Дана халқымыздың айтқанындай: «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын….» – демекші, табиғатынан бойына сіңген, сиқырлы да сырлы өнер иесі, суретші Руслан есімді сарбаз бұл күнде, өзінің Отан алдындағы азаматтық борышын егеменді еліміздің айбынды армиясының сапында адал атқарып жүр. Туғанынан бойына сіңген асқан талант иесі, қатардағы жауынгер Кеңес Руслан әскер қатарына биылғы жылдың көктемінде Талдықорған қаласынан шақырылған болатын. Әскери антты «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріне қарасты 06708 әскери бөлімінде салтанатты түрде қабылдады.
Жер бетінде сан алуан суретші бар. Оның ішінде еңбегімен төрткүл дүниені таңдай қақтыртып, таң қалдырғандары қаншама десеңізші…. Расымен қиялға ерік беріп, ойға алған бейнені қағаз бетіне түсіру, яғни біз ойлағандай бола бермесі анық.
Біле білсек, кескіндеу өнерінің иесі француз Огюст Ренуар сурет салуды ұнатқаны соншалық, тіпті жасы ұлғайған шағында буын ауырынан саусақтары кескіндеу үшін икемге келмей қалған күннің өзінде, қылқаламды білегіне байлап алып жұмысын жалғастыра берген екен. Ал, есімі әлемге әйгілі италияндық ұлы суретші Леонардо да Винчи бір қолымен сурет салып жатқанда, екіншісімен жаза алатын қасиетке ие болыпты.
Біздің қазақ халқының арасында сурет өнерінің жеткілікті дамығанын ауыз толтырып мақтанышпен айта аламыз. Қазақстандық суретшілердің ұшар басында әйгілі кескіндемеші, график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушы Әбілхан Қастеев тұрғаны баршаға аян.
Ал, осы әйгілі суретшілердің өнер жолын қуған талантты қатардағы жауынгер Руслан Кеңестің арнайы сурет салуға арналған қарындашты қолынан тастамай, үнемі өзімен бірге алып жүретіні тағы бар. Өзі туып өскен отбасының ортаншысы Руслан сурет салуға бала кезден құмар болса керек. Мерзімдік әскери қызметтегі сарбаздың айтуы бойынша, қағаз бетіне қарындашпен сурет салуды мектепте білім нәрімен сусындап жүрген кезде үйреніпті.
Биыл, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай, 06708 әскери бөлім подполковник Жасұлан Абеков қызметте жеткен жетістіктері мен үлгілі тәртібі үшін қатардағы жауынгер Руслан Кеңеске мақтау қағазын салтанатты түрде табыс етті.
Бүгінде суретші сарбаз өзінің ой-өрісін дамыту мақсатында, өнердегі шығармашылығын шыңдау үшін, бос уақытын құр жібермей сурет салумен айналысады. Өз Отанының қорғаушысы ретіндегі қолға алып бастаған туындысын Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнайтынын жасырмай, еш бүкпесіз айтып берді. Халқымыздың: «Жақсы салынған суретте көп сөздің түйіні бар» – деп айтқанындай, сарбаз алға қойған мақсатының толықтай жүзеге асатынына сенімдіміз.
Сурет өнері – өнер атаулының ішіндегі көркем де бейнелі руханият қазынасы.Әрине, осындай өнер жолын қуған қатардағы жауынгер Руслан сияқты ер азаматтар қатарымыздан табылып жатса, айбынды армиясы бар Тәуелсіз Қазақстанның мәртебесі асқақтап, арта беретіндігі сөзсіз.
Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы
лейтенант Думан Жұмашұлы