Жеңіс Қасымбек халықтан кешірім сұрады

Қарағанды облысында да басқа өңірдегідей «басы ауырып, балтыры сыздаған» жұрттың қарасы ерекше көбейіп кетті. Осыдан екі-үш ай бұрын тұмау белгісі білінгендердің кейбірі дәрігердің көзіне түскісі келмей, ауруханада емделуден қашатын еді. Енді жұрт сырқат деңдеп, үрей мен күдік қоса алмасқан қиын шақта екі көзі төрт болып, жедел жәрдем шақырта алмай әлек болуда. Сырқаттанған жұрт жедел жәрдемді кейде тіпті күні  бойы күтуге мәжбүр. Денсаулық сақтау саласының басшылығы бұл жайтты шақырту көп болғандықтан, жедел жәрдемнің үлгермеуімен байланыстырады.

Жедел жәрдемнен күдер үзген жұрттың ендігі амалы дәріхана жағалау болды. Қай дәріханаға барсаңыз да, ұзын-сонар кезекке тап боласыз. Талай жұрттың дәріханадан тауы шағылып шығып жатады. Өйткені дәріханалардың басым бөлігінде вирусты емдейтін дәріні айтпағанда, дене қызуын түсіретін парацетамол да жоқ. «Ауылда ата-анам сырқаттанып қалды, оларды қалаға дәрігерге алып келудің реті жоқ, бұрын да дұрыс қарамайтын дәрігерлердің қазір мүлдем мүмкіндігі жоқ. Сондықтан өзіміз үйде емдеп көрейік деп шештік. Дәріханадан парацетамол дәрісін таппай, таң атқалы 15 дәріхананы аралап шықтым. Аспиринге әкемнің аллергиясы бар, парацетамол жоқ, әбден тығырыққа тірелдім. Ең құрығанда биліктегілер дәріханаларды халыққа ауадай қажет дәрілерге толтырып қоюға  болар еді ғой», – дейді Қарағанды тұрғыны Қарақат Орынбекқызы.
Денсаулық сақтау басқармасының мамандары жақында парацетамол тәрізді қажетті дәрі-дәрмектердің қала дәріханаларына түскенін мәлімдеді. Алайда дәріні жұрт талап әкете ме, әлде дәрі жеткіліксіз мөлшерде түсе ме, бұл жағы беймәлім. Бір анығы, жұрттың қолы дәріге толық жетпей тұр.
Жұрттың әлеуметтік желідегі жанайқайын естіген облыс әкімі Жеңіс Қасымбек қараша халықтан дәрігерлер үшін кешірім сұрап, тұрғындарды сабырға шақырды. «Егер қандай да бір жағдайда медицина қызметкерлері эмоцияға беріліп, түсіністік танытпай жатса, мен кешірім сұраймын. Біз қателіктерді көріп отырмыз, оны түзетуге тырысамыз. Сіздерді үрейге берілмей, санитарлық қауіпсіздікті сақтауға шақырамын», – деді облыс басшысы.
Бүгінгі таңда Қарағанды облысында ауруханаларға науқастар сыймай жатыр. Қосымша провизорлық нысандар ашылуда. Облыста жалпы саны 20 инфекциялық емдеу мекемесі жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 13 пульмо-провизорлық мекеме болса, жетеуі карантиндік нысандар. Бұл емдеу мекемелері 3650 орынға жасақталған. Сонымен қатар  Қарағандыдағы медициналық университеттің жатақханасын инфекциялық стационарға айналдырған. Облыста 7 шілдедегі жағдай бойынша коронавирусқа шалдыққандар қатары 5520 адамға жетті. Бүгінге дейін қауіпті індеттен 38 адамның өмірі қиылды.

Редакциядан: Шілденің 9 күні  Қарағанды ​​облысы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров пен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент бастығы Денис Шакенов бастаған арнайы бақылау тобының мүшелері қаланың дәріханалары мен дәрі-дәрмектер қоймасына барып, тиісті жағдаймен танысты. Билік өкілдері 2-3 күнде барлық дәріханаларға қажетті дәрі-дәрмектердің жеткізетінін хабарлады. Сондай-ақ Президент тапсырмасына орай, заңсыз түрде дәрі бағасын үстемелеу, алыпсатарлық қатаң жазаланатынын да ескертті. 

Арайлым Еркебаева, Қарағанды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

13 шілде Жалпыұлттық аза тұту күні

Жек Шіл 12 , 2020
Оқылды: 1  317 «Әр қазақ – менің жалғызым» дегендей, әрбір азаматымыздың қазасы менің жүрегіме қатты батады. Мынау алапат індет арамыздан талай асылдарымызды жұлып әкетуде. Бүгінде қара жамылып отырған азаматтардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Сол үшін 13 шілдені Ұлттық аза тұту күні деп жариялаймын», – деді теледидардан берілген үндеуінде Қазақстан Республикасының Президенті […]