тұрғанда, жолақы қымбаттады. Мәслихаты бар, басқасы бар тиісті комиссия студенттердің автобустарда жүру жеңілдігінің бәрін алып тастады. Өзіміз де жолақы қымбаттағанға қазандай қайнап жүргенбіз. Бастамашыл бір-екі студентті мен де қоздырып қойдым:

– бірлесіп шығайық, үлкендерді де тартайық»,- деп. Студенттер ақпан айында «Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев көмектесіңіз»,- деген плакат жаздырып, алаңға алып шықты. Ол кезде көшеге шығып көрмегенбіз, тек уралап жүргеніміз болмаса. Жұмыстан енді шығып бара жатсам. студенттер хабарласты. «Қорқақтап тұрмыз. Полицейлер жиналып жатыр»,-деп. Ол екі ортада Ахметқали Халенов аға Айтағаңды ертіп келіпті. Біз де бардық. Айтағаңды көрген соң полицейлер жастарды тұра қууға аса батпады-ау деймін. Айтағаң да секеңдеген бір-екеуіне мораль оқып жіберген сыңайлы. Әйтеуір тәртіп сақшылары ешкімге тиіспеді. Тек жастардың қолындағы плакаттарын алып қойды. Бір кезде ел көбейіп кетпесін деп, бізді қаладағы мәдениет сарайының ішіне кіргізді. Артынан қалалық транспорт бөлімінің басшысы мен қала әкімінің орынбасары Ирина Любарская келді. Екеуіне:

–  қала әкімі келсін, сендер мәселе шешпейсіңдер,- деп, Айтағаң оларды қуып жіберді. Біраз уақыт өткенде қала әкімі Мейрам Смағұлов жетті. Сонда Айтағаң қала әкіміне:

– ал тыңда,- деп, жастарды сөйлеткізді. Жиналған көпшілік автобустардың ластығын, аялдамада көп тосып тұратынын, сабаққа, жұмысқа барар кезде сыймай қалатынын, қоғамдық көліктердің біраз аялдамаларға тоқтамайтынын, одан қалды жетіспейтінін айтып, әкімді біраз састырып қойды. Арасында Айтағаң бастаған үлкендер рух беріп қояды. Қала әкімі:

– мәселе шешіліп қойды,- деп еді. Айтқожа аға комиссия құрылып, мәселенің қайта қаралуын талап етті. Содан кейін қала әкіміне:

– егерде мына балалардың біреуін бөлімшеге сүйреп, бір тал шашы түссе, басыңмен жауап бересің,- деді. Ал, жастарға:

– осы бетте үйлеріңе тыныш қана қайтыңдар. Егер біреуің бірдеңе бүлдірсеңдер, осы ереуілшілерді бастаушы ретінде жауапқа тартылып, бар айып соның мойнына ілінеді,-деп қатаң ескертті. Сыртқа шықсақ, бір автобус қарулы Ұлттық ұланның сарбаздары тұр. Содан біздер қарсы келген дұшпанды өзіміз айқасып жеңгендей болып үйге қайттық. Егерде сол жерде Айтағаң болмағанда, бізді полиция қуып, артынынан бір-бірімізді көрсетіп, жастардың кеудесінде тұтанып келе жатқан патриоттық рухы мүлдем өшіп, ешқашан елдік іске атсалысуға бармайтын еді. Ал ертеңінде қала әкімі автобустарға жолақысын төлеп мініп, аралап пиар жасады. Кейіннен облыс әкімі Бауыржан Әбдішев жағдайы төмен отбасылардың балаларына қоғамдық көліктерде жүруге жеңілдік жасап, облыс бюджетінен қаржы бөлді. Бұл Айтағаң қатысып, шешкен бір мәселе ғана.

