КАЗГЮУ-де оқытушылармен бейресми кездесулерді жиі өткізуге тырысамыз. Әр жиналыс сайын әртүрлі тақырыпта әңгімелесеміз.
Мұндай кездесулер арқылы оқытушылар өздерінің дәрежелері жоғары оқу орнының басшылығымен тең екенін түсінеді. Бұл – КАЗГЮУ-де бірнеше жыл бұрын енгізілген горизонталды басқару жүйесінің жалғасы. Енді университетке қатысты кез келген шешімді ректор немесе декан емес, ұжым шешеді. Яғни ұжымның пікірі ескеріліп қана қоймай, шешім қабылдаудың өзі толығымен жоғары мектеп комитеттеріне (академиялық сапа комитеті, этика комитеті, ғылым комитеті) берілді, ал әкімшілік (провост, декандар) араласпайды.
Бір-бірімізге жоспарымыз, жобаларымыз, идеяларымыз туралы айтамыз. Сенім – жеке өмірде ғана емес, жұмыста да қарым-қатынастың негізі. Біздің болашақ жоспарларымыз сәйкес келуі керек. Әйтпесе, жұмыс берушінің армандары мен жоспарлары басқа, оқытушылардың ойы мүлдем өзгеше болуы мүмкін. Сонымен қатар бұл бір-біріміздің көзқарасымызды түсінуге көмектеседі.
Заманауи білім саласындағы өзекті проблемаларды талқылаймыз. Қазіргі басты міндетіміз — ғылыми тұрғыда ойлайтын жастарды осы салаға баулу, жас ғалымдарды тәрбиелеу. Бұл мәселені тек университет ішінде ғана емес, Парламент Мәжілісінің деңгейінде талқылауға шығарамыз.
Алдағы уақытта КАЗГЮУ-дың әрбір қабатына арнайы тақта қойылады. Оған кез келген қызметкер мен оқытушы университет жұмысын жақсарту бойынша ұсыныстары мен идеяларын жазады деген сенімдемін. Әрбір жақсы идея бағаланатын болады.
Талғат Нәрікбаев М.С. Нәрікбаев атындағы KAZGUU Университетінің басқарма төрағасы
Редакциядан: Өзге де жоғарғы оқу орындарына үлгі боларлық тәжірибе екен. Бұл университетте жаңа технология, пайдалы өзгерістер жаңаша үлгіде енгізіліп жатыр. Барып көрсеңіздер болады.