Ыстамбұл туристерге қолайлы қала

Бір кездері Шығыс Рим және Осман империясының бас қаласы болған Ыстамбұл бүгінде әлемнің астанасына айналды. Жыл сайын тарихпен тілдесу үшін киелі шаһарға 16 миллионнан астам турист келеді.

Жылдың басы біз үшін де Ыстамбұлға сапармен басталды. Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі және TGA (Түркия туризм таныту және дамыту агенттігі) ұйымдастыруымен бір топ журналист Түркияның рухани астанасына барып, көркем өлкенің өткені мен бүгініне көз жүгірттік.

Қазақстаннан бөлек Әзербайжан, Өзбекстаннан келген журналистер тобы үш күн бойы тарихи шаһардың көрікті жерлерін аралап, елдің туризм саласындағы артықшылықтары мен ерекшеліктері жайлы жан-жақты мәлімет алды. Ал елімізбен киелі мекенге El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі мен 24.kz телеарнасының өкілдері аттанды.
Кәсіби гид Беркан Ташанның сөзіне қарағанда, бұл сапардың басты мақсаты – ¬түркітілдес елдердің тілшілеріне Түркия, соның ішінде Ыстамбұл туралы мейлінше кеңірек мағлұмат беру.
– Бұл сапар барысында мәдениет пен тарих, сондай-ақ туризмнің әртүрлі салаларына, сән, сауда, сауықтыру әлеміне бойлайдық. Түркияның әр өңірінің өз ерекшелігі бар. Мысалы, кей қалалар сауда-саттықпен айналысса, кейбірінің артықшылығы – асханасында. Енді бірі мәдениеті және тарихымен назар аудартады, – деді ол.
Ендеше, соның бәрін біріктіріп тұрған бірден-бір шаһар Ыстамбұлдың өткеніне бірге саяхаттайық.

СОБОРДАН МЕШІТКЕ ДЕЙІН: ЫСТАМБҰЛДЫҢ БАСТЫ ЖАУҺАРЫ – АЙЯ СОФИЯ
Ыстамбұл дегенде, алдымен көзге Айя София мешіті елестейтіні рас. Сондықтан Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі және TGA (Түркия туризм таныту және дамыту агенттігі) ұйымдастырған баспасөз турымыздың дәл осы киелі орыннан басталуы заңдылық. Қатпар-қатпар тарихты қазыналы сандықтай бүгіп тұрған ғимараттың бүгінгі күнге қаз-қалпында жетуі таңғалдырмай қоймайды. Әйтпесе мұнда талай соғыс та, табиғи апат та болған.
Көпшілік Ыстамбұлдағы Айя София мешітін әлемнің сегізінші кереметі деп санайды. Бізге баз-баяғы қалпында жеткен ғимараттан христиандықтың да, араб мәдениетінің де белгілерін байқау қиын емес. Сол үшін болса керек, ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміндегі тарихи ғимаратта зиярат етуге бір жылда 13 миллионнан астам адам келеді екен. Тылсым сыры көп Айя Софияның тарихына осы сапарымызда біз де көз жүгіртіп көрдік.
Константинопльдің басты белгісі ретінде бой көтерген нысан бүгінде Азия мен Еуропаның тоғысқан жерінде тұр. Сондағы мақсат Соломон хан тұрғызып, кейіннен күллі еврей халқы ғибадат ететін Иерусалим шіркеуінен асып түсу болды. Дегенмен бұл жерде бұған дейін де, яғни Византия императоры Константин І тұсында шағын шіркеу болған, алайда оның 404 жылғы көтеріліс кезінде күлі көкке ұшты. Одан кейін салынған тағы екі шіркеуді де осындай тағдыр күтіп тұрды.
Ал VI ғасырда билік басындағы император Юстиниан кезекті наразылықты басу үшін әлемде теңдесі жоқ шіркеу салуды тапсырған. Міне, дәл осы оқиға Ыстамбұлдағы Айя София мешітінің бастауы саналады. Оны тұрғызу үшін дүниенің түкпір-түкпірінен менмін деген сәулетшілер, математиктер шақыртылды. Осылайша 532 жылы шіркеудің негізі қаланды. Ал алғашқы кірпіші Родос аралында цемент пен майдан жасалған болатын. Одан бөлек құрылыс кезінде түрлі тастар, піл сүйегі, алтын, күміс қолданылған.
900 жыл бойы бұл шіркеу православ патриархы Константинопольдің резиденциясы болса, осы аралықта ол екі рет жер сілкінісінен зардап шегіп, құлаған күмбездер қайта тұрғызылды.
Ал XV ғасырдың орта тұсында Византия империясы құлап, шаһар Осман империясының қарамағына өткенде, Мехмед сұлтан Софияның маңына мұнаралар салуды тапсырған. Осы сәттен бастап Айя София 500 жыл бойы мұсылмандар мінәжат ететін Қағбадан кейінгі екінші орынға айналды.
Осман империясы құлдыраған соң билікке келген Мұстафа Кемал Ататүрік Айя Софияға музей мәртебесін берді. 1985 жылы ол ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енді.
Ал 2020 жылғы 10 шілдеден бастап Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның шешімімен Айя София қайта мешітке айналды.
Бүгінде мешітте жөндеу жұмыстары жүріп жатқанымен, оның жанынан ашылған музей әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтарды қабылдап жатыр. Нысанның сан жылдық тарихымен визуалды түрде таныса аласыз. Туристерге мәліметтер 16 тілде қолжетімді.

