Қарағанды облысы, Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлыда аудандық кітапхана жанына «Мен кітапты сүйемін» стелласы орнатылды.
Мұсылман ғалымдарының пікірінше, «Мұхаммед с.ғ.у. пайғамбарымызға Жебірейіл періште арқылы түскен алғашқы аятта. «Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы»,-деген. Ал, халқымыздың ұлы ойшылы Абай хакім «Артық білім кітапта, ерінбей оқып, көруге» дейді. Бүгінде әлем елдері жастардың интернетке, мобильді құралдарға ғана тәуелді болмай кітап оқуға қалыптастыру үшін түрлі жолдарын қарастырып жатыр. Шет ауданының кітапханасында біз де жастарды кітап оқуға үндеп, елдегі талантты өрендердің талабын ұштау мақсатында өткен жылы оқушылар арасында Қасым Аманжолов атында жас ақындар мүшайрасын ұйымдастырдық. Шындығына келгенде кітап – ғалым, тілсіз мұғалім. Жақсы кітап – жанына рухани азық сыйлап, санаңды семіртіп, көкірегіңді нұрға бөлейді. Ғалымдардың зерттеуінде, кітап оқитын адамдардың есте сақтау қабілеті жоғары, ойлау процесі әлдеқайда жылдам болатыны анықталыпты.
Биыл елімізде балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы. Осыған орай, ауданымызда тұрғындардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, кітап оқуды насихаттау үшін бірқатар ауқымды іс – шаралар атқарылып келеді. Солардың бірі һәм бірегейі қазыналы кітап әлемінің киелі қарашаңырағы аудан орталығындағы кітапхана ғимараты жанына «Мен кітапты сүйемін» жазуы жазылған стелла орнатылды. Аталмыш стелла адам баласының ақыл ойының мәуелі жемісі кітапқа деген шынайы құрметтің бір белгісі болмақ. Ал, осынау стелла алыстан «мен мұндалап» көрініп, тұрғындарды кітапханаға шақырып тұрса дейміз.
Берікбол Дәулетұлы
Шет аудандық кітапхана басшысының орынбасары.