Жасанды интеллект – геологтың жаңа құралы

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Геология және пайдалы қазбалар кен орындарын барлау» кафедрасында маңызды шара – геология саласында жасанды интеллектті қолдану мәселелеріне арналған Зияткерлік клуб отырысы өтті.

Іс-шара дәстүрлі түрде сәуірдің бірінші жексенбісінде атап өтілетін Геолог күніне орай ұйымдастырылды. Жиынға студенттер, магистранттар, кафедра оқытушылары, сондай-ақ геология саласына заманауи технологияларды енгізуге қызығушылық танытқан мамандар қатысты.

Клуб барысында қатысушылар заманауи технологиялардың геология, геофизика және білім беру үдерісіндегі рөліне арналған баяндамалар жасап, ой бөлісті. Ерекше назар геологиялық деректерді өңдеуде, пайдалы қазбалар кен орындарын болжауда және барлау жұмыстарының тиімділігін арттыруда жасанды интеллектті қолдану мүмкіндіктеріне аударылды.

Машиналық оқыту мен үлкен деректерді қолдану арқылы геологтар зерттеу нәтижелерін бұрынғыдан жылдам әрі дәл интерпретациялай алады. Бұл өз кезегінде шығындарды азайтып, барлау сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Спикерлер ЖИ-дің геофизика, сейсмикалық деректерді өңдеу, жер қойнауын картаға түсіру және табиғи апаттарды болжау салаларындағы нақты қолданыс мысалдарын келтірді. Жасанды интеллект бұрын көп уақыт пен адам ресурстарын қажет еткен үдерістерді автоматтандыруға жол ашатыны атап өтілді.

Нейрондық желілер мен машиналық оқыту алгоритмдерін қолдану геологтардың жұмыс тиімділігін арттырып, жаңа кен орындарын барлауда тәуекелдерді төмендетуге ықпал етеді.

Пікірталастың маңызды бағыттарының бірі ретінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған стратегиялық міндеттер талқыланды. Мемлекет басшысы геология саласын дамыту мен минералды-шикізат базасын кеңейту үшін озық технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өткен болатын. Бұл ретте геологиялық барлау саласын жаңғырту, инвестициялар тарту және ғылыми әлеуетті дамыту міндеттері айқындалған. Жасанды интеллект осы мақсаттарға жетуде негізгі құралдардың біріне айнала алады.

Іс-шараның кәсіби-бағдарлық маңызы да зор болды. Геология саласының мамандары ел экономикасының негізін құрай отырып, оның тұрақты дамуына ықпал етеді. Қазіргі таңда геолог мамандығы цифрлық технологиялардың арқасында жаңа мазмұнға ие болып, еңбек нарығында сұранысқа ие, болашағы зор салалардың қатарына еніп отыр.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті талапкерлерді геология және геофизика бағытындағы мамандықтарға оқуға шақырады. Мұнда студенттер іргелі біліммен қатар, заманауи барлау және талдау әдістерін меңгеріп, жер қойнауын зерттеуде жаңа технологияларды қолдануды үйренеді. Университет қабырғасында оқи отырып, елдің даму жолында маңызды жаңалықтар ашуға қабілетті зерттеушілердің қатарынан табыла аласыз.

Кәсіби мереке қарсаңында барлық геологтарды, студенттерді және кафедраның профессорлық-оқытушылар құрамын Геолог күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Сіздерге тың жаңалықтар, табысты зерттеулер мен кәсіби жетістіктер тілейміз. Еңбектеріңіз ел игілігіне айналып, отандық ғылым мен экономиканың дамуына өз үлесін қоссын. Алда жаңа экспедициялар, сәтті жобалар мен жарқын жетістіктер күтіп тұрсын!

С.Б. Иманбаева  Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті ГПҚКОБ кафедрасының аға оқытушысы 

Е.С. Ли Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті ГПҚКОБ кафедрасының аға оқытушысы 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

«Жасанды интеллект дәуірі: Баспа ісі, медиа және дизайн» бойынша көктемгі мектеп ұйымдастырылады

Дүй Сәу 7 , 2025
Оқылды: 104 «Жасанды интеллект дәуірі: Баспа ісі, медиа және дизайн» – І Халықаралық көктемгі мектеп Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өтеді. 2025 жылдың 17-18 сәуірінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің «Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер» кафедрасы Ұлттық кітап күніне орай «Жасанды интеллект дәуірі: Баспа ісі, медиа және дизайн» атты І Халықаралық […]

Шұғыл!