Қарағанды өңірлік гарнизонында әскери қызметшілер тарапынан құқық бұзушылыққа жол бермеу мақсатында қылмыстық жауапкершілікке қатысты айлық өткізілуде. Шараға барлық санаттағы әскери қызметшілер қатысады. Осыған орай, Қарағанды өңірлік гарнизонының әскери полиция басқармасы 50185 әскери бөлімінің қолбасшылығымен бірлесіп, әскери әйелдерді жұмылдыра отырып, әйелдер кеңесін өткізді.
Іс-шараға Қарағанды өңірлік гарнизоны Әскери полиция басқармасының профилактикалық бөлімінің бастығы, әділет подполковнигі Жарқынбек Молдаханов, сонымен қатар Қарағанды облыстық полиция департаментінің Бірыңғай отбасына көмек көрсету орталығының учаскелік инспекторы, полиция капитаны Рита Ринатқызы Шайхутдинова тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы әкімшілік және қылмыстық заңнаманың талаптарын жеткізді. Сонымен қатар, бұл шарада Евней Арыстанұлы Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің психология кафедрасының профессоры Гүлшат Капбасова қазіргі қоғамдағы құмар ойындарға тәуелділік және оның отбасына кері әсері туралы кеңінен тоқталып өтті.
– Бүгінгі таңда Қарағанды өңірлік гарнизоны әскери полиция басқармасының қызметкерлерімен, әскери бөлім қызметкерлерінің әйелдерімен бірлесе отырып, ауқымды іс-шаралар ұйымдастырамыз. Аталмыш тақырып бойынша семинар-жиналыстар, дөңгелек үстелдер, профилактикалық жұмыстар атқарылып жатыр, – деді Қарағанды өңірлік гарнизоны Әскери полиция басқармасының профилактикалық бөлімінің бастығы, әділет подполковнигі Жарқынбек Молдаханов.