Келеңсіздіктердің алдын алатын кез келді

Елімізде қар еріп, елдімекендерді қызыл су басып жатыр. Былтыр бейғамдықтан орманды жер өртенді. Алдыңғы жылы жылыту қазандықтары қатып қалып, кейбір елдімекендерде жұрт суық үйде бүрсеңдеп шықты. Оның алдындағы жылдары әскери қоймалар жарылды. Шахталарда жыл сайын апат болып келді. Шаруаларға жазда су жетпей, өнімдері шіріп, күзде қалаған бағаға өтпей, қыстан қиналып шығады. Отандық тауар өндірілмейді. Жыл бойы жағдай осылай айналып жүреді.

Көрші елдердің бюджеті, қазба байлығы бізден көп емес. Бірақ  бізге қарағанда өңдеу өнеркәсіптерінде өнімді жақсы өндіреді әрі олардан апатты жағдайды жиі ести бермейміз. Бізде тек мәселе туындаған соң барып, соның соңынан жүгіреді. Неше жыл болды, төтенше жағдайдағы елге айналғанымызға, содан бері алдын алып көрмеппіз. Оны шешудің жолдарын сала мамандары айтып келеді. Оларға құлақ қойып жатқан ешкім жоқ.

Сарапшылардың пікірінше, біздегі бар қаржы оңды-солды шашылады. Өткен құрылтайда ғана Президент “елтаңбаны өзгертейік”,- деді. Оны ауыстыру үшін жылдық бюджетің жартысына жуығы кетер еді. Ал бізде ақша жұмсайтын басқа мәселе жоқ па? Жыл сайын неше түрлі пайдасы аздау форумдар, флешмобтар өтеді. Соның қаншалықты пайдасы болды, есептелді ме? Төтенше жағдай ұмытыла бергенде, тағы ақша шашулар жалғасады. Негізгі қаржы мемлекеттік сатып алуға бөлінеді. Оны тағы тек бас пайдасын ойлаған ширақ кәсіпкер ұтып алады да, келесі мердігерге береді. Олар соттасып, жүргенде, уақыт өтеді. Тиісті қаржы қажетті жерге толық жетпеген соң, жылда айналып мәселе шыға береді.

Бір жағынан ашықтық та жоқ. Биліктің көптеген ісі жасырын өтеді. Қаңтар оқиғасы да ашылмады. Соттары да жабық өтті. Артынан мүлдем қатысы жоқ, жазықсыз жандар сотталды. Әлі күнге Нұрекеңнің бұрынғы жақтастары ойына келгенін жасап жатыр. Олар ешқандай жауапқа тартылмады да. Ел азаматтарының айтуынша, әр салада өзінің маманы отырмайды. Басшылыққа біреудің жақыны немесе әр түрлі жолмен тағайындалған көзі әдемі, сөзі әдемі жандар жайғасады.

Негізі министрлерді, сала басшыларын тағайындамай депутаттар сайласа, біраз мәселе шешімін табар еді. Бізде билік өкілдерін депутаттар сайламайды. Оны президент не басқа да жоғарыдағылар тағайындайды, депутаттар оған 100% келісімін береді, болды.

Қазіргі таңда елдің жағдайын шешудің жолын президент те білмейді. Оның жолдарын айтатын мамандар, тиісті қызметте отырған жоқ. Президент шебер дипломат болғандықтан, сыртқы жағдайды дұрыс пайдаланып отыр. Оны мойындау да керек. Алайда ішкі жағдайға жауап беретін премьер-министр, сала басшылары, әкімдер шаруашылықтан хабары бар, халыққа жұғымды, харизмасы күшті азаматтар болуы керек. Алдыңғы Премьер-министр Әлихан Смайылов та, Премьер-министрдің қазіргі бірінші орынбасары Роман Скляр да т.б. көп қателіктер жіберді. Солардың кесірінен халық зардап шегіп жатыр.

Совет үкіметі кезінде 3 кластық, 7 кластық білімі бар азаматтар совхоздарды, фермаларды, аудан-қалалардағы түрлі мекемелерді керемет басқарды. Себебі ол кісілердің оқығаны болмаса да, тоқығаны көп еді. Ал қазір болашақпен оқып келген жастар бірден жоғары лауазымға тағайындалады да, өзі де түсінбейтін саланы басқарады. Олар бұрынғы 3 кластық білімі бар азаматтардың бір ісін атқара алмайды. Себебі тәжірибесі жоқ.

