Қарағанды облысынан шамамен 1200-ге жуық азамат мерзімді әскери қызметке шақырылады.
Қарағанды облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне баратын әскери командаларды жасақтау үстінде.
– Қазіргі уақытта Қарағанды облысында Қарулы Күштер қатарына 300-ге жуық әскери қызметші шақырылды. Барлығы 2021 жылдың маусым айының соңына дейін Қарағанды облысынан 1200-ден астам азаматты Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құрамаларға қабылдау жоспарланып отыр, – деді Департамент бастығының орынбасары – кадрларды басқару бөлімінің бастығы, подполковник Рустам Жалбинов.
Бүгінде командалар жасақталып, Шымкент, Ақтау және Гвардиялық гарнизондардың әскери бөлімдеріне жіберілді. Талдықорған, Аягөз, Қапшағай және Семей гарнизондарына жіберуге дайындық жүріп жатыр.
Әскерге шақырылушыларды іріктеуге және қабылдауға байланысты рәсімдер ашықтық қағидаттарын сақтай отырып жүзеге асырылады. Үміткерлер және олардың отбасы мүшелері тұрғылықты жері бойынша дирекциялар мен қорғаныс істері жөніндегі департаменттерден кеңес ала алады.
Сонымен қатар, әскери бөлімдерді іріктеу мен тарату кезінде әскерге шақырылуға дейін балалардың алған мамандықтары ескеріледі.
Елдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, көктемгі шақыру кезінде әскерге шақырылушыларды ПТР зерттеу екі рет өткізіледі: шақыру кезінде жиналу пунктінде және жас шақырылушылар келген кезде әскери бөлімдерде.