СҰЛТАНАХМЕТ МЕШІТІ НЕЛІКТЕН КӨК МЕШІТ ДЕП АТАЛАДЫ
Ыстамбұлда 3,5 мыңнан астам мешіт бар, яғни орта есеппен шаһардың 4356 тұрғынына бір мешіттен келеді деген сөз. Ал солардың ішінде ең танымалы – Сұлтанахмет мешіті. Бұл – қасиетті қалаға қадам басқан кез келген адам міндетті түрде баратын орын. Көпшілік арасында Көк мешіт деп те аталатын бұл нысан – әлемде теңдесі де, ұқсас сыңары да жоқ жәдігер. Оны көру бақыты бізге де бұйырды.
Топкапы сарайы мен Айя София мешітіне қарама-қарсы орналасқан бұл ғимарат XVII ғасырға тиесілі. 19 жастағы Ахмед I патшаның бұйрығымен Византия королі өмір сүрген қамалдың орнында бой көтерген. Сол кезеңнің бас сәулетшісі Седефкар Мехмет Ағаның арқасында мешіт әуеде қалықтап тұрғандай әсер қалдырады. Себебі шебер күмбездерді жалпақтау етіп салғызып, ал олардың құрылысы кезінде күміс және сұр түсті көп қолданған.
Мешіттің басты ерекшелігі – еденнен бастап күмбезге дейін ақшыл көк түсті 20 мыңға жуық плитканың қолданылуында. Ахмед I Сұлтанахмет мешітінің құрылысына ең үздік материалдардың пайдаланылуын жіті қадалаған деседі. Соның арқасында ислам мәдениетінің қайталанбас туындысы бүгінге дейін қаз-қалпында жетіп отыр. Дегенмен сұлтанның өзі мешіт құрылысы басталған соң араға бір жыл салып көз жұмған, сондықтан ол Көк мешіт ауласындағы бақта жерленген.
Мешіттің 260 терезесі бар, соның арқасында іші күн сәулесімен-ақ жап-жарық болып тұратындай. Қосымша төмен салбырап тұрған шамдар қойылған. Еденде қанық қызыл түсті кілем жатыр.
Мешіттің тағы бір ғажап элементтерінің бірі – михраб, яғни мінәжат ететін қуыс. Ол бүтін бір мәрмәрдан соғылған. Михрабқа Қағбадан арнайы әкелінген қара тас қойылған.
Сұлтанахмет мешітін ерекшелеп тұратын тағы бір белгісі – мұнаралар саны. Әдетте мешіттерде олардың саны төртеу болса, Көк мешітте алты мұнара бар. Көп тараған аңыздардың біріне сәйкес, сұлтан «алтын минаре», яғни алтыннан жасалған мұнара тұрғызуды тапсырған, ал сәулетші қағыс естіп, алты мұнара салған. Бүгінде бұл мешіт бір уақытта 10 мың адамды құшағына сыйдыра алады.
Ыстамбұлда сапарлас болған әріптесіміз, 24.kz телеарнасының тілшісі Мерей Мұратханқызы бұл шаһардың өзіне тартып тұратын ерекше күші бар деп санайды. Мерей Сұлтанахмет мешітінің де мұсылман жұрты үшін алар орны орасан дегенді алға тартады.
Бұл Ыстамбұлға жасаған екінші сапарым. Әсерім өте керемет. Тарихы терең өңірдің сырына қаныға бергің келеді. Қызығушылығым еселене түсті, өйткені бұрын болмаған жерлерге бардық. Мысалы, Базилик цистернасы. Ондағы атмосфера мүлде бөлек. Архитектурасы да айрықша. Ал Сұлтанахмет мешітіне кіргенде бөлек күйге бөленесің. Оны сөзбен айтып жеткізу қиын.
Осы сапарымызды Өзбекстан мен Әзербайжаннан келген әріптестерім де әсерлі ете түскендей. Түбі ұқсас болса да, өзгеше өрілген тілдердің тоғысуы біздің дүниетанымымызға ықпалын тигізді. Рухани және кәсіби тұрғыда өсіп келдік. Осыған себепші болған «Түркітілдес журналистер қорына» алғыс айтамын, – деді Мерей Мұратханқызы.
Айтпақшы, Көк мешіт бес жылдық жөндеу жұмыстарынан соң былтыр жазда есігін айқара ашты. Мамандардың айтуынша, электрмен қамтамасыз ету жүйесі толығымен ауыстырылып, тастары тазаланған. Сондай-ақ ғимараттың сейсмикалық төзімділігі де тексеруден өткен.
Сұлтанахмет мешітінің сәулет өнерінде ғана емес, Түркия тарихы мен мәдениетінде де алар орны ерекше. Себебі 400 жылдан астам уақыт бойы мұсылмандар мінәжат ететін киелі орын Осман империясының құдіретін аңғартып тұрғандай.

