Қазақстанда 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осы күннің атауының өзінде ашаршылық құрбандарына деген мән бермеушілік, немқұрайлылық жатқан сияқты ма? Алдыменен бірнеше мың саяси қуғын көргендер ауызға алынып, содан кейін ғана аштықтан өлген миллиондарға арналған сыпайы сөздердің – «және ашаршылық құрбандарын еске алу күні»,-деп қосыла салуы осыны көрсететін сияқты.
Бейбіт Оспанұлы Күлмағамбет.
Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Сарышаған ауылында 1965ж. дүниеге келген. Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің заң фак. бітірген. ҚарМУ-нің қылмыстық кафедрасында оқытушы болып қызмет атқарған. Түркиядағы Докуз Ейлюл университетінің докторанты. «Шығыс тәттілерінің Қарағанды фабрикасы» кондитерлік компаниясының директоры.
Сайтымыздың тұрақты авторы.
http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар.
Тарих таразысының бір жағына мыңдаған саяси сүргінге түскендердің өмірін, екінші жағына миллиондаған қазақтың аштан өлген қатыгез тағдырын қойсақ, қай жағы ауыр басары айдан анық. Әрине, саяси қуғын-сүргін көргендерді еске алу – адамгершілік парызымыз. Бірақ оның жанында ашаршылықтың қасіреті, халық санасында қалған ізі, жан жарасы өлшеуге келместей ғасырларға жалғасатын өте ауыр жағдай. Қазақ халқы үшін «Ашаршылық» ерекше қайғылы, қара жамылған, ұмытылмас қасіретті естелік. Сондықтан саяси қуғын көргендерді еске алу күнінен бөлек, мемлекетімізде ашаршылық құрбандарына арналған ерекше шаралар өткізілетін, бірнеше күн аза тұтатын күн болуы керек. Басқа елдерден үлгі алатын болсақ (мысалы Израиль), ел ішіндегі барлық тулар түсіріліп, Президенттің, саяси партиялардың көңіл бөлулерін мәжбүр ететін, ғылыми конференциялар мен кездесулерді өткізетін, мешіттерде арнайы намаздар оқылып, қасіретті кезеңге арналған уағыздар айтылатын күнге айналуы қажет.
Кінәсіз қазақты жалмап жұтқан қызыл қанды ауыз, үш басты айдаһар – Ленин, Сталин, Голощекин еді. Адамзат тарихында болмаған зұлмат – геноцид, бір этностың көзін жоюға арналған болшевиктердің саяси акциясы, өлшеп-пішіп жоспарланған әрекеті болды. Сол зұлмат кезеңде Қазақстанда өмір сүрген басқа ұлттар тірі қалып, аштықтан қырылғанның басымы қазақ болғанынының өзі осыған дәлел. Ашаршылықты ойлағанымда көз алдыма далада көмусіз қалған, аң мен құсқа жем болған бабаларымыздың әр жерде мыңдап шашылып жатқан ақ сүйектері келеді. Әлі де көмілмеген! Біз көмдік пе оларды? Бүтін адамзатқа жеткізіп, дауысымызды шығарып айта алдық па, бастан өткізген қасіретті шындықты? Осындайда ішімізге ін салып алған «белгісіздің» сатқын дауысы»: «Не үшін осы, неге керек бықсытып?» – дейді. «Болары болды, бояуы сіңді. Бұл жұмысты биліктегілер жасасын. Қолымыздан не келеді,-деген «бейшара» дауыс, жо-жоқ, өлген рухтың дыбысы. Бүгінге дейін кеудедегі көзіміз көр болып, көрмей келген сүйектерді жерлер уақыт келмеді ма? Ізі қалмаған қорымдарды тауып, ескерткіштер қоятын, кешіккеніміз үшін аруақтардан кешірім сұрар кез. Жиі-жиі Құран оқытар, ұмытпай, рухтарын еске алар күн! Жақында ашаршылыққа байланысты басымнан өткен уақиғаны ФБ парақшама «Аштықтан өлгендердің қабірлері қайда дегендерге жауап»,- деп жариялап, осы сайтқа «Әділет түйсігі»,-деген атпен мақала жазған едім. Бірнеше күн бұрын «Царьград» деген Ресейдің сайтында «қазақтар геноцидті ойдан шығарған, архивтері жоқ,- дегенді тағы оқыдым. Архивтердегі құжаттардың құпиялары жақында ашылар, шындықтың барлығы ортаға шығар, әділдік орнар,- деп тоссақ, өзімізді өзіміз алдап, босқа уақыт өлтіреміз. Арқамызды әдеттегідей кеңге салсақ, тарихи іздер өшіп, дәлелдер жоғалады. Қазіргі қызыл империя Қытайдың қазақ, қырғыз, ұйғырға т.б мұсылман, түркі жұртына «саяси оқыту» лагерлеріндегі жасаған зұлымдығы, сол кезеңдегі Совет коммунистерінің қазаққа жасаған зорлық-зомбылығының тікелей көшірмесі емес пе! Яғни, ештеңе өзгермеді. Біз, қазақтар, тарих дәрісінен сабақ алмадық. Келешекте бізге осындай эксперименттер жасағысы келетін «дос» табылмас дейсіз ба? Қазірдің өзінде қандастарымыздың жандарын қинап жатқанын көрсек те, көрмегендей боламыз. Жан тыныштығы керек, бізге. Өткеннің ақ-қарасын жіктеу, біреуді кінәлау, дұшпандық сезімді ояту емес; тарихымызды білу, жадымызда сақтау, бұдан кейін ешкімге бізді өлтіріп-қыруға жол бермеу үшін керек! Құлағымызды тік, көзімізді ашық ұстап, өткеннен тарихи дәріс алуымыз үшін қажет. Енді не істей аламыз, біз – қарапайым қазақ? Егер сол кезеңнің ізі жасырылып, архивтер ашылмаса, қалған естеліктерді оқи алмасақ… Өткен зұлматтың тарихи куәліктерін тырнақтап жинап, архивті өзіміз қалыптастыруымыз керек. Нағыз архив – халықтың санасында сақталған естелік. Ата-әжелерімізден естіген, сол қиын кезеңнің уақиғалары. Бәріміз ашаршылыққа байланысты үйдегі үлкендеріміздің айтқандарын еске алып, жаза бастасақ. Көп болып қосылып, ашаршылықты дәлелдейтін куәлардың естелік кітабын жазып көрсек. Ашаршылық туралы кітап құрастырсақ. Кітап автролары біз болсақ, әрқайсымыз. Әркім естіген уақиғасын, аштан өлгендердің тірі қалған ұрпақтарының есімдерін, мекен аттарын жазып жіберсе комменттерінде. Жазғандарыңызды жинақтап, facebook парақшамда шығарып отырсам, тізбектеп. Бұл бастама қолдау тапса, жалғасы қалай болар, кейін кеңесіп шешерміз.
Қалай ойлайсыздар? Егер қолдаймыз десеңіздер, өткен зұлматтың куәсі болар естеліктеріңізді жазып жіберіңіздер. «Қаламмен жазғанды балтамен шауып өшіре алмайсың»,- демеуші ме еді дана халқымыз?