Теміртаудағы мемлекеттік тілге оң көзқарас

Теміртауда қаласындағы тіл жанашырлары  «шаһарда тіл мәселесі өзекті»,- деп шулаған соң,  біздер де сол тіл жанашырларымен хабарласып, құзырлы мекемелерден жауап алып, бірқатар түйткілдерді жазған едік. Енді  «Теміртау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ мамандары қаладағы мемлекеттік тілді дамыту жайында атқарылып жатқан жұмыстары жайында ағынан ақтарылыпты. Әрдайым қазақ елінің мемлекеттік тілінің тұғыры биік болғай! 

Оң нәтижелер де бар…

Жуырда «Aimaq09.kz» сайтында Әлия  Қайыптың  «Теміртау қаласында мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілді менсінбейді» атты мақаласы жарияланған екен. Мақала авторы Теміртау қаласындағы мемлекеттік тілдің мәселесін сынға алған. Әрине қалада  мемлекеттік тілге байланысты түйткілді мәселелердің бар екендігін біз де жоққа шығармаймыз. Алайда Теміртау ерекше қала екендігін де ескерейік. Бір шаңырақ астына тоқсанға тарта ұлт пен ұлыс өкілдерін татулық пен бірлікке ұйыстыра білуде ел тыныштығын сақтаудың бір қағидасы. Дегенмен қалада мемлекеттік тілдің жайы назардан тыс қалды деуге келмейді. Тілдің жайы-елдің жайы екендігін қалалық әкімдіктің де, мемлекеттік тіл саясатын жүргізіп отырған құзырлы мекеменің басшылары да жақсы түсінеміз. Әрі жүйелі жұмыстар жүргізіліп, олар оң нәтижелерін де беруде. Сондықтан біз Теміртау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде  осы орайда атқарылып отырған жұмыстар жайлы  ой бөлісуді жөн көрдік.

Биылғы жылдан  бастап «Теміртау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ-сі Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бағытында жұмыстар жүргізуде. Бөлімнің алға қойылған міндеттерінің бірі – жергілікті атқарушы органдардағы құжат айналымын мемлекеттік тілге көшіру. Ал мемлекеттік мекемелердегі тілдің жайына келер болсақ, 2019 жылы «ҚР Тіл туралы» Заңының орындалу барысы жайлы  Теміртау қаласы әкімі аппаратының отырысында 2 рет, 1 рет алқа мәжілісінде қаралған. Іс-шаралар жоспарының негізгі бағыты – бұл тілдерді меңгеру, мемлекеттік тілді насихаттау болып табылады. Осы бағытта қаладағы мемлекеттік органдардың құжат айналымындағы кіріс және шығыс құжаттарының мемлекеттік тілде рәсімделуіне тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Мемлекеттік тілде әзірленетін құжаттардың сапасын арттыру мақсатында мемлекеттік және азаматтық қызметшілерге әдістемелік семинарлар мен дөңгелек үстел ұйымдастырылады. Мәселен, қаламызда 2020 жылдың  бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттарының үлесі  90,6 пайызды құрап отыр. Барлық мемлекеттік мекемелерде  тұрғындардан түскен шағымдарға жауап беруде, азаматтарды қабылдаулар да заңда көрсетілген талаптар бойынша жүргізіліп отырады Сонымен қатар, Теміртау қаласы әкімдігінің құрылымдық бөлімдерінің мемлекеттік тілдегі құжат айналымына тоқсан сайын мониторинг жүргізіліп,  тұрақты түрде сарапталады. Соңғы кездері қаламызда қазақ тілінде іс-шаралар жиі ұйымдастырылып отыр. Мұндай шаралардың тұрақты түрде өткізілуі де мемлекеттік тілді насихаттау бағытындағы игі істердің басты назарда екендігін көрсетеді.

Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруда басты назар тұрғындардың лингвистикалық капиталын дамытуға, атап айтқанда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге және орыс тілінің қызметін сақтауға, ағылшын тілін оқытуға және қаладағы басқа этностардың ана тілдерін дамытуға бағытталған. Теміртау қаласында мемлекеттік, ағылшын және орыс тілдерін оқытуға қолайлы жағдай жасалған. Мысалы: 2014 жылдан Теміртау қаласында ересек адамдарға тегін түрде қазақ, ағылшын және орыс тілдерін үйрететін «Теміртау қаласының тілдерді дамыту орталығы»  КММ жұмыс жасап келеді. Бұл жұмыстар да нәтижесіз емес. Жалпы алғанда, курстарға тыңдаушыларды қамту бойынша облыс көлемінде біздің орталық жоғары көрсеткішке ие. Курс бітірушілер өз деңгейлерін қосымша Қазтест тапсыру арқылы дәлелдеп келеді. Қаламыздағы мемлекеттік  тіл саясатын қолдап, дамыту мен қолданыс аясын кеңейту, үштілділікті дамыту қызметтері  тек курстар жүргізумен шектелмейді, сонымен қатар Теміртау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің және орталықтың жоспарына сәйкес  түрлі іс–шаралар арқылы да жүзеге асуда. 2019 жылы осындай шараларға барлығы 5000-аса қала тұрғыны қамтылды.