СЕВАН БИЧАКЧИ: ТҮРКИЯНЫҢ «САҚИНАЛАР ӘМІРШІСІ»
Тарихы тереңге бойлаған Түркияның зергерлік бұйымдар әлемінде де өз айтары бар. Төрткүл дүние мойындап, талантымен талайды тамсандырған шеберлер Түркияда аз емес. Бірақ солардың ішінде бірегейі деп Севан Бичакчиді айтуға болады. «Ел ерімен мақтанады» демекші, түріктер ерекше құрметтейтін Бичакчидің зергерлік үйіне бас сұқпай кетпеске болмас еді. Сол үшін де сапар барысында «Сақиналар әміршісі» атанып кеткен Севан мырзаның шеберханасына табан тіредік.
Севан Бичакчи жарнамаға мұқтаж жан емес, оның он саусағынан шыққан туындының қай-қайсысы да шедевр болатынын менмін деген зергерлердің өзі жақсы біледі. Біздің мақсат – сол сұлулыққа аз да болсын жақындау, оны көзбен көріп, қолмен ұстау. Оның үстіне шебердің ешбір әшекейі қайталанбайды. Ал бұл нәзікжандылар үшін өте маңызды. Сол үшін де оның әр туындысын демімізді ішке тартып тамашалағанымыз рас.
Бичакчи зергерлік іске 12 жасында бет бұрған. Гранд Базар маңында жасөспірім кезінен сол заманның шебері Овсеп Чатактың көмекшісі қызметін атқарып жүріп, өзіндік стилін қалыптастыра алған жандардың бірі.
Техниканы үйретуге болады, бірақ құмарлық дегеніміз – басты ингредиент, ол не бар, не жоқ, – деген бір сұхбатында.
Айтпақшы, зергердің шеберханасы да сол Гранд Базар аумағында – түрік, Осман және Византия орталығы саналатын 600 жылдық тарихы бар ауданда орналасқан. Сол үшін де шығар, оның әр туындысы тарихпен ұштасып жатқандай әсерлі.
Аталған брендтің маркетинг жөніндегі директоры Али Тунайдың сөзіне қарағанда, шебер Ыстамбұлдың өткенінен, мәдениеті мен тарихынан шабыт алады. Ал туындылардың қай-қайсысы болсын тек жалғыз данамен жасалады.
Зергерлік бұйымдардың ешқайсысы бір-бірін қайталамайды. Бұл бір дизайн тек бір рет қана жасалады деген сөз. Ол сізге ғана тиесілі. Зергерлік бұйымға көз жүгірту арқылы тарихпен эмоциялық тұрғыда байланыс орнатқандай боласыз. Біз микромозайкаларды, ерекше тастарды, каллиграфияны көптеп қолданамыз. Яғни бұл бізді, Ыстамбұл тұрғынын ерекшеп тұратын фактор, – деді директор.
25 жыл бойы талмай-тынбай еңбек етіп келе жатқан шебер әлі күнге дейін әр туындыға өзі жіті мән береді екен. Өзі БАҚ беттерінде жиі көрінбегенімен, оның туындыларына сұрыныс артпаса, кеміген емес. Голливуд жұлдыздарына дейін Бичакчидің зергерлік бұйымдарын аттай қалап алдыртып жатады.
Бүгінде шеберханада 100-ден астам адам еңбек етеді. Ал әр әшекейді жасауға бірнеше ай уақыт кетеді екен. Қызметкерлердің сөзіне қарағанда, жылына 350-ге жуық зергерлік бұйым көпшіліктің назарына ұсынылады. Ал олардың бағасы сан түрлі – 8 мың доллардан басталып, бірнеше жүз мыңдаған долларға дейін жалғаса береді.

