Қарағанды өңірлік гарнизонында Әскери полиция басқармасында механикаландырылған бригаданың жеке құрамымен жиын өткізілді. Негізгі мақсат – қоғам дертіне саналған сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу.
Сыбайлас жемқорлықты бір күнде жою мүмкін емес. Алайда еліміздің әрбір азаматы жұмыла күресу арқылы, нәтиже шығаруға болады. Осы себепті де, әділет подполковнигі Жанайдар Қайдарұлы мемлекеттік қызметте, әскери салада қатаң ішкі құрылымдық бақылау жасау орынды іс деп отыр. Кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі жемқорлықпен күресу болып табылады.
Жүргізілген жұмыстар көп жұмыстың бір бөлігі ғана. Ай сайын өткізілген шаралардың қорытындысы шығарылып отырады.
– Жеке құраммен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жүздесу барысында пара берудің және ақша алудың қылмыс екені және осы іс бойынша сотталған әскери жандарға шыққан сот үкімі жайлы баяндалды. Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі дамымауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа қарсы тұруға болады, – дейді Қарағанды өңірлік гарнизоны Әскери полиция басқармасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы әділет подполковнигі Жанайдар Қайдарұлы.