Visit Karaganda — Қарағанды облысының туристік әлеуетін дамытуға бағытталған ұйым. Өңір табиғи байлықтарымен, тарихи-мәдени ескерткіштерімен және индустриялық мұрасымен ерекшеленеді, бұл туризмнің түрлі бағыттарын дамытуға кең мүмкіндік береді. Орталықтың негізгі мақсаты — ішкі және келу туризмін жандандыру, туристер ағынын арттыру және Қарағанды облысын тартымды туристік бағыт ретінде насихаттау.
Мемлекет басшысы жариялаған цифрландыру жылы шеңберінде орталықтың жұмысы өңірдің дамуында заманауи басқару жүйесін қалыптастыруға, туристік бағыттарды жетілдіруге және келушілер үшін ақпараттың қолжетімділігін арттыруға бағытталып отыр.
– Цифрландыру бағыты аясында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, жасанды интеллект негізіндегі чат-ассистент (ChatAI) енгізіліп, 8700-219-08-90 нөмірі арқылы ақпараттық қолдау жүйесі іске қосылды. Сондай-ақ Visit Karaganda туристік порталы, Қарағанды–Балқаш тас жолы бойындағы LED-экрандардағы ақпараттық материалдар және мемлекеттік қызмет көрсету орталығындағы интерактивті ақпараттық терминал қолжетімді болды. Бұл бағыттардың әртараптандырылуы Қарқаралы мен Балқаш өңірлерінде туризмді жыл бойы дамытуға және түрлі туристік аудиторияны тартуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде маусымдық туризмнен тұрақты, жыл бойы жұмыс істейтін модельге көшу көзделіп отыр. Осы мақсатта «Balkhash Winter Fest» жобасын іске асыру ұсынылуда, деді – «Visit Karaganda» туристік ақпараттық орталығының директоры – Бахтияр Бекмұрзаев.
Kaspi Travel және Freedom Travel цифрлық платформаларымен туристік өнімдерді біріктіру арқылы өңірді жаңа туристік бағыт ретінде ілгерілету жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, дамыту шаралары серіктестік медиаплатформалар арқылы іске асырылып, бюджетке түсетін қаржылық жүктеме барынша оңтайландырылған.
– 2025 жылы туроператорлардың, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің және тревел-блогерлердің қатысуымен 4 ақпараттық тур ұйымдастырылды. Бұл шаралар «Balkhash Tour Fest» аясында өткізілді. Ақпараттық турлар Қарқаралы өңіріне күзгі және қысқы маусымдарда, сондай-ақ «Индустриалды Қарағанды» бағыты бойынша өнеркәсіптік туризмді дамыту мақсатында жүзеге асырылды. Мұндай ақпараттық турларды өткізу B2B форматында туроператорлар мен жергілікті қонақ үйлер, демалыс аймақтары арасында тікелей әріптестік орнатуға мүмкіндік берді, дейді – «Visit Karaganda» туристік ақпараттық орталығының директоры – Бахтияр Бекмұрзаев.
Сонымен қатар, кадрлық әлеуетті дамыту бағытында өткен жылы гидтерге арналған оқыту семинары ұйымдастырылып, экскурсиялық қызмет сапасын арттыруға басымдық берілді және кәсіби қауымдастық қалыптастыру жұмыстары жүргізілді. Айта кетерлігі, Қарағанды облысында алғаш рет гидтер реестрі жасақталды.
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ филология факультетінің
журналистика кафедрасының 3-курс студенті
Аяна Серікқызы



