Бәдік айту дәстүрі жайында Әбубәкір Диваев, Сәкен Сейфуллин т.б. зерттеп жазған. Бәдік өлеңін айту себебі адамда немесе малда ауру кездессе, оны өлеңмен аластап қуып шығу, өзге жерге көшіру мақсаты көзделген. Ерте кезде адамда қауіпті ауру кездессе, «малға көш, алыс жерге көш, түрлі заттарға көш»,- деп аластамақ болған. Ал мал ауырса ауыл адамдары, қыз-келіншектер жиналып, ауырған малды қоршап бәдік өлең айту дәстүрге айналған. Әуелі бақсылардан басталған ғұрыпты кейінде ақындар, жиын-тойға жиналған жастар айтатын болған. Тіптен ақындар да бәдік өлең айтысып, сайысқан. Онда қыз-жігіттің қалжыңы, ол ауылдағы жамандықты көшіру, аластау қажеттігі айтысқа тиек болған. Бәдік өлеңдерді көпшілік жиын-тойда да жырлап, көңіл көтерген. Жамандықты, ауруды қуу мақсатында бәдік өлең айту үшін жастардың, елдің жиналып қызықты кеш өткізуіне де себеп болған.
Тамаша Омарқызы Қойшыбаева
1978ж. Шет ауданы, Жұмыскер ауылында туған.
Бүгінде Ақадыр кентінде кітапханашы. Тіл жанашыры.
Әкесі Омар Қойшыбаев та айтыстарға қатысып, жыршы-ақын болған. Тамашаның да әке ізімен бірнеше өлеңдері баспасөзде жарық көрген. Қазақы дәстүрмен мынау қауіпті вирусты аластау мақсатында жазылған бәдік жырын оқып көріңіздер.
http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар.
БӘДІК ЖЫРЫ
Әлеумет, мен сөйлейін жалпыңызға
Дәстүр бар, сақталыпты халқымызда.
Сырқаттанған жағдайда адам да, мал
Бәдік жырын айтыпты салтымызда.
Сол дәстүр маған жетті кезекпенен
Жыр болып жарып шықсын өзекте өлең!
Айтарымды айтайын алдыменен
Содан соң дайыныңа кезек берем!
Қысылтаяң кез боп тұр елімізде.
Емін-еркін жүруші ек жерімізде.
Жаратқан жарлығымен жар салып тұр,
Дегендей»мен қандаймын»-көрдіңіз бе?
Әуелден, көп тілегін Алла берген.
Сынақтан сүрінбейік жанға берген.
Мұсылман намаз оқып, дұға жасап,
Көрген күн, дәм-тұзына тәубе,-деген.
Келіңіз, бәдік жырын біз айтайық!
Қол жайып қиындықты азайтайық!
Көш-көш айтып, Алланың қалауымен
Елдегі ауырлықты тазартайық!
Көш-көш, Қазақстан елінен көш!
Саялы, самал-бұлақ жерімнен көш!
Ата-баба мирас қып тастап кеткен
Асыл жер, әулиелі төрімнен көш!
Көш-көш!
Аспандағы ақ бұлтпен көш!
Зияныңды тигізбе, сақтықпен көш!
Бірдеңеден қалғандай тез-тез басып,
Қарайламай артыңа аптықпен көш.
Көш-көш!
Асқаралы асуға көш.
Алды-артың қысқа болсын, шашылма көш!
Адамзат ақылымен өсіп-өнген
Жаратқан сана берген басымнан көш!
Көш-көш!
Осыменен аулаққа көш!
Сонда сіңіп, жоғалып қал-маққа көш!
Ізіңнен түк көрінбей қалсын көш-көш!
Қаншама жүргеніңді салмақта көш!
Осыменен болды, енді, аулаққа көш!
Желмен ұшып, жоғалып жан-жаққа көш!
Көш-көш-ай, десе көшеді.
Жақсылық желдей еседі.
Жұртыма, енді, Жаратқан
Денсаулық бергін еселі!
Көш десе, көшіп кетеді-ай,
Денсаулық бергін еселі,
Бақ-талай бергін бес елі!
Кезегімді берейін,
Айтарым менің осы, енді!
Жалғастырар әрі-қарай
Көрсетейік шешенді!
Қазағым бастан көсем-ді.
Бәдік жырын жырласақ,
Ауырлық бізден көшеді.
Мұң-уайым бізден кетеді.
Көш-көш-ай, десе көшеді!
Көш-көш-көш!
Елім менің, ет-жүрек елжіреген
Қандай көмек күтесің, енді, менен?
Жаратқаннан жарлық кеп ой салғанда
Ем іздейді адамзат, енді неден?
Ем тауыпты, ал, енді үлгере ме?
Қайтадан бір алаңсыз күн келе ме?
Ертегіден естуші-ек ғажайыпты
О, Жаратқан, сондай бір күйге бөле!
Адамзат өз ойына тұншығады.
Өмірді қимай, шіркін, құлшынады.
Тереңіне тартып-ап сыр ашпай тұр.
Өз әуенін айтуда тылсым әні.
Тіршілік шырылдап тұр шыбын жаны
Себебін кім біледі мұның-дағы?
Пенделер байыз таппай жүруші еді
Алсын-, деп тұрған шығар тыным тағы.
Ұмтылып шыққанменен үнім тағы
Көп сандар бойымызды суытады.
Елімізден тартып ал, бұл ауруды
Құдіретті Құдайдың суы, тауы!
Құдіретті Құдайдың көгі, жері
Жаңбыр беріп шайып кет, елімдегі
«Су шаймайтын нәрсе жоқ»-деген сөз бар.
Ауырлықты жеңілдет жерімдегі!
Құдіретті Құдайдың көк аспаны!
Тұманыңмен тұмшала Алаштағы
Найзағайды ойнатып тұрған Раббым!
Жарқылыңмен өртеші, жанас-дағы!
Сынағыңды жеңілдет, Алаштағы!
Темірден бе, кім білсін, Алаш жаны?
Төзіп келеді, төзуде қазақ тағы.
Тағы,-десем жағам ба бір Аллаға?
Көпсіндің ,-деп бермесін азап тағы…
Ауыр азап арқалап азаматтар…
Бірақ та, о дүниеде азап от бар.
Қиындықта сынбасын қазағымыз
Жібер, Құдай, жеңілдік-қазанаттар!
Сол-қазанат көтерсін көгімізге
Бір тазалық орнасын елімізде!
Аз-ақ-пыз, сондықтан да күш қуат бер!
Саны көп ел айналсын теңімізге!
Сезім күші билеп-ап бойымызды.
Тазарт, Алла, жаңартып ойымызды!
Басқаша бір өң беріп қалармысың?
Шешіп-ап»күнаһарлау тонымызды».
Құдіретті Құдайдың күші-желі!
Екпініңмен ертіп кет, елімдегі!
Басқа шыққан ол-бір тәж ауруы емес,
Жамандық қой ол-жердің бетіндегі.
Құдіретті Құдайдың қою түні!
Бүгінгі күн-ластықты жою түні.
Таңға жетсек таңғы нәсіп-тәңірден.
Шапағат-нұр шырайға тою күні…
Құдіретті Құдайдың қою түні
Әлем нұрға шомылып баю күні…