Қарағандының дәл іргесінде «Восьмидомики» деген орыс тілді атауға ие болған ауыл бар. Осы ауылдың тұрғындары «әкім келгісі келмейтін, облыс билігі тарапынан назардан тыс қалған жұртқа айналдық » деп наразы болуда. Қарағандыға 30 шақырым жерде орналасқан бұл ауыл Шахан кентіне қарайды. «Восьмидомики» ауылында әкім жоқ , бұл елді мекенге Шахан кентінің әкімі басшылық етеді. Бұл ауылмен Шаханның арасы 8 шақырымды құрайды. Ауылдағы ағайын бұл өңірге әкім қаралардың сирек келетінін айтады. Дегенмен мәселе әкімнің қара көрсетпеуінде емес , бұл ауылда қаланың іргесінде тұрсада не мектеп , не балабақша жоқ. Мұндағы жұрт балаларын 20 шақырымда тұрған Саран қаласындағы және Шахан кентіндегі мектеп пен балабақшаға апарады. Әсіресе ауыл тұрғындары екі үш жастағы балаларды қыстың ызғарында көршілес тұрған қалаға автобуспен тасымалдаудың бейнет екенін айтып қынжылады. Бұл өңірден шығатын 127- ші автобус қана бар, оның өзін тұрғындар аялдамада 30 – 40 минут тосып, бүрсең қағады. Ауыл тұрғындарының айтуынша қыстың суық күндері көрші қалаға қатынап оқитын оқушылар жиі сырқаттанып қалады. Жалпы Восьмидомики елді мекенінде 130 үй бар,оның отыз шақтысы саяжай екен. Сонымен қатар ауыл ішінде бұзылып , иесіз қалған ғимараттар көп. Мұндағы қараша халық » мектеп жасына дейінгі балаларды суықта басқа қалаға тасығанша, билік осы бұзылған үйлердің бірін жөндеп, бір бала бақша салып берсе » деген өтініштерін талай жылдан бері биліктегі атқа мінерлерге өткізе алмай жүр. Ауыл халқына қазіргі уақытта қыстай жауған қалың қарда үлкен үрей туғызып отыр. Тұрғындар «көшенің ортасында үйіліп қалған қар көктемде еріп , су астында қалып кетпесек жарар еді » дейді . Бұл өңірде шамасы келгендер техника жалдап , үй маңайындағы қарды күреткен. Алайда қалың қарды сыртқа апарып тастауға техника жалдау үшін көбісінің қалтасы көтере бермейді. 2014 жылы еріген қар суы бірнеше үйлерді басып қалып, тұрғындар сол аумақтан әзер құтылып шыққан еді. Сол кезде облыстық билік жарамсыз болып қалған бес алты үйдің орнына жаңа үйлер тұрғызып берген . Мұндағы жұрттың шымбайына батқан тағы бір мәселе ол ауыл ішін кезіп жүретін қаңғыбас иттердің көптігі болып тұр.
» Бұл ауылда итке таланған жағдай көп болған, менің әкемді қауып алған. Сосын қыста бораннан кейін жедел жәрдем жол жабылып қалған соң үйге дейін келе алмай қалады. Соңғы рет соққан бораннан кейін, сіңілім соқыршек болып ауырып,көшенің ортасында қалған жедел жәрдем көлігіне оны әзер жеткіздік. Енді мектепке дейінгі балаларды қыста тоңдырмай, шағын орталық салып беруге болады ғой. Мен осы ауылда балабақшаға баратын отыз бала бар деп айта аламын. Осы Саран қаласының әр жағында иесіз қалған «РТИ » деген елді мекен бар. Сондағы балабақшаға төрт бала ғана барады, сол жерге он бес баланы өтірік тіркеп қойған. Сондай шағын балабақшаны билік салып бере алмай отыр «,- деп қынжылады ауыл тұрғыны Айнұр Әділова.
Мұндағы ойын балаларының жалғыз ермегі осыдан екі жыл бұрын салынған ойын алаңқайы. Оның өзінде күзет болмаған соң , кешкісін жастар сол жерге жиналып, әткеншектерді қиратып тастаған. Қыста бұл алаңқайдың іші қарға толып қалатындықтан,балаларға мұнда ойнаудың өзі мұңға айналады. Қарағандының іргесінде орналасқан ауылдың жағдайы осындай болса, шалғайдағы басқа ауылдың жағдайы қандай деген ой еріксіз орала береді.
Шахан кентінің әкімі Ғалым Умирбеков «Восьмидомики» ауылына жұмыс бабымен жиі баратынын айтып отыр.
«Соңғы рет қатты соққан боранда жолды қардан тазалау жұмыстары техника жетпегендіктен кешігіп қалды. Бірақ жолдың мүлдем жабылып қалғаны болған жоқ . Осыдан бір апта бұрын тұрғындардың шағымымен арнайы инспекциядағы мамандарды шақыртып, алты итті атқыздық. Соның барлығында қастарында жүремін,бұрыннан тұрып келе жатқан тұрғындар біледі,мен үнемі сол жерге барып жүремін. Енді әр келген сайын » мен келдім » деп жар салмаймын ғой «,- деп мәлімдеді Шахан кентінің әкімі Ғалым Умирбеков.
Әкім ауылға мектеп немесе балабақша салу мәселесі бала саны аз болғандықтан, әзірге шешілмейді деп кесіп айтты. Қаланың жанында тұрып бар мүмкіндіктен айрылып отырған ауыл тұрғындары мұң зарымызға мүмкін облыс әкімі Жеңіс Қасымбек құлақ асар деп үміттенеді. «Үмітсіз шайтан ғана»….
Арай Сатыбалдықызы Қарағанды қаласы