Қарағанды гарнизоны әскери автомобиль полиция бөлімшесінің қызметкерлері механикалық көлік құралдарын міндетті техникалық байқаудан өткізу туралы айлық іс-шараларды ұйымдастырып, қосымша дәрістер өткізді.
Техникалық тексерудің негізгі міндеті – жол қозғалысына қатысты әскери көлік құралдарының жағдайы белгіленген талаптарға сәйкес келуін бағалау. Автокөліктерді техникалық тексеру барысында, негізгі өлшемдерге айрықша мән берілді. Атап айтқанда көліктің тежегіш және рульдік басқаруы мен жолды көру айқындығы, сыртқы жарық құралдары, дөңгелек, шиналардың жағдайы мен оның жұмысы тексеріледі.
Сондай-ақ, өзге құрылғылардың қауіпсіздік белдіктері, спидометр, дәрі-дәрмек қобдишасы мен басқа да құралдардың болуы ескерілді.
– Қозғалыс қауіпсіздігі үшін жол ережесін сақтау ғана маңызды емес, сондай-ақ автокөліктердің техникалық жағдайының талапқа сай болуы міндеттеледі. Егер көліктер уақтылы техникалық тексерістен өтпесе, онда оның қызметтік мүмкіндіктері төмендеп, шіру әсерінен бөлшектері тозып, сынады. Көліктерге техникалық тексеру үшін жаңа талаптардың енгізілуі тек әскери жүргізушілердің ғана емес, сонымен қатар жаяу жүргіншілердің де өмірін сақтау мақсатында жасалған шара. Қазіргі таңда автокөлік біздің күнделікті өміріміздің бір бөлшегіне айналды. Сондықтан олардың техникалық тұрғыда дұрыстығын тексеруді ұмытпауымыз қажет, – деп тоқталып өтті әскери автомобиль полиция бөлімшесінің бастығы әділет капитаны Дүйсенғали Шайкенов.