36352 әскери бөлімінде Павлодар мен Алматы қаласынан келген 90 – сарбаз әскери ант қабылдады. Енді олар еліміздің Қарулы Күштерінің сапын толықтырмақ. Аз уақытта әскери тәртіпке үйреніп қалған олар Отан алдындағы борышын адал орындауға серт берді.
Әскери ант қабылдау сәтіне жас жауынгерлердің туған- туыстары да келді. Ұлын сағынып қауышқан ана, бауырлары көз жасына ерік берді.
Бір жыл ішінде олардың дене шынықтыру және жауынгерлік даярлығына баса назар аударылады. Саптық бой түзеу, қарудан оқ ату дағдысын, сондай-ақ жауынгерлік техниканы меңгермек. Спорттық жарыстарға қатысып, жеңіске жетіп жүрген жігіттер алдағы уақытта да ел ішіндегі, әлемдік сайыстарда бақ сынайды. Сарбаз атанып, Отан қорғау әр ер азаматтың парызы. Қаз-қатар тізіліп тұрған бұл жігіттер бір ай бойы әскери өмірге төселіп, қатаң тәртіпке үйренген. Олар шара соңында қарумен саптық амал-тәсілдерді, қоян-қолтық ұрыс амалдарын көрсетті.
« –Бүгін біз үшін өте қуанышты күн. Әскери бөлім бізге ұнады, барлық жағдай жасалған, келген күннен бастап командирлер білмегенімізді үйретіп, көмек көрсетуде. Отанға деген борышымды адал атқаруға барымды саламын,» – деді қатардағы жауынгер Нұрғали Мұратұлы Нұғман.