Қазіргі жастар мамандық таңдауда еңбек нарығындағы сұранысқа, жалақы мөлшеріне және болашақтағы даму мүмкіндіктеріне ерекше назар аударады. Соңғы жылдары ақпараттық технологиялар саласы қарқынды дамып, бағдарламашы, веб-дизайнер, киберқауіпсіздік маманы, SMM маманы және цифрлық маркетолог секілді кәсіптерге қызығушылық арта түсті. Әсіресе, жасанды интеллекттің дамуы ІТ саласындағы мамандарға деген сұранысты бұрынғыдан да күшейтті.

Мәселен, бағдарламашылар мен киберқауіпсіздік мамандары бүгінде тек Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша ең сұранысқа ие мамандықтардың қатарына кіреді. Сандық технологиялардың дамуы компаниялардың онлайн қызметке көшуіне ықпал етіп, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мамандардың маңызын арттырды. Сонымен қатар веб-дизайнерлер мен UX/UI дизайнерлері де цифрлық өнімдердің сапасын жақсартуға атсалысып, еңбек нарығында жоғары бағаланатын мамандарға айналды.
Медицина саласы да жастар арасында танымал бағыттардың бірі болып отыр. Дәрігер, стоматолог, фармацевт, мейіргер және психолог мамандықтарына деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Халық денсаулығын сақтау мәселесі әрдайым өзекті болғандықтан, бұл саладағы білікті мамандарға қажеттілік ешқашан төмендемейді.
Соңғы жылдары инженерлік бағыттағы мамандықтар да ерекше маңызға ие болды. Электроэнергетика, құрылыс, робототехника, мұнай-газ ісі және машина жасау саласындағы инженерлер өндірістің дамуына үлес қосып келеді. Сонымен қатар логистика, қаржы және халықаралық қатынастар салаларына қызығушылық танытатын жастардың саны да артуда.
«Менің ойымша, қазіргі жастар — бұл шектеулерді мойындамайтын, еркін ойлы ұрпақ. Олар тек диплом үшін оқымайды, нақты дағды мен нәтижеге ұмтылады. Олардың фрилансқа, стартаптар мен цифрлық әлемге қызығушылығы — жалқаулық емес, заман ағымын тез түсінуі. Бұл буын елдің болашақ экономикасын мүлдем жаңа деңгейге алып шығатынына сенемін».
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің болжамы бойынша, алдағы жылдары ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, білім беру, денсаулық сақтау, құрылыс және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы мамандарға сұраныс жоғары болады. Сарапшылардың пікірінше, жасанды интеллект пен цифрландыру дәуірінде жаңа мамандықтар пайда болып, қазіргі кәсіптердің мазмұны да өзгеріске ұшырайды.
Бердимуратова Ұлданай
Е.А Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ
Филология факултетінің 3-курс студенті