 

Оған дейінгі, одан кейінгі ереуілдер, жер митингсі, армяндармен қақтығыс, басқа да Қарағандыдағы қаншама келеңсіздік осы Айтағаңның араласуымен шешілді. Әрине ол шараларға Жексен Әбдірахманов, Темірғали Көкетаев және басқа да ел азаматтары қолдау көрсетті, ортасында жүрді. Бұл жағдайдың бәрінде Айтағаң бастаған қоғам белсенділерін, жауапты органдар маңдайынан сипай қойған жоқ. Үнемі аңдуда, қаншама кедергілер қолдан жасалды. Сондай қиын асу, өткелдердің бәрінен бұл ағаларымыз қайыспай, бүгінгі күнге аман жетті. Бұған да шүкірлік деп қоямыз. Өткенде ғана сондай жағдай Сәтбаевта да болды. Ол жерде Айтағаң, Жексен аға, Темірғали аға сияқты ақсақалдардың, ел тыңдайтын көшбасшылардың болмағанынан оқиғаның соңы келеңсіздікке ұласты. Осы жағдайлар біздің бәрімізге сабақ болу тиіс. Бүгінде халық ширығып тұр. Биліктің уәдесінен әбден шаршаған. Ертеңгі күннің қандай болатынын ешкім айта алмайды. Сондықтан Алаштың көзі тірі ізбасары ретінде, Айтқожа Фазыл, Жексен Әбдірахман, Темірғали Көкетаев сияқты тұлғалардың, сөзі бәтуалы ақсақалдардың, өңірдегі өзге де ел ағаларының потенциалын дұрыс пайдаланайық, атқарған істері ақпарат құралдарында насихатталсын. Тарихшылар зерттеп, ғылыми жұмыстарын қорғасын. Әлеуметтанушылар бар жағдайды сараптап, сол сараптамалардың пайдалы тұсын халыққа ұсынсын. Халық білсін, кімнің кім екенін. Ертеңгі күні қызуқанды, белсенді, болашағынан үміт күттірген жастардың бар дүниені төңкеріп тастағанынша қарап отырмай, ел ішіндегі беделді азаматтар арқылы сөзге тоқтайтын, тоқтататын жолын қарастыру қажет. Ашулы күйдегі ереуілшілерді қуғын-сүргінге ұшыратып, қылмысқа итермелеу, бейбіт митингінің ақырын қақтығыспен аяқтау ешкімге абырой әпермейді. Полицияны халыққа жеккөрінішті қылып, көрінген жерге сала беру дұрыс емес. Елімізде полицияның абыройы, имиджі мүлдем, ең төменгі деңгейде. Себебі бар былықтың ортасына тәртіп сақшылары жіберіледі. Ол бауырларымыз да бұйрық қатты болған соң, ұялмай, ата-анасындай жазықсыз жандарды сүйрелеуден тайынбайды. Шетелде полицейлер қиналғанға жәрдем беретін, жағдайы мүшкіл адамның көмекшісі іспетті. Бізде ғана ол «айдапсалдың» қызметін атқарып жүрген. Сондықтан елге тұтқа болатын ағаларымыздың тәжірибесін бейбіт күнде көпшілікке таратайық. Ел ішінен осы кісілердің ізін басатын, ісін жалғастыратын, билікке де, халыққа да сөзі өтетін азаматтарды іздеп табайық, қалыптастырайық. Ол ағаларымыз да келеңсіздіктер болғанда барлық тарапты бітістіріп, ертедегі билердей ел ағасы ретінде дұрыс шешімді жолын айтсын. Конфликт болғанда халық ол кісілерді тыңдау үшін, бейбіт кезде сондай ақасалдарымызды елге насихаттайық. Бүгінде ел ішінде билікке деген наразылық күшті. Кез-келген сәтте дүр ете қалуы мүмкін жағдайлар елде жиі кездеседі. Ал, сіздер қалай ойлайсыздар?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Қарағанды университетіне жаңа ректор тағайындалды

Сәр Там 26 , 2020
Оқылды: 2  389 Бұған дейін Парламент Мәжілісінің депутаты болған Нұрлан Дулатбеков «Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті» КеАҚ-ның Басқарма төрағасы-ректоры болып тағайындалды, – деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар. Жаңа басшыны ҚарУ-дың профессор-оқытушылар құрамына Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов таныстырды. Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков […]