Теміртауда мемлекеттік тіл қарапайым халық пен тіл жанашырларына ғана керек пе? Құзырлы мекеме өкілдері қазақ тілін қашан меңгереді? Жиындарын қашан қазақ тілінде өткізеді?
http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар.
Тәуелсіздігімізді алғанымызға 30 жыл болғанымен, өкінішке қарай Қарағанды облысы, Теміртау қаласында мемлекеттік тілдің мәселесі әлі де өзекті. Тұрғындардың пікірінше, Теміртауда 2014 жылы тілдерді дамыту орталығын ашуға жергілікті бюджеттен 20 миллион теңге бөлінген. Тіл үйрету орталығын ашқан кезде билік 180 мыңға жуық тұрғыны бар Теміртау қаласында қазақ тілін үйренгісі келетіндер көп болар деп үміттенген. Алайда көпшілік Теміртауда мемлекеттік тілдің түйткілі шешілмей келе жатқанын айтады:
– Теміртауда бірде-бір қазақ тілді ақпарат құралы жоқ. Жалғыз кабельдік арна ТТК-ның қазақ тілді редакциясында бар-жоғы үш-ақ адам жұмыс істейді. Қаржының жоқтығынан қазақ-орыс тілді аралас газет шыға сала жабылды. Шаһарда қазақ тілі өлместің күйін кешіп отыр. Қазақ тілді ақпарат құралына, нақтырақ айтсам, баспасөзге бөлінетін мемлекеттің қаржысы қайда жұмсалып жатыр? Бір қиындығы қазақ тілді тілшілердің Қарағанды қаласына қатынап жұмыс істейтіні. Олар күнделікті облыс орталығына барып-келгенше өз қаласынан қазақ тілді газет ашылып, жұмыспен қамтылса,- дейді журналист Шолпан Санақбай.
Қазақ тілінің жанашырларының бірі Майра Әбдірахманова:
– Теміртау қазақ тілін дамыту тұрғысынан бір қадам да алға жылжымады. Облыс орталығына жақын құрышты қала Теміртаудың әкімі қазақ, орынбасары қазақ, білім саласын басқаратын қазақ. Бірақ мәдениет, жастар саласы, саясат толық орысша. Қазақша, ұлттық жобаларды жіберсең таратылмайды, оқушылар қатыстырылмайды! Тіпті мемлекеттік тілдерді дамыту орталығы ашылған уақытта қазақ тілі курсына 102 адам жазылған. Бірақ оның 78-і ғана курсты бітіріп, сертификат алған. Қалғандары сабаққа қатыспағаны үшін немесе жұмыстан кетуіне байланысты курстан шығарылған,-дейді.
Журналист Нұрлыхан Қалқаманұлы тәуелсіздік алғаннан бері өзгерістің барын да мойындау керектігін айтады:
– негізі қазір жағдай бұрынғыдан сəл тəуірлеу. Алғаш осы қалаға оқуға түскенде, Ресейде жүргендей болушы едік. Қазір Құдайға шүкір, айналамда қазақ көп. Орысша білмесе де өмір сүруге болады. Орыс тілінің ықпалы қаладан шығып, әкімдік пен ресми органдарға тұрақтап қалды. Әкімдіктің мызғымас, берік қамалы әзірге қазақ тіліне беріспей тұр. Əйтпесе көшедегі халықтың басым дені қазақ тілді.
Қазақ тілінің кеңеюі Теміртау халқының алға жылжуы ма, жоқ әлде басқа қалалардан келген халықтың көбеюі ме белгісіз. Дегенмен, бір қуанарлығы банк, дүкен, кафе, автобус, спорт залдары, базар, қоғамдық орындардың бəрінде қазақ тілі қолданыста. Тек, қазақ тілінің соры әкімдікке тікелей тіреліп тұр. Ондағы ресми жиындардың барлығы орысша өтеді…
Теміртау халқының көбісінің есінде қалғаны елбасы соңғы рет келгенде саяжайда орысша қойылым қойылған. Солайша бірінші президентті теміртаулықтар қазақы дәстүрмен құрметтеп қарсы алып, орысша қойылым қойып шығарып салған. Ұлттық идеология жоқ! Мұны көргендердің көбісі жерге кіргендей күй кешкенін айтады.
Тағы бір мәселе «Қаладағы құзырлы мекемелердің басшылары орыс тілді болғандықтан, жұмысқа іліккен қазақ тілді қазақтарды төмендетеді. Жұмысқа тұру үшін орыс тілін білу міндет. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еңбек жолын бастаған қала үшін мұндай жағдайлар ұят»,- деп күйінеді шаһар халқы.
