«Гаухартассыз» ғұмырым да кинодай

Өнегелі ғұмыр

http://aimaq09.kz/  өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар.

Алма Андарбаева
Фотода Алма Андарбаева

Сіздер режиссер Шәріп Бейсембаевтың атақты «Гаухартас» фильміндегі Салтанаттың роліне ең алдымен кімді таңдағанын білесіздер ме? Ал мен білем, ол – белгілі күйші, Қазақстанның Халық артисі Әзидолла Есқалиевтің қызы, қазақтың алғашқы кәсіби виолончелисі, өмірден ерте кеткен талантты музыкант Кенжебай Андарбаевтың жары Алма Андарбаева. Киноны емес, отбасын таңдаған Алма апай киносынақтан өтсе де рольден бас тартыпты. Өнерлі отбасында туып, тағы бір өнерлі шаңыраққа түскен келіннің бетін Ғарифолла Құрманғалиев ашқан, құдалыққа Ә.Кекілбаев бас құда болып барған. Қазақ мәдениетінің айтулы тұлғаларының көзін көріп, үлгі-өнегеге толы өмірі мен өнеріне куә болған Алма Андарбаеваның бұл турасында айтары көп.  Ендеше, Алма апайдың өзін тыңдайық.

«Бәрі де балалық шақтан, ұшқан ұяңнан, ата-анаңнан, туып-өскен  жеріңнен басталады ғой. Біздің әкеміз, Қазақстанның Халық артисі Әзидолла Есқалиев: «Алматыда сенің атаң мен мамаң –  Сәкең мен Бөпехан жеңгей (Сәмиғұлла Андарбаев) бар» дейтін еді. Студент кезімізде сол кісілердің  қолында тұрдық, үйінде жаттық. «Сол жерде сен өстің, інің Миржан сол уақытта дүниеге келген. Ол  үйдің керемет екі қызы бар, бізге апай болады – Балжан және Сәнен. Балжан апай Ғұбайдолла Айдаров дейтін түрколог-профессор ағамыздың жолдасы, Сәнен апай Шымкент қаласында тұрады. Ол Сәкеңе ұқсаған жақсы домбырашы, үлкен оқу орнын басқарады» деп бала кезімде ата-анамыз жиі айтушы еді. Ол кезде баламыз ғой, қайдан білейік, тағдырымыз сол Сәмиғолла Андарбаев атамыздың үйіне алып келетінін.
Тұрмысқа шығатын болып келісіп жүрген күндердің бірінде мені  Кенжекең «үйге кел, ақылдасайық» деді. Мамыр айы, 2-курс студентімін, жасым 19-да. Шашым ұзын, тобығыма жетеді, бұрым етіп өріп қоямын. Біздің үй Фурманов-Шевченко қиылысында. Троллейбусқа отырып, Кенжекеңдер тұратын Амангелді көшесіндегі 22-ші үйге келе жатырмын. Бір кезде иығымнан біреу түртеді, қарасам жасы үлкендеу ер адам. Мен бұрылған соң:
– Қызым, шашыңыз керемет. Өзіңіз де әдемі екенсіз, сөйлесуге бола ма? – деді. Мен:
– Сөйлесіп тұрсыз ғой, айта беріңіз, – дедім.
– Жоқ, аялдамадан түсіп сөйлессек дұрыс болар еді, – деді ол кісі.
Қасында ұлты орыс әйел бар, қолдарында киноаппарат. «Жақсы, түсейін» дедім.
– Айналайын, қызым! Біз киностудияда жұмыс істейміз. Жаңа кино түсірейін деп жатыр едік, сенің келбетің, шашың бәрі сондағы рольге лайық келіп тұр. Біз сені киносынақтан өтуге шақырамыз, – деді ағай.
– Мен киноға түсу жөнінде жеке өзім шешпеймін, әке-шешем бар. Әрі жақында тұрмысқа шығайын деп жүрмін, жігітімнен рұқсат алуым керек, – дедім мен.
– Қызым, рұқсат алмай тұрып, алдымен сынақтан өтіп ал, жарай ма? Егер рольге бекітіліп жатсаң рұқсат сұрарсың. Міне, мынау біздің мекенжай,- деп жаңағы ағай қағазға бәрін жазып берді. Өзі менің аты-жөнімді жазып алды.