ТҮРІК АСХАНАСЫ – ОСМАН ИМПЕРИЯСЫНАН ЖЕТКЕН МҰРА
Елдің мәдениетін, дәстүрін жан-жақты тану үшін оның асханасына да ден қою керек. Түркия бұл жағынан кенде қалған мемлекет емес. Түріктің асханасы әлемде танымал. Бауырлас халықтан жеткен дөнер, кебабтарды біздің елдің де кез келген бұрышынан таба аласыз. Бірақ түрік асханасы бұл тағамдармен ғана шектелмейді. Оның тарихы тым тереңде жатыр: сонау Осман империясынан бастау алған.
Сол үшін де ұйымдастырушылар біздің топты ескі Ыстамбұлдағы Топкапы сарайынан бірнеше қадам жерде орналасқан, Осман империясының тағамдарын даярлаумен айналысатын Deraliye мейрамханасына алып келді.
Осман сарайының мәзірі – Түркияның мәдени мұрасы. Ол түрік, араб, Жерорта теңізі, Балқан, Кавказ елдерінің ерекше тағамдарын біріктіріп тұрғандай. Себебі он саусағынан өнер тамған аспаздар ең тәтті-дәмдінің бәрін сұлтандарға ұсынуға тырысты. Ал рецептілер тиянақты сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған. Алайда Осман империясы құлаған соң бұл мұра да жоғалып, ұмытыла бастады. Сол олқылықтың орнын Неджати Йылмаз бастаған өз ісінің мамандары толтырып жүр.
Неджати Йылмаздың бұл салада жүргеніне 25 жылдан асыпты. Тіпті Осман империясының асханасын тыңғылықты зерттеп жүргеніне де 10 жыл болған. Бүгінде оның «қоржынында» 400-дан аса тағам түрі бар. Неджати Йылмаз тіпті сұлтан Сүлеймен туралы түсірілген «Ғаламат ғасыр» телесериалында ас мәзірі бойынша кеңесші де болған. Ал оның мейрамханасы екі Мишлен жұлдызына ие. Сол үшін де әлемнің түкпір-түкпірінен дәл осы аспаздың қолынан дәм татуға асығатындар көп. Олардың арасында танымал жұлдыздарды да жиі кездестіресің.
Елінің тарихына елеулі үлес қосып жүрген азаматпен тілдесудің, тіпті бірлесіп ас дайындаудың мүмкіндігі туды. Әңгімелесу барысында Неджати Йылмаздың қазақ мәдениеті мен асханасына қатысты да ойын білдік. Өкінішке қарай, талай жыл ұмыт қалған ұлттық тағамдарымызды дәріптейтін мейрамханалар тек соңғы бірнеше жылда ашыла бастады. Түрік аспазы солардың бірінен дәм татыпты. Бұл істі дамыта түсу керек деп кеңес айтты.
Қазақтың асханасы ғана емес, мәдениеті де тереңде жатыр. Тек соны дамыту керек екен. Осы сапарда «Сандық» мейрамханасында болдық. Интерьері де, астың дәмі де, оны ұсынуы да ұнады, – деді ол.
Осы орайда аспаздан қазақтың еті қаншалықты көңілінен шыққанын сұрадық. Әдетте түрік халқы жылқының етін жемейді, бірақ бізді қонақ қылған мейрамхана иесі бұл еттің дәмі тіл үйіреді екен деп отыр.
Жылқы етінің дәмін татып көрдім, керемет. Қалай дегенмен қанымызда бар ғой. Шұбаттың дәмі қандай ғажап еді. Қателеспесем түйенің сүтін ашытып дайындайтын сусын. Бешбармақты да жедік, атауы ерекше – себебі бес бармақпен жейтін тағам. Аспаз болған соң ас дайындалатын өнімдер де мен үшін өте маңызды. Қазақстанда көкөністің бәрі табиғи жолмен өсіріледі, сол үшін де дәмі тіл үйіреді, – деді ресторатор.
Айтпақшы, бұл мейрамхананың тағы бір ерекшелігі – қонақтардың асты даярлау процесіне тікелей қатысуы. Осындай мүмкіндік бізге де бұйырды. Танымал аспазбен бірге сұлтандарға ұсынылған халваны дайындадық. Бұрын-соңды Мишлен жұлдызы бар мейрамханада ас даярлаймын деген үш ұйықтасам түсіме кірмейтін, сондықтан толқудың болғаны рас. Бірақ білікті аспаздың бақылауымен бәрі ойдағыдай өткен тәрізді.