Теміртау қаласындағы тілдерді дамыту орталығы қала ішіндегі үлкен маңызы бар орын. Үш тілді мекеме. Жыл сайын қызметкерлердің тіл үйренуіне көмегін тигізіп келеді. Көмек ретінде шәкіртақыға дейін береді. Бір толғандыратын сұрақ, осындай тегін білім алу мүмкіндігін биліктегі шенеуніктеріміздің өзі қазақ тілінің қадірін білмегендіктен бе, неге пайдаланбайтыны түсініксіз…
Теміртау қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінінің басшысы Айжан Шакенованың айтуынша:
–Теміртау қаласының тілдерді дамыту орталығында осы күнге дейін қазақ тілін 1926 адам оқып шықты. Мемлекеттік мекемелерде іс қағаздары екі тілде жүргізіледі. Іс-жүргізушілерге арнайы семинар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып отырады. «АрселорМиталл Теміртау» АҚ бойынша айтарым, ол үлкен кәсіпорын, былай айтқанда жеке мемлекет, онда кірудің өзі бір қиын шаруа. Дегенмен, оқыту курстарына шақыру бойынша ресми хаттар жіберіледі, бірақ жауапсыз қалады. Сол кәсіпорында істейтін қызметкерлер біздің курстарға жеке тұлға ретінде келіп оқиды. Жиындарды, хаттамаларды мемлекеттік тілде жүргізу туралы ресми хаттар жолданып тұрады. Жылда тіл мәселесіне арналған шаралар жалғасуда. 2020 жылдың 1 тоқсанның қорытындысы бойынша мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттарының үлесі 90,6 % құрап отыр. Жүргізілген сараптама өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттары үлесінің 4%- ғана артқанын көрсетеді.
Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мемлекеттік тілді дамытуға тырысқанымен, Теміртаудағы құзырлы мекемелердегі қазақ тілінің байланған бағы қашан ашылатыны белгісіз.
Сонымен қатар, бізге атын айтпауын өтінген мемлекеттік қызметкер де шағымданды:
– Теміртаулық орыс тілді газеттер мен зауыттың «Металлург» атты басылымы бар, тек орысша шығады. Қазақ тілін ешкім талап етпейді. Әкімшіліктің, мәслихаттың және өзге де мекемелердің жиындары 90% орысша өтеді. Қазақша жиналыстарды қазақ мектептерінің директорлары өз мұғалімдерімен және әр дүйсенбі күні оқушыларымен өткізеді. Тілді дамытудың негізгі талабы оны іс жүзінде қолдану қажет. Мемлекеттік мекемелерден бөлек бизнес саласында да қазақ тілі қолданыста мүлдем жоқ. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы да жұмыстарын орысша жүргізеді. Қазақша білетін маман саусақпен санарлық. Теміртауда тіл мәселесін дамытумен айналысуы тиіс екі мекеме бар. Бастысы «Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ. Екінші мекеме «Теміртау қаласының тілдерді дамыту орталығы» КММ. Ондағылар аздап рейд жасап, кәсіпкерлерге ескерткен болады. Бірақ айыппұлды өлтіріп тұрып салып, нақты міндеттейтіндей құзіреті жоқ. Әйтеуір «нем кетті?!» дегендей. Айтпақшы, тілдерді дамыту орталығында идеологияны түсінетін адам жоқ па білмеймін, басшылығына да айтылып жатыр. Алайда әзірге ешқандай мемлекеттік тілге жанашырлықты байқамадық.
Теміртаудағы халықтың көпшілігі жұмыс істейтін ең үлкен кәсіпорын болғандықтан және тұрғындар мемлекеттік тіл қолданылмайды деп шағымданғандықтан, «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамына да хабарластық. Бізге кәсіпорынның корпоративтік коммуникациялар және қоғаммен байланыс тобының мамандары жауап берді:
– АрселорМиттал Теміртау» компаниясында Қазақстан Республикасының «Тілдер туралы» Заңы толығымен орындалды. Қазақстан Республикасы Президентінің «Азаматтардың үндеуі туралы» Жарлығына сәйкес өтінішке, үндеулерге, кез-келген басқа хат-хабарларға жауап, хат жолдаушының тілінде дайындалады. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша мерзімді тестілеу, жұмысшылардың барлық санаттары үшін қызметкерлердің мамандығы бойынша біліктілік тестілері және жұмысқа қабылдау кезінде қызметкерлерден, олардың қалауы бойынша, сұхбат мемлекеттік немесе орыс тілінде өтеді. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының жұмысшыларына арналған «Metallurgy today» корпоративтік газеті және компанияның барлық іс-шаралары екі тілде жүргізіледі. Компанияның баспасөз қызметі тарататын баспасөз-релиздері, жаңалықтар, хабарландырулар және әлеуметтік желілердегі барлық ақпарат ең алдымен мемлекеттік тілде жарияланады.
Адамдар үшін өмірдегі ең бағалы құндылықтардың бірі – ана тілі әрі өзі тұрған мемлекеттің тілі. Бірақ сол шалажансар күйге түскен қасиетті тілдің қадірін түсінбейтін адамдар аз емес. Қазақ тілі ата-бабамыздан мирас болып келе жатқандықтан, көзіміздің қарашығындай қорғауға, оның тазалығын сақтауға тиіспіз. Ұлтты құрту үшін, сары майдай сақталған тілін, дінін құрту керек деген мақсатты берік ұстанған миссионерлік саясаттың кесірінен ана тіліміз көп азап шекті. Тіпті өз ана тілімізде сөйлеуге намыстанатын жағдайға жеттік. Тіл тағдыры – ел тағдыры екенін ешуақытта ұмытпайық. Әрбір адамның өзі ана тілін және өзі тұрған елдің мемлекеттік тілін меңгеруі міндетті!
Әлия Қайып
Қарағанды облысы, Теміртау қаласы