Қарағанды қаласының Достық үйінде ата-аналарға арналған «Саналы ұрпақ» фестивалі өтті. Іс-шараға үш жүзден астам адам қатысты. Шара еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігін сақтайтын, ұлтаралық мәдениетті дамытуға үлес қосатын, еліміздің рәміздеріне құрметпен қарайтын, әлемдік деңгейде бейбітшілік пен өркениеттілікке өз үлесін қосатын адамгершілігі биік патриот, намысты, жігерлі жас ұрпақты тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Ұрпағымызды саналы, салауатты, дені сау, рухы биік етіп тәрбиелеу үшін ата-ана мен бала арасындағы байланыс тығыз болуы шарт. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деп Әл-Фараби атамыз айтқандай, тәрбиесіз білім алу мүмкін емес. Іс-шараға Астанадан инклюзивті фитнес-орталықтың негізін қалаушы, ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі Кеңестің мүшесі, инклюзивті қоғамды дамыту қауымдастығының президенті, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Қоғамдық кеңесінің мүшесі, әскери сала қызметкерлері қатысты.Кездесу ата-аналардың өмірлерінің шынайы оқиғаларымен бөлісуге мүмкіндік берді. Ата-аналардың баяндамасы ешкімді бей-жай қалдырған жоқ. Спикер-мамандар әйелдер мен ерлердің репродуктивті денсаулығының маңыздылығы, денсаулық сақтау, білім беру, отан қорғау және спорт саласындағы балаларға арналған қызметтер туралы айтып берді. Кеш барысында Қарағанды облысы Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Еркебұлан Мұстағұлов сөз сөйледі.»Саналы ұрпақ» шарасын Қарағанды облысы әкімдігінің және әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның қолдауымен Қарағанды қаласының «Атамекен» ӨКП Іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырды. Қарағанды облысы Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Еркебұлан Мұстағұлов «Отан қорғау – парызың!» тақырыбында ата-аналарға баяндамасын жеткізді.
–Қазақстан армиясы ел тыныштығының кепілі дейміз. Әлем картасында жер көлемі жағынан тоғызыншы орынды иеленген тәуелсіз Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері жыл сайын сапасы мен шеберлігін жетілдіріп, алдыңғы қатарлы армия дәрежесіне көтерілді. Соңғы жылдары әскерге шақырылушыларды жан-жақты іріктеуге баса назар аударылған» – деп атап өтті спикер өз сөзінде.
Иә, бүгінгі жастар, оқушылар ертең елдің болашағы, мемлекеттің тұтқасы болады. Сондықтан ұрпақтың қамын ойлау – бүкіл қауымға ортақ парыз. Бала өсіру, оны өнер-білімге, адамгершілікке тәрбиелеу ата-анамен ұстаздардың міндеті. Қай ата-анада баласын жаман болсын демейді. Барлық ата-ана «балам бақытты болып, елімнің қалаулы азаматы болса екен» деп армандайды. Сол адал тілегіне жетіп, ұл-қызының болашағы кемел болуы үшін барын салады. Білімді болсын деп олардың оқуынан қолындағысын аяп қалмайды.