Отан оттан да ыстық

Міндет! Абырой! Ерлік

Қазақстан Республикасы Конституциясының 36-шы бабында: «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы мен міндеті» – деп жазылған. Осы Ата заңымыздың қағидасы аясында егеменді еліміздің ер азаматтары әскер қатарына шақырылып, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарын толықтыратыны анық. Отан алдындағы өздерінің азаматтық борыштарын өтек үшін, алдымен әскери өмірге бейімделіп, жауынгерлік даярлықтың түрлі әдістерін орындауды үйренеді. Отан алдындағы қызметке адал болуға салтанатты түрде Әскери антты қабылдап,өзінің әскери міндетін орындауға кіріседі.

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, қазіргі таңда келісімшарт бойынша әскери міндетін атқарып жүрген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әуе қорғаныс күштеріне қарасты 44841 әскери бөлімінде бөлімше командирі лауазымындағы сержант Әлмұрат Бекмұратұлын  сұхбаттасуға тартқан едік.

– Отан қорғаушы Мархабат Бекмұратұлы, бізге өзіңіз жайлы айтып берсеңіз? Балалық кезіңіздегі арманыңыз қандай еді?

Мен 1993 жылы 24 тамызда Алматы облысы Қапшағай қаласында дүниеге келдім. Бала кезден әскери адам болуды армандадым. Балалық шақтағы қызығушылық танытқан әскери кинолар мен деректі фильмдер, одан бозбала өмірімдегі көзбен көрген әскери киімде жүрген адамдарды  биік санап, бүгінгі күнде сол аңсаған арманыма жеттім деп ойлаймын.

-Өміріңізді әскери қызметпен қалай байланыстырдыңыз?

Біз әскер қатарына шықырылғанға дейінгі уақытта, мектепте білім алып жүрген кездің өзінде бізге еліміздің әскер қатарындағы келісімшарт бойынша қызмет ету жөнінде көп айтылатын еді. Содан мен де әскерге шақырылмас бұрын «….егер де Отан алдындағы борышымды өтеу үшін сарбаздардың қатарына қосылсам, одан әрі қызметімді келісімшарт бойынша жалғастырамын», – деп, әлдеқашан еш ойланбастан шешіп қойғанмын. Содан бала кезден жетелеген арманып орындалып, шақыру қағазымен әскер қатарына алындым. Отан алдындағы борышымды Приозерск гарнизонындағы 44841 әскери бөлімінде абыроймен атқарып, 2013 жылы әскери қызметті келісімшарт бойынша жалғастырдым. Келісімшарт бойынша әскери қызметті қатардағы өрт сөндіруші лауазымынан бастап, бүгінгі күнде 44841 әскери бөлімінің зениттік-зымырандық дивизионының бөлімше командирімін.

– Сізге өз бейнеңізді бір-екі ауыз сөзбен жеткізіп беріңізші десе, қалайша суреттеп берер едіңіз?

Мен өз бейнемді суреттеп берер болсам, әскери адам болуды бала кезден армандағандықтан, дәл қазіргі сәтте өзімді нағыз Отан қорғаушы ретіндегі өз елімнің шынайы патриоты ретінде санаймын.

– Сізді өсірген әке-шеше және өзіңіздің отбасыңыз туралы айтып кетсеңіз?

Әкем – Бекмұрат Әлмұратұлы Сұлтанов Қапшағай қаласына жақын Шеңгелді ауылында тұрады. Жеке кәсіпкер, егін шаруашылығымен айналысады. Ал, анам балабақшада медбике болып жұмыс істейді.

Отбасымда өмірлік жарым Арайлым екеуіміз бірге 2 қызға өнегелі тәрбие беріп келеміз. Бөлім командирі подполковник Үмітәлі Серікұлы Бектаев бізге жас әскери отбасы ретінде ерекше көңіл бөліп, тұрмыстық жағдайымызды біліп тұрады. Тұрғын үй мәселесін шешу ісінде де нағыз командир ретінде қолдау көрсетіп келеді. Үлкен қызымыз Аймираны біз орналасқан Приозерск қаласындағы балабақшаға орналасу кезінде бөлім басшылығы тарапынан көмек көрсеткендігіне айтар алғысымыз шексіз.

–   Әскер салада қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіз?

Шынымды айтсам, мерзімдік әскери қызметті өткеріп жүрген уақытта, сарбаз ретінде жауынгерлік даярлықтағы үздік көрсеткіштеріміз үшін бөлім командирінің қолынан мақтау қағазын алған сәттерде төбеміз бір көкке жеткендей сезінуші едік. Қазіргі келісімшарт бойынша әскери қызметте де құр алақан емеспіз. Мәселен, 2018 жылғы оқу жылының қорытындысы бойынша жауынгерлік даярлықта алда болып, Әуе қорғаныс күштерінің әскерлері арасындағы «Үздік сержант» атағына қол жеткіздім. Бұл – мен үшін мақтаныш, Әуе қорғаныс күштері қолбасшысы мен бөлім командирінің тарапынан менің Отан алдындағы адал қызметіме берген әділ бағасы деп білемін.

Оған қоса, мен сарбаз кезімдегі спортпен шұғылдану үрдісін тоқтатпай, әлі күнге дейін жалғастырып келе жатқандықтан болса керек, өткен 2022 жылы Приозерк гарнизонының әскери қызметшілері арасындағы спорттық жарыста кір көтеруден алдыма жан салмай, жүлделі 1 орынды қанжығама байладым.

– Мархабат Бекмұратұлы, болашақта сізге, алға қойған мақсаттарыңызға  жетуге тілектеспін! Сұхбатыңызға рахмет!

 

Думан Жұмашұлы лейтенант

Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Стамбұлдағы ғажайып аралдар

Сей Сәу 18 , 2023
Оқылды: 777 Стамбұлдың оңтүстігінде, Мәрмәр теңізіндегі Ханзада аралдары (Принцевы острава) гүл хош иістерімен безендірілген керемет пейзаждар мен жанға жағымды самалымен тартымды. Аралдар таңғажайып жағажайларымен, өзіне тән көшелерімен, жергілікті менталитетке сәйкес келетін үйлесімді түстерімен және сәулетімен ерекше сұлулыққа ие. Стамбұлға жақын орналасқан Ханзада аралдары арал өмірінің тыныштығы мен Стамбұлдың сән-салтанатын сезінгісі […]