«ҚАЗАҚТЫҢ ТІЛІ – ТҮРКІЛЕРДІҢ БАЙЫРҒЫ ТІЛІ»
Сапарымыздың соңында Ыстамбұлдың бірден-бір мақтанышы Ататүрік мәдени орталығына бардық. 2021 жылы қолданысқа берілген бұл нысан 96 мың шаршы метрді алып жатыр. Ішінде 15 мың кітап қоры бар кітапханасы да, опера мен театр залдары да бар. Бір қызығы, 2040 көрерменді сыйдыратын опера залды қолдан жасалған 15 мың бөлшектен тұратын қанық қызыл түсті шыны қоршап тұр. Неткен еңбек дейсің. Бірақ Ыстамбұл секілді әр тасы «сөйлеп тұрған» шаһарда басқаша болуы мүмкін емес.
Түркиялықтардың тағы бір ұнаған қасиеті – кішіпейілдігі, тарихқа шынымен де құрметпен қарауында. Қазақстаннан келгенімізді білгендердің бәрі жылы лебіздерін білдіріп, қазақтың тіліне деген қошеметін жеткізіп жатты.
Қазақтарды жақсы көремін, өте ашық, қонақжай халық. Әсіресе қазақтың тіліне деген құрметім бөлек. Себебі нағыз түркілердің тілі ғой. Біздің тіліміз еуропаланып кеткен, сол үшін де өзара байланысты нығайтуымыз қажет, – деп ойын бөлісті Зейнеп есімді Ыстамбұл тұрғыны.
Тіліңді, ұлтыңды мақтағаны кімге де болсын майдай жағады емес пе, марқайып қалдық. Жергілікті халықтың бізге деген ықыласы Түркияға орала беруге бірден-бір себеп секілді.
Рас, Түркия тұрмақ, Ыстамбұлдың өзін бірер күнде аралап шығу мүмкін емес. Қасиетті жерге қадам басқан жанның мұнда қайта-қайта оралғысы келе беретіні де сондықтан. Аңыз қаланың шежіресіне қаныққан біз де бұл шаһарға тағы келеміз деп кеттік.

www.goturkey.com

Мадина Асылбек

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Көздің жауын алған зергерлік бұйымдар

Жек Ақп 4 , 2024
Оқылды: 408 Тарихы тереңге бойлаған Түркияның зергерлік бұйымдар әлемінде де өз айтары бар. Төрткүл дүние мойындап, талантымен талайды тамсандырған шеберлер Түркияда аз емес. Бірақ солардың ішінде бірегейі деп Севан Бичакчиді айтуға болады. «Ел ерімен мақтанады» демекші, түріктер ерекше құрметтейтін Бичакчидің зергерлік үйіне бас сұқпай кетпеске болмас еді. Сол үшін де […]