Сөйтсем, бұл «Гаухартас» фильмі екен. Сонымен  қайтадан троллейбусқа отырдым, екі аялдама жетпей түсіп қалғанмын. Келсем Кенжекең есіктің алдында жүр:
– Сен кешіктің ғой, не болып қалды? –  деді.
– Мені киноға түсуге шақырып жатыр, – деймін.
– Қайдағы кино?! Сен әлі жассың, өнер саласын жақсы білмейсің. Ол жерде неше түрлі адамдар жұмыс істейді. Оларға еліктесең жаман боп  кетесің, бармайсың, – деді Кенжекең үзілді-кесілді.
– Неге олай дейсің, артистердің бәрі жаман ба? – деймін мен.
Жасыратын несі бар, барғым-ақ келіп тұр.
– Мен өзім де артиспін, ол ортаны жақсы білгеннен кейін айтып тұрмын, – деді Кенжебай.
– Жақсы, сынақтан өтіп көрейін, – дедім.
– Оған дейін ешкімге айтпа. Өтесің бе, өтпейсің бе, көрерміз, – деді ол күліп.
Екі күннен соң үйдегілерге айтпай айтылған жерге бардым. Тек Кенжекең біледі, ол мені киностудияға әкеп тастады. Екі сағаттай түрлі бейнеде суретке түсірді. Біресе күлдіріп, біресе ренжітіп, неше түрлі көңіл-күйді бейнеледік. Фотосессия аяқталған соң «Өткен-өтпегеніңді хатпен фотоларды қосып жібереміз. Рұқсатыңды сосын сұрайсың» деді өткендегі таныс ағай. Қасындағы әйелден «Бұл кісі кім?» деп сұраймын ғой. «Ол осы фильмнің режиссері – Шәріп Бейсембаев. Бәріне жауапты осы кісі» деді әйел.
Той да таяп қалды. Кино туралы ұмытып та кеттім, өтпеген шығармын деп ойладым. Бір күні папам үйге бір бума алып кірді. «Бір апта болды көлікте жатқанына, ұмытып кетіппін беруді» деді. Ашып қалсам: «Сіз киносынақтан өттіңіз. Келісім беретін болсаңыз, киноның материалдарын жібереміз. Ол үшін бізбен келісімшарт жасауыңыз керек» деп жазылыпты. Міне, жаңалық! Папам таңғалып: «Сен қашан үлгеріп жүрсің бұған?» дейді. Кино туралы ұсыныс көктемде болғанын айттым. Папам:
– Бұл жақсы нәрсе ғой, үйде болғаныңда мен рұқсат берер едім. Сен тұрмысқа шығайын деп отырсың, сондықтан құдалар жақтан рұқсат сұрамай баруыңа болмайды, – деді әкем.
Мен Кенжекең рұқсат бермегенін айттым.
– Ендеше кино туралы ұмыт, – деді папам. – Бұл карьера оңай емес.
Тағы да айтып көрмек болып, жаңағы буманы көтеріп Кенжекеңе бардым.
– Надо же, прошла! – деп Кенжебай таңғалып қалды. – Бірақ, түсірілім деген айлап, жылдап жүргізіледі. Ал бізге тойға дайындалу керек, – деп мені бас тартқызды.
Сөйтіп, менің кинокарьерам басталмай жатып аяқталды. Тек фотосессиядан естелік болып суреттер қалды.
