«ReStart» республикалық жобасы: Қарағанды студенттері 3 тоннадан астам пластик жинау эстафетасын жалғастырды

Қарағанды қаласында «ReStart» республикалық жобасы аясында кезекті эко-сенбілік өтті. Бұл шараға өңірдің екі ірі оқу орны — академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті мен Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің студенттері мен оқытушылары қатысты.

Шараның шымылдығын ашқан эко-тренер Гүная Аллахвердиева қатысушыларға сенбіліктің мақсаты тек аумақты тазарту емес, қалдықтарды сұрыптау мәдениетін қалыптастыру екенін түсіндірді. Студенттерді қолдауға Әлихан Бөкейхан атындағы аудан әкімдігінің бас мамандары Әділет Сәбитов пен әріптестері арнайы келді. Сондай-ақ, «CCI Kazakhstan» өкілі Аида Үскенова мен «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту коалициясының» менеджері Дина Мәжитова жобаның техникалық талаптары мен ЖОО-лар арасындағы жарыс ережелеріне тоқталды.

Сенбілік басталмас бұрын Гүная Аллахвердиева қатысушыларға практикалық тренинг өткізді. Онда студенттер «Zero Waste» қағидаларын сақтауды, пластикті қайта өңдеуге дұрыс дайындауды және сұрыптау кезінде жиі жіберілетін қателіктерді қалай болдырмау керектігін үйренді. Осыдан кейін студенттер бекітілген аумақтарда пластик жинауға кірісті. Шара соңында жиналған қалдықтар өлшеніп, әрбір килограмм университеттердің жалпы рейтингіне қосылды.

Жалпы, «ReStart» жобасы Қазақстанда оныншы жыл қатарынан жүзеге асырылып келе жатқан ең ірі экологиялық платформа болып табылады. Ол ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен серіктес ұйымдардың бекітілген жоспары негізінде жұмыс істейді. Биылғы 28 наурыздан басталған эстафета аясында еліміздің 7 қаласында сенбіліктер өтіп, барлығы 3 250 кг пластик жиналды. Қарағандыдағы шарадан кейін жоба өз жұмысын Петропавл мен Астана қалаларында қорытындылайды. Оған тағы 7 жоғары оқу орнынан 200-ге жуық студент қатысады деп жоспарланған.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Жаңа даму жоспары әзірленді

Сәр Мам 6 , 2026
Оқылды: 140 Қарағанды әуежайында ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды. Нысанның алдағы 25 жылдық дамуына арналған мастер-жоспар халықаралық сарапшылардың қатысуымен әзірленді. Жоба аясындағы негізгі мақсат – мультимодальды әуе хабын қалыптастыру және оның негізінде ірі жүк логистикалық экожүйесі саналатын QarGoCity жобасын іске асыру. Бұл бастамаға мемлекет пен жергілікті билік тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. […]