Интернет алаяқтардан абай болыңыздар

Қаржылық алаяқтық бүгінгі таңда белең алған ел экономикасына, тұлғаның жеке басына, қоршаған ортасына, өміріне кері әсерін тигізуші жаһандық деңгейдегі үлкен мәселе. Технологияның дамып, кез-келген, тіпті, жеке ақпараттың қолжетімді болуымен қатар дамыған қаржылық алаяқтық құрбандары күннен күнге көбейіп келеді.

Бұл тақырып аясында ізденіске түскен адамдарға фишинг, понци схемасы, инвестициялық немесе несие алаяқтығы, дроп сынды сөздер таныс болса, алаяқтыққа ұшырап жатқандар өздерінің алдану жолында осындай техникалардан өткенін білмеуі де мүмкін. Күйбең тірлікпен жүрген адамдардың тапқан аз қаржысы өмір сүруіне жетпегендіктен, “ақшаны оңай тапсам”,- деген немесе “қаржылық қиыншылықтан шығамын”,- деп үміттенген жандар ақыры соңында “әлеуметтік инженерия” әсерінен қолда бар қаражатынан айырылып жатады. “Әлеуметтік инженерия”,- дегеніміз алаяқтардың психологиялық әдістер арқылы адамды құпия ақпараттармен бөлісіп, өз дегендерін жасатуға мәжбүрлейтін амалдары. Адам психологиясына манипуляция