Соңғы екі жылда Теміртау қаласының идеологиялық тұрғыдан көше атаулары тарихи, ұлттық дәстүрге сай атаулармен, елімізге белгілі тарихи тұлғалардың есімдерімен қайта  аталды. Мысалы: қаладағы 13 құрамдас бөлікке жаңа атаулар берілді. Бұрынғы Қарағанды шоссесі – Қарағанды көшесі; Нижняя– Жұмабек Тәшенов көшесі; Степан Разин көшесі – Сарыарқа көшесі; Пионерская көшесі – Евгений Брусиловский көшесі; Советская көшесі – Ынтымақ көшесі; Комсомол даңғылы – Бауыржан Момышұлы даңғылы; Димитров көшесі – Абай көшесі; Коммунаров көшесі– Олег Тищенко көшесі; Калинин көшесі – Сәкен Сейфуллин көшесі; Герцен көшесі – Ахмет Байтұрсынұлы көшесі; Тольятти көшесі – Еламан Байғазиев көшесі деп қайта аталды. Сондай-ақ, қаламызда енді «Астана» алаңы, «Бірлік» және «Теміртау жастары» атты жаңа скверлер бар. Шындығын айту қажет,бұл соңғы жылдары тұрғындар арасында қызу талқыланып келе жатқан өзекті мәселенің бірі болатын. Оның оң шешімін табуы да қол жеткізген жетістіктің бірі деп айта аламыз.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруда, сондай-ақ, оның қолданыс аясын кеңейтуде ерекше маңызға ие қозғаушы күштің бірі көрнекі ақпараттар мен жарнамалар екендігі белгілі. Қашанда көрнекі ақпараттар тіліндегі өріп жүрген қателер, сауатсыз, олақ аудармалар, сөздік қолданыстағы кемшіліктер тіліміздің көркемдігіне әсер етеді. 

Осыған байланысты, жыл сайын Теміртауда «Көрнекі ақпарат пен жарнамаға–сауаттылық!» айлығы ұйымдастырылады. Айлық барысында барлық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмек көрсетіледі. Аталған рейд жұмыстары мәслихат, кәсіпкерлер палатасы, жастар орталығы, ішкі саясат бөлімі, кәсіпкерлер бөлімі, қоғамдық кеңес өкілдерінің және «ТТК», «Отан Заман» журналистерінің қатысуымен жүргізіліп отырады. Бір өкініштісі осы тексерістер барысында кемшіліктер анықталып жатқанымен, оны жүзеге асыру тетігі осал. ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 75-бабында «Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасын бұзғыны үшін жауаптылық» қарастырылған, дегенмен жергілікті атқарушы органдардың жарнамалардағы қателіктерін түзетуге кәсіпкерлерге ұсыным хат арқылы ескерту жасаудан өзге құзыреті берілмеген. Егер құзыретті органдармен айыппұл салынып, қатаң жауапкершілік талап етілсе бұл тексерістердің де өз нәтижесін берері сөзсіз еді. Соңғы кездері қала көшелеріндегі қазақша жарнамалардың да көбейіп, көз сүйсінтетінін де айта кету қажет.Теміртау қаласында көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндерін қатесіз әрі сауатты жазылуын қамтамасыз ету мақсатында бірыңғай кеңес беретін «Callcenter» қызметі мен тегін консультациялық көмек көрсететін Telegram каналы жұмыс істейді (922159,87754325107).

Ал Теміртаудағы қазақ тілді басылымдар жайына келер болсақ, бұл өзекті мәселенің бірі. Алайда қазіргі таңда БАҚ-ның барлығы жеке меншік. Соған қарамастан, бұл мәселе қала басшылығының назарынан тыс қалды деуге болмайды.

Міне жоғарыда атап өтілген жұмыстардың барлығы Теміртау қаласында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қол қусырып отырмағандығын көрсетеді. Әрине қашанда сын айту оңай. Сын түзелмей,мін түзелмейтіні де белгілі. Ал  мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде бөлім қызметкерлерімен, барша теміртаулықтардың бірлесе жұмыс жасауы қажет. Ол үшін қай орынға барсақ та қазақша сөйлеп, мемлекеттік тілде өз құқығымызды қорғай білейік. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту арқылы ғана мәселені шешуге болады деп ойлаймыз. 

 «Теміртау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ

бас маманы

Гүлмира Олжабаева

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

АШАРШЫЛЫҚ ҚАСІРЕТІН ТҮСІНЕ АЛДЫҚ ПА

Сей Мам 26 , 2020
Оқылды: 1  396 Қазақстанда 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осы күннің атауының өзінде ашаршылық құрбандарына деген мән бермеушілік, немқұрайлылық жатқан сияқты ма? Алдыменен бірнеше мың саяси қуғын көргендер ауызға алынып, содан кейін ғана аштықтан өлген миллиондарға арналған сыпайы сөздердің – «және ашаршылық құрбандарын еске алу […]