АЛТЫН АДАМ
Алтын адам алтын тұлға киелі,
Алтыннан да қымбат бізге сүйегі.
Қас өнердің асылзада үлгісі,
Бүгін ғылым осылай ой түйеді.
Саф алтыннан дулығасы басында,
Асыл туған адам болды-ау расында.
Тарихымның алтын тұсы жатты сол,
Ғасырлардан өрнек құрып ғасырға.
Тектіліктен тартқан келіп тамырды,
Бабалардың нар болмысы лағыл-ды
Алтын адам алтын күйде жарқ етіп,
Есті шаһар Есіктен ол табылды.
Сөз салмақтап түссін ғылым егеске,
Алтын адам болды біздің дөңесте.
Алтын ұлын әдіптесе алтынмен
Ол халықтың тектілігі емес пе?
Кенен шықты иен қазақ даласы,
Алтын тұғыр – тарихының сағасы.
Болмыс күйі,жан дүниесі саф алтын,
Алтын адам – Сақтың бекзат баласы.
Құм астында тарих тіні балбырап,
Сөнбей жетті бабам жаққан нән шырақ.
…Алтын адам таң қалдырып ғаламды,
Төрімізге тұр ғой біздің жарқырап.
Наурызбай Жарбосынұлы