Қазақстанда резервтегі әскери қызмет басталды

2025 жылдан бастап Қазақстанда әскери қызметтің жаңа форматы – резервтегі қызмет ресми түрде іске қосылды.

Бұл жүйе армия санын жасанды ұлғайтпай, елдің қорғаныс қабілетін күшейтуге бағытталған. Резерв – аумақтық принцип бойынша әскери міндетті азаматтардың ерікті түрде дайындалуына мүмкіндік беретін, қазіргі қауіп-қатерлерге сай бейімделген тиімді модель.

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлері «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасары – тәрбие және идеологиялық жұмыстары басқармасының бастығы полковник Ерболат Шерімбетов жаңа жүйенің маңызына тоқталды.

Резервтегі қызмет – бұл тек қосымша күш емес, бұл – елге деген жауапкершілікті сезінетін азаматтардың өз еркімен қатысуы арқылы қалыптасатын ұлттық қорғаныс тірегі. Бізге армияны ұлғайту емес, дайын әрі сенімді мобилизациялық қор құру маңызды. Бұл жүйе азаматтардың негізгі жұмысынан қол үзбей, әскери даярлығын жетілдіруге жағдай жасайды. Ұлттық қауіпсіздік – тек әскердің емес, әрбір саналы азаматтың ортақ жауапкершілігі. Сондықтан резерв қатарына қосылу – ел тыныштығына қосылған нақты үлес, деді,-ол.

Резервтегі қызмет келісімшарт негізінде ұйымдастырылады және азаматтардың күнделікті жұмысына кедергі келтірмейді. Резервистер өздеріне жақын орналасқан әскери бөлімдерде дайындықтан өтеді. Бағдарлама бірнеше кезеңнен тұрады: жыл сайынғы оқу-жаттығулар (2 айдан артық емес), 30 күндік оқу жиындары және ай сайынғы қысқа мерзімді сабақтар (2–3 күн). Резервист болуға қойылатын талаптар келісімшарттық қызметке ұқсас. Ең бастысы – азаматтың әскери даярлықтан өткен болуы. Жас шектеулері де нақтыланған: офицерлер үшін – 60 жасқа дейін, сержанттар мен сарбаздарға – 50 жасқа дейін. Әйелдер де жалпы талаптар бойынша резервке қабылдана алады. Резервистердің әлеуметтік кепілдіктері толық сақталады. Жиын кезеңінде олардың жұмыс орны мен жалақысы қорғалады: жұмыс істейтін азаматтар негізгі еңбек орны бойынша орташа айлық табысына тең жалақы алады, ал жұмыссыздар үшін 85 мың теңге көлемінде төлем қарастырылған. Сонымен қатар резервке қабылданғандар тегін медициналық қамтамасыз ету, тамақтану, әскери атақтарының өсуі, төленетін қосымша ақылар және жарақат алған жағдайда өтемақы алу құқықтарына ие болады. Қызмет кезеңі жалпы еңбек өтіліне есептеледі. Бүгінде Қарағанды гарнизонының әскери бөлімдері резервке қабылдау жұмыстарын бастап кетті. Қызығушылық танытқан азаматтар тұрғылықты жері бойынша әскери басқару органдарына немесе Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдеріне жүгініп, толық ақпарат ала алады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Ерліктің биік шыңы

Жұм Жел 12 , 2025
Оқылды: 235 Қарағанды қаласының Пришахтинск елді мекенінде орналасқан №18 жалпы білім беретін мектепте Халық қаһарманы, армия генералы Мұхтар Қапашұлы Алтынбаевтың 80 жасқа толуына орай ерекше маңызы бар ерлік сабағы өтті.   Іс-шараға 99270 әскери бөлімінің командир орынбасары подполковник Ерғанат Шағдабай мен қатардағы Айым Сұлтанова арнайы келіп, 8 сынып оқушыларымен «Ерліктің […]