«Qarmet» АҚ-ның «Қазақстан» шахтасында бірнеше ұрпақтан бері кеншілік кәсіпті жалғастырып келе жатқан Жұмағұловтар әулеті еңбек етеді. Бұл отбасының шахтёрлік тарихы ондаған жылдарға созылып, бүгінде жас буынның қолдауымен жалғасын тауып отыр.

Әулеттің кеншілік жолының негізін қалаған Балқаш Жұмағұл өмірінің 40 жылын «Тентек» шахтасына арнаған. Оның туған інісі Нәби Жұмағұлда осы салада ұзақ жыл еңбек етіп, кен өндірісінің дамуына үлес қосты.Бүгінде аталарының жолын олардың немерелері жалғастырып келеді. «Қазақстан» шахтасында Еркебұлан мен Ерлан Жұмағұловтар, сондай-ақ Еркебұланның ұлы Диас еңбек етеді. Бір әулеттің бірнеше буынының бір өндірісте қызмет атқаруы кеншілік кәсіпке деген құрметтің айқын көрінісі.Еркебұлан Жұмағұлов «Қазақстан» шахтасында 20 жылдан астам уақыт үңгуші болып еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, кенші мамандығы ең алдымен тәртіп пен жауапкершілікті талап етеді.

– Шахтада қауіпсіздік бәрінен жоғары тұрады. Жас мамандарға әрдайым сабыр сақтап, тәжірибелі әріптестердің кеңесіне құлақ асуға кеңес беремін, – дейді – Еркебұлан Жұмағұлов.
Оның айтуынша, өндірістегі сабақтастықтың маңызы зор. Аға буын жинақтаған тәжірибесін жастарға үйретіп, мамандықтың қыр-сырын меңгеруге көмектеседі.Ал Ерлан Жұмағұлов шахтада 14 жылдан бері еңбек етеді. Осы уақыт ішінде бірнеше мамандықты игерген ол бүгінде тау-кен қазу машиналарының машинисі қызметін атқарады. Ерлан үшін еңбек пен отбасы құндылықтары қатар жүреді.
– Жұмыстан кейінгі уақытымды отбасыммен өткізуге тырысамын. Балаларымның жетістіктерін көріп, олардың жанында болу мен үшін маңызды, – деді – Ерлан Жұмағұлов.
Әулеттің ең жас өкілі Диас Жұмағұлов та ата кәсіпті таңдап, еңбек жолын «Қазақстан» шахтасында бастады. Қазіргі таңда ол жерасты электрслесары болып жұмыс істейді. Жас маман өндірісте енгізіліп жатқан жаңа технологиялардың жұмыс қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік беретінін айтады.
– Шахтада заманауи жүйелер көп енгізіліп жатыр. Бұл жұмысшылардың қауіпсіздігін бақылауға және еңбек жағдайын жақсартуға көмектеседі, – деп атап өтті – Диас Жұмағұлов.
Ол болашақта жоғары тау-кен білімін алып, кәсіби біліктілігін арттыруды мақсат етеді.Жұмағұловтар әулетінің кеншілік жолы мұнымен шектелмейді. Еркебұланның бауырлары Асхат пен Марат та «Qarmet» компаниясының шахталарында еңбек етіп жүр. Осылайша бірнеше буыннан тұратын отбасының жалпы кеншілік еңбек өтілі екі ғасырға жуықтап келеді. Бұл – еңбекке адалдық пен мамандыққа деген сүйіспеншілік ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан әулеттің өнегелі тарихы. Бүгінде ағайынды азаматтар өндірісте иық тіресе еңбек етіп, кеншілік дәстүрдің келесі буынға жалғасуына өз үлестерін қосып келеді.
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ филология факультетінің
журналистика кафедрасының 3-курс студенті
Аяна Серікқызы.