Біз болып жатқан жағдайлардан түсінгеніміздей, Қасым-Жомарт Кемелұлын Назарбаев ертеден орнына дайындағаны анық көрінеді. Себебі Ғалымжан Жақияновтар жеке партия құрамыз дегенде, Тоқаев қарсы шықты да, Назарбаев Қасекеңмен келісті. Одан кейін БҰҰ басшысының орынбасары қылып жіберіп, әлем елдерінің алпауыттарымен таныстырды. Шетелдегі жағдайдың қалай шешілетінін көрсетті. Біраз сатыдан өткен соң әкеліп, президент  қылып қойды. Сондықтан Назарбаевтың өзі көрінбегенмен, белгілі деңгейде өзінің сөзін билікке орындатып отыр.

Асқар Мамин мен Даниял Ахметовтар әлі де биліктің айналасында жүр. Биыл Динара Құлыбаева мен Тимур Құлыбаевтың байлығы Қазақстандағы жоғары рейтингке көтеріліпті. Америкалық Forbes журналының миллиардерлер тізіміне алты қазақстандық енген. Журнал экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы мен қызы Тимур Құлыбаев және Динара Құлыбаеваның байлығын 10 млрд долларға (әрқайсында 5 млрд доллар) бағалаған. Биыл олар байлар тізімінде 621-орында тұр. Былтыр екеуінің байлығы 8,6 млрд доллар болған еді. Демек Нұрекең кетті дегеніміз жалған. Дегенмен ел-жұртты алдап қоймай, Нұрекеңнің кезіндегі жемқорлыққа ұрынғандардың бәрі де, қайсы болсын заң алдында жауапқа тартылуы керек.

Ал халық Тоқаевты қуып жібере ала ма, жоқ. Әзірге қуып жібере алмайды. Үнемі көтеріліс бола берсе, мемлекет дамымайды. Сондықтан билік пен халық ымыраға келіп, жұмыс істеуі қажет.

Билік “мемлекеттік сатып алу”,- деген жүйені қайта сараптап, дұрыс жолдарын қарастырсын. Әрбір бөлінген қаржыны тиімді жұмсау тетіктерін енгізсін. Ашықтықты қалыптастырсын. Елдегі сала мамандарының, тәуелсіз сарапшылардың, ел азаматтарының пікірін ескерсін. Қолынан келетін іскер азаматтарды жоғары лауазымдарға тағайындасын. Өзіне қарсы сөйлеген ел азаматтарын емес, қасындағы жемқорларды тізгіндесін, жағымпаздықты тыйсын. Ғылымға көңіл бөлініп, ақпарат құралдарында әнші-бишілер немесе үкімет басшыларының, әкімнің жүрген-тұрғаны емес, ғалымдар мен ғылыми еңбектер, жаңа технологиялар насихатталсын. Мемлекеттік тілді қолданысқа енгізудің нақты тетіктері жүзеге асырылсын. Негізі Тоқаевтың қазақ тілін қолдануды өркендетуге құлқы жоқ. Оны да тек осы тіл үшін шырылдап жүрген халықтың ықпалымен ғана дамыта алады. Президентке салсаңыз, қазақ тілін дамытудың пайдасы шамалы. Назарбаевтың кезінен де қазір мемлекеттік тілдің деңгейі уақыт өткен сайын төмендеп барады.

Ал, көпшіліктің шынайы ұсыныс-пікірлері ескерілмесе, халықтың шыдам-төзімі таусылады. Билік оны да ұғуы тиіс. Қазақ халқының табиғатында бәріне шыдап келіп, төзімі таусылған күні бәрін төңкеріп тастайтынын, жақсы түсінеді деп ойлаймын. Қасым-Жомарт Кемелұлының әзірге уақыты барда, кеткен кемшіліктерді түзетуге мүмкіндігі бар. Түзете алмаса, не болатынын өзі де көріп келеді.  

Ақбота Қазкенова

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті

Филология факультетінің 3 курс студенті

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Түркия: Теңіз жағалауындағы ғажайып орындар

Бей Сәу 18 , 2024
Оқылды: 726 Түркияның Жерорта теңізінен Эгей теңізіне дейінгі көгілдір жағалау сызығы – бұл елдің ең әдемі ландшафттарының бірі, күн сәулесі жыл бойы дерлік және ақ құмды жағажайларын ақшыл толқындармен соғады. Бұл таңғажайып жағалау белдеулері әр түрлі ыңғайлылығы бар отбасылық жайлы қонақүйлерді, су спортына қолайлы жағажайларды, әртүрлі аспаздық ләззаттарды және Эгей […]