Серікжанның ғибратты істері

Қарағандылық Серікжан Күнту бауырымыз Инстаграм әлеуметтік желісінде «Ғибратты әңгімелер» деген атпен ғибратты әңгімелерді жариялап отырады. Атап айтқанда, Алла жолында адамдардың тура жолдан таймауы үшін ізгілікке шақырып, жақсылықты, қайырымдылық іс-шараларын насихаттайды. Өзі де қайырымдылық жасап, мұқтаж жандарға көмектеседі.

Инстаграмннан «Ғибратты әңгімелер» тобын ашқан парақша иесі «Мақсатым, бір адам болса да, иманға бетін бұрып, жүрегіне ізгілік орнаса екен»,-дейді . Ол бұл топты 2014 жылы ашыпты. Қазіргі таңда 700 жазылушысы бар. Ал, Серікжан қайырымдылықты насихаттай жүріп, өзі де сол қайырымдылық жасаумен айналысады. Осылайша Серікжан инстаграмдағы жазылушыларының ерекше сенімін иеленген. 2014 жылы Көкпектідегі үйін су алған халыққа қол ұшын созып, пандемия өршіп, еріктілер өз еркімен халыққа көмектесуге шыққанда, Секең де бұл іске белсене араласыпты. Парақшасына тіркелген жұрттан Арыстағы жарылыс кезінде 4-5 күннің ішінде 6,5 млн теңге жиналған. Содан кейін Арыстағы азаматтармен хабарласып, ол жақтағы басына қиындық түскен жандардың жағдайын көзбен көріп, бар соманы сол халыққа бөліп беріпті. Одан кейін де мешіт салуға, балалардың емделуіне жәрдем берген. Сондай-ақ көп балалы отбасыларға, жалғызлікті немесе мүгедек жандардың үй алуына, нақты айтсақ, 11 отбасының баспаналы болуына атсалысқан. Биыл да жылдың басында науқас сәбилердің еміне, басқа да мұқтаж жандарға көпшіліктің қолдауымен қол ұшын берді. Бір жылда шамамен 50 млн. теңгеден астам сомаға қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырған екен. «Менің қолымда ештеңе жоқ. Мен тек адал делдал ғанамын, халықтың жинағанын өздеріне қайтарып беремін. Осыдан бір пайда көрейін деп те ойламадым, біреуге барып, қолдау да күтпедім. Егер бір игі істесем, ол-Алланың қалауы. Біз тек қиналған жандарға ғана жәрдем береміз. Фотоға, видеоға түсіріп, әлеуметтік желге саламыз. Халық қиындықта қалған адамды өздері көзбен көрген соң әсерлі шығады. Әйтпесе біреуге жәрдем берейік десең, парақшамдағылар келісе кетпейді. Осы танымалдықтың арқасында көпшілікпен таныстым, түйткілді шаруаларым оңтайлы шешілді. Бүгінде шағын дүкен ашып, тауарларымды онлайн саудалаймын. Өткен жылы жол апатына түсіп, аман қалдым. Мүмкін соның бәрі көпшіліктің батасы, Құдайдың маған мейірімі түскен шығар. Арасында алаяқтарға алданып қалған, кейде шаршап, жалығып та кеткен кезім де болды. Бірақ бұл істеген істеріме еш өкінбеймін. Кейде тегін алып берген үйді қомсынатын, берілген көмекті міндетсінетін жандар да болады. Адамның бәрі бірдей емес, оларға мән бермеуге, түсіністікпен қарауға тура келеді. Бар жағдайда инстаграмдағы жазылушылармен бірге ақылдаса отырып, жұмыс жүргіздік. Алланың көзі түзу болса, халықтың батасы да жетеді маған. Болашақта қор ашсам ба дегенмін. Құжаттары да дайын тұр. Дегенмен жиналатын менің қаржым емес. Демеуші болып жүрген кәсіпкер де жоқ. Қарапайым адамның қайырымдылыққа деп берген жүз теңгесін қордың жұмысына қалай жұмсаймын.? Сонан соң әзірге қор ашпадым»,-дейді қайырымды азамат. Қазақта «Аш адамға балық берме, қармақ бер»,- деп жатады. Мүмкін осындай Серікжан сияқты азаматтарға билік тарапынан қолдау көрсетіп, бірлесе ұйымдасып, қиналған жандарға ғана емес, қиындықтың алдын алуға септессе. Көптеген дамыған елдерде білім ошақтарын, мәдени ұйымдарды қайырымдылық қорлары асырайды. Көптеген игі істерге ұйытқы болып, сол қорлар арқылы біраз жұмыс атқарылады. Мемлекет тек заңдық, әкімшілік жағынан көмектеседі. Көп болып жиналып, келісіп атқарған істің нәтижесі де көрнекті болады ғой. Болашақта мұндай азаматтарды елеусіз қалдырмай, мүмкіндіктерін тиімді жүзеге асыруға ықпал жасаса, барша жұртқа пайдалы болар ма еді?. Серікжан 2021 жылы осынау қайырымдылық істері үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшысы Наурызбай қажы Тағанұлының алғыс хатымен және Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында өткізіліп келе жатқан облыстық деңгейдегі «Жұмабек Тәшенов» атындағы сыйлықпен марапатталды. Серікжанның жақсылығын көрген қаншама жан ол бауырымызға алғысын білдіріп жатады. Атқарған істеріңнің қайырын берсін! Халқыңның алғысына бөлене бер!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Dump (Трейдер күнделігі)

Дүй Қаң 17 , 2022
Оқылды: 898 Жас жазушы НҰРБЕК АППАЗИ                                                                      Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы,  Аппаз ауылында 1991 жылы туған.  Е.Бөкетов атындағы ҚарУ химия факультетін бітірген. Облыстық А.Сейдімбек атындағы жас жазушы, көсемсөз шеберлері байқауының проза жанры бойынша 2 орын иегері. Бүгінде интернет-маркетологиямен айналысады. ӘҢГІМЕ Біздің күнделікті жұмыста қылмыс пен күнәнің сан түрін көресің. Соңында бойың […]