Стамбул: Көне мәдени, тарихи ескерткіштер жаңғырған қала

Жұмыс барысында Стамбұл қаласына жол түсті. Жүз естігенше, бір көрген артық деген. Бұл саяхаттың негізгі мақсаты – әсем шаһардың көрікті жерлерін аралап, тарихына қанығу. Алғашқы барған нысан – Сұлтанахмет немесе Көкмешіт.

Бүгінде Түркияның символына айналған, әлемнің сәулет өнеріндегі ұлы туындылардың бірі – бұл мешіт ЮНЕСКО-ның мұралар қорына енгізілген.

Көк мешіт 1616 жылы Византия королі өмір сүрген қамалдың орнына салынған, құрылысы жеті жыл бойы жүргізілген екен. Әшекейлеген тасының түсіне байланысты халық арасында «көк мешіт» аталып кеткен. Алып нысанның 260 терезесі бар. Осы терезелерден түскен күн сәулесімен мешіттің іші самаладай жарқырап тұрадыАлты мұнарасы алыстан менмұндалайды, ерекше элементтерінің бірі – михраб, мінәжат ететін бұл орын мәрмәрдан соғылған екен. Михрабқа Меккеден әкелінген қара тас қойылған. Жалпы мұнда бір уақытта 35 мың адам дұға ете алады. 17 ғасырда пайдалануға берілген мешіт қанша жыл өтсе де сынын бермей, сол күйінде сақталған.

Туристер ең көп баратын екінші тарихи ескерткіш – Айя София мешіті. Азия мен Еуропаның тоғысқан жерінде орналасқан бұл нысан тарихқа бай. Рим императоры Константин І іргесін қалаған ғибадатхана бірнеше рет өртелген. Кейін Юстиниан І христиандардың соборын қайта салғызады. 1453 жылы Осман империясы Константинопольды жаулап алған соң София соборы мешітке айналған. Ғимаратқа 4 мұнара салынып, 1931 жылға дейін 500 жыл мешіт ретінде жұмыс істеді. Кейін 4 жыл жабылып, 1935 жылы Мұстафа Кемал Ататүріктің шешімімен музейге айналады. 1985 жылы ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне енді. Тек 2020 жылы ғана оған мешіт мәртебесі қайтарылған екен.

Түркия – теңізге бай мемлекет, солтүстігінде – Қара теңіз бен Мәрмәр теңізі, батысында – Эгей теңізі, ал оңтүстігінде Жерорта теңізі жатыр. Мәрмәр теңізінің атауы ақ мәрмәр өндірілген аралға байланысты пайда болған. Бір ерекшелігі – суы қатпайды. Бұл теңіз арқылы Қара теңізден Жерорта теңізіне өте маңызды су жолдары өтеді, ал жағалауында Стамбұл және Ізмір қалалары және көптеген курорттар орын тепкен.

Ерлан Тоқшылық 

«Qyzyljar» телеарнасының директоры

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Анталияның тарихи курорттық аймағы-Финике

Дүй Мау 5 , 2023
Оқылды: 720 Анталияның тарихи ауданы Финике табиғи сұлулығымен, дәмі тіл үйіретін тағамдарымен және тіршілік ағысының баяулығымен Халықаралық Gittaslow қауымдастығының назарына ілікті. Аталған ұйымның мәлімдеуінше, Түркияда адамдар асықпай өмір сүретін 22 баяу қала мен аудан бар. Үш жылдан астам талпыныс пен кеңестің нәтижесінде Анталияның сүйікті қалаларының бірі Финике қоршаған орта, инфрақұрылым, […]