Мені айттырған кезде Сәмиғолла ата мен Бөпехан мамам өзі келіп, сырға салды. Ал құдалықта бас құда Әбіш Кекілбаевтің өзі болды. Ол кісімен бірге Сәнен тәтем, Нұржамал тәтем, (Қарағандыдағы апай, бізге жеңгей боп келеді), тағы бірнеше адам келді. Құдалық қазақтың дәстүріне сай керемет өтті. Біздің жақ бас құдадан бастап бәрін ерекше құрметтеп, қонақтарды жақсылап күтті. Сәнен тәтем барлығы мені ұзатып алып шықты. Амангелді көшесіндегі үйдің ауласын аттағаннан басыма ақ орамал салып, жеңгелеріміз, туыстар күтіп алды. Әйгілі әнші Ғарифолла Құрманғалиев атамыз  бетімді ашты. Ол кісі Сәмиғолла атаммен қызметтес, жастары да жақын. Құрдас  ретінде әзілдесіп ойнайтын, үйге жиі келетін. Біз бесінші қабатта тұрамыз, Ғарекең келіп өлең айтқанда төменде оның әнін тыңдағысы келген адамдар жиналып қалатын. Даусы сондай зор, ғажап. Сәмиғолла атамның  үйі қонақты көп шақырады. «Ғарекең келіп қалды» деп тума-туыстарын, көршілерін жинап алады. Ол кісілердің отырысы нағыз концертке айналады, Ғарифолла ата ән айтса, Сәмиғолла ата күй тартады. Дүниеден кеткенінше күй тартып өтті.
Атам домбыра да жасайтын шебер еді. Мен ол кезде көп нәрсені білмеймін, домбыраның ішектерін дүкеннен сатып ала салады деп ойлайтынмын. Сөйтсем, Сәмиғолла атамыз кәдімгі қойдың ішегінен жасайды екен. Арнайы жақсы малдың ішегін жуып, кептіреді. Ол кепкен соң жіңішкертіп ысады, сызып, тартып көріп, домбыраға даусын келтіріп, лайықтайды.  Әлгі ішек домбыраға таққан кезде қоңыр дауыс шығарғанша өңдейді. Үйдегі балкон үлкен, өзінің кабинеті бар, сол жер толған құрал-жабдық, ағаштар. Ата домбыра жасайтын ағашты өзі таңдап әкеледі, оны ойып жасайды. Атаның өз қолымен Кенжекеңе жасап берген домбырасы әлі бар, көзімнің қарашығындай сақтап жүрмін.
Бөпехан мамамыз шағын бойлы, үй шаруасына өте епсекті жан еді. Асқан сұлу болмаса да өзінің қылығымен адамды тартып тұрады. Сөзге шебер, әрбір нәрсені байқап, көріп, соны үйреніп алғысы келіп ұмтылатын. Әдемі киінгенді жақсы көреді. Артистердің, өнер адамдарының арасында жүрді, соларды көріп, еліктейтін де болар. Атам енемізге әдемі тақасы бар былғары етіктің неше түрін тігіп беретін (ол кісі соғыста солдаттардың етігін тігіп, жамап, эшелонмен бірге жүрген ғой). Басына жаулық, үстіне кәжекей киеді, кейінірек жасы ұлғайғанда кимешек киіп, қарқара тартатын. Әрине, бес баланы, атам тәрізді шығармашылық адамын күту оңай емес, мамамыз бар өмірін балалары мен атамызға арнаған адам. Керемет қонақжай, қолы ашық. Біздің әкеміз айтып отыратын, ол үйге барғанда сонша тағамның қайдан шығып жатқанын білмейсің деп. Мамамыз тіпті күріштен, тарыдан ашытып боза да жасайтын.
Мен келін болсам да ешқашан ене деп айтып көргем жоқ, «мама» дедім, кішкентайымнан сөйтіп атадым.    Мамамыздан көп нәрсе үйрендім.  Ең бастысы, қандай қонақ келсе де, жағдайың қандай болса да, дастарқаныңды жайнатып, келген адамды күліп қарсы алуың керек. Жетпей жатса қолыңдағы барыңды әдемі етіп ұсынуға тырыс.  Әлі есімде, жер үйде тұрған кезде шоланда ет сақталады. Қонақтың үстіне тағы адамдар келіп қалса мамам шоланға жүгіріп барып етегіне орап ет әкеледі де қайнап жатқан қазанға жылдам сала салады. «Мама, ол піспей қалады ғой» деп біз шырылдаймыз.  «Ештеңесі жоқ, қазанға түскен соң піседі» дейді мамам. Шынымен де еттің бәрі бірдей пісіп шығады, мол асылған соң бәріне жетеді.
Бір қызығы, қонақтар отырған кезде Сәмиғолла атам үйдегі балаларға, келіндерге өз қолынан ет асатады. Сосын «мынау ұлым, келінім, мынау немерем» деп бәрімізді қонақтармен таныстыратын. Сондықтан біз үйге келетін, араласатын адамның барлығын танитын едік.  Атамның тағы бір ерекшелігі, Кенжекең музыкант болған соң іссапары көп, ондай кездерде мен үйде жалғыз қаламын. Сонда қонаққа бара жатса қасына маманы емес, мені ертіп кететін. мамам: «Бара беріңдер, жақсы» де қала береді.  Атам барған жерінде «Бұл Әзекеңнің – күйші Әзидолла Есқалиевтің қызы, Кенжебайымның қосағы, менің келінім» деп таныстырады. Үлкендердің әңгімесін тыңдап, жөн-жосықты біліп жүрсін дейтін болар.
Атам мен мамамнан алған тәрбием менің өмірімде үлкен сабақ болды. Кейін Атырауда облыстық шығармашылық орталығында жұмыс істегенде атамның, мамамның, Сәнен тәтемнің маған үйреткенін көп қолдандым. Шынын айтқанда, бүгінгі күні Атырау облысында мәдениет пен руханиат саласының қайраткерлерін жақсы білетін жанның бірі мен деп айта аламын.  Себебі мен олармен араластым, үйлерінде болдым, өз үйімізде күттім.  Құрманғазы оркестріндегі Бақтияр Құбайжанов ағай, Зейнолла ағай, Айса ағайдың үйінде болдым, белгілі күйші Бақыт Қарабалина апамызбен жақсы араласып жүрдік.  Атамның 70 жылдығында (ол кезде тойды ресторанда емес, үйде жасайтын едік) өнердегі әріптестерін бөлек шақырып, күткенбіз. Сондықтан көп адамды танып, дидарласып қалдық. Сосын қызметтегі адаммен қалай сөйлесу керек, шенеуніктермен қалай жұмыс істеу керек, соның барлығын да сол кісілерден үйрендік. Кенжебай екеуміз біраз жыл бірге тұрған соң 1980 жылы үй алып бөлек шықтық.
Атамның үйіне Әбіш Кекілбаевтің анасы Айсәуле әже келетін. Ол кісі атаммен, мамаммен құрдас еді. Әбдір Сақтағанов дейтін ағамыздың анасы әлі көз алдымда, басына үлкен қарқара байлаған, толықша келген, әдемі әже еді. Төрде отырып өткен заманның әңгімесін айтқанда, аузымызды ашып тыңдайтынбыз. «Әй, қызым, аузыңды ашпай шайыңды дайында» деп күлетін.  Қазір Әбіш ағаның кітаптарын оқығанда сол кездегінің бәрі есіме түседі… Ол кісілердің үйге келгені, әңгімелері, қызықты оқиғалар, бәрі-бәрі есімізде…  Маңғыстауға барған сайын Әбіш ағаның анасының ескерткішін көргенде көз алдыма Айсәуле әженің бейнесі келе қалады. Көзін көрген, бірге жүрген адамдар ерекше ыстық болады екен.
Кенжекең қайтқаннан кейін қиналып жүргенімде Әбіш ағаның маған айтқан бір ауыз сөзі үлкен демеу болды. «Айналайын, уайымдай берме. Айналаңда тума-туысың көп, қызың бар. Өзің жассың, жұмысыңды істе. Уақыт өз дегенін жасайды. Бақытты бол!» деген еді ол кісі. Сол сөзі әлі жадымда.
Мамам әдемілікті жақсы көретін дедім ғой. Жаңа үйленген кезіміз. Ол кезде заттың бәрі қат, бірдеңе алу үшін талон керек. Той көйлегі, туфли, т.б. алу үшін үйлену салонына тіркеліп, түскен тауарды көруге бардық. Тура алдымда сөреде қып-қызыл былғарыдан жасалған, тақасы биік, сондай әдемі туфли тұр! Кенжекеңе «Қызыл костюміме сай келеді екен, алайыншы» дедім. Сатып алдық. Қуанып, үйге келген соң мамаға көрсетіп бала құсап мақтандым. Ертесі сабаққа кеттім. Қайтып келсем, ортадағы залда енем шай ішіп отыр. Үстіне аппақ көйлегімен кәжекейін киіп алған, аяғында менің қып-қызыл туфлиім!   Асықпай шайын ұрттап, паңданып отыр.  Аузым ашылып қалды. Сасқанымнан: «Мама, туфли сізге жарасады екен» деппін.
– Солай ма, мен де кие алам мұндай туфлиді, – деп, тақ-тоқ еткізіп ары-бері жүріп қояды.
– Сіз кие қойыңыз, – деп едім:
– О не дегенің, мен мұндай туфли кимеймін. Кел, шай ішейік одан да, – деді. Сонда ғана қателік жасағанымды, бұл үйде менен басқа да әйел заты бар екенін, ол да әдемі киімді жақсы көретінін түсіндім. Келін болған соң өзімді ғана ойламай, енемді, келінімді ойлауым керек екен дедім. Мамам маған осылай сабақ беріп отыр ғой, шынын айтқанда. Содан кейін бұл қателікті қайталаған емеспін.
Соңғы кезде мамам мені әдейі шақырып алып, бөлмесінде шай ішетін едік. Ол кісі шайға кардамон, қалампыр, жалбыз қосып дәмдеп ішкенді ұнататын. Оның бәрін ұқыптап шабаданға салып кереуеттің астына қояды. Қазір соның бәрі естелікке айналды.
Сәнен тәтемнің көп мінезі мамасына ұқсайды, кейде тіпті құйып қойғандай. Сәнен тәтем өте мәдениетті, көргенді, текті жерден шыққаны көрініп тұрады. Лауазымды қызметте істеді, кіммен қалай сөйлесуді біледі. Ешқашан дөрекі сөз айтпайды. Сәнен тәтемнен тағы үйренгенім, қарауыңдағы адамға, қызыңа, немереңе де дауыс көтеріп ұрыспау. Кемшілігін елдің көзінше емес, жеке шақырып алып жайлап айту керек. Біреуді сөккеніңді ешкім көрмеуі керек. Міне, Сәнен тәтем сондай парасатты жан. Өйткені, адамды кемсітуге болмайды, жасы, дәрежесі қандай болса да кез келген адамның қадір-қасиетін сақтау керек. Міне, бізді ол кісі соған үйретті.
Мен де басшылық қызметте болдым, көп адаммен, ұжыммен жұмыс істедім. Сонда таныстарым «жүз адамның біреуіне де айқайламайсың ба?» деп таңғалатын. «Оның өз әдіс-тәсілі бар» деймін мен. Бұның барлығы Сәнен тәтемнен, үйдегі тәрбиеден алғаным, көргенім, түйгенім.
Сәнен тәтемнің ақылдылығы, нақтылығы, ой-пікіріндегі тұрақтылығы мен ұстанымы да папасына тартқан. Домбыра тартқанда қағысы әкесінен аумайды. Атам мен Сәнен тәтемнің және Қали Жантілеуовтің домбыра тартысы бір-біріне ұқсайды. Тәтемнің ұстазы ғой ол кісі. Ал менің әкем Әзидолла Есқалиев басқаша тартады. Постановкасы да, тартысы да басқа.
Мен Қали атаның көзін көрдім, үйінде болдым. Келіндерімен, баласымен араластық. Ол кісі оралдық, біз атыраулық, кішкентай кезімізде жерлесіміз деп жиі баратын едік. Атаның үйіндегі апай да есімде.  Ескі үйде тұрғанда Сәмиғолла атамның үйіне де келетін. Атам Бақтияр Құбайжанов деген кісімен де дос болды, ол оркестрде бас домбыра тартатын. Қазір енді сол үлкен кісілердің қатары сиреді…»

Жазып алған
Дина ИМАМБАЕВА, 
Журналист, «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының қызметкері

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Сей Сәу 14 , 2020
Оқылды: 1  613 http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар. Қарағандыдағы Таир сауда кешені шағын бизнес өкілдеріне жеңілдік жасады. Кәсіпкерлер сауда кешеніндегі жалға алған орындарының ақысы төтенше жағдай аяқталғанша төлемейді. Мекеме әкімшілігінің айтуынша,қазіргі таңда сауда орталығында 600-дей адам бутиктерді жалға алып отыр. Билік өкілдері өзге де осындай жалға берушілерге Таир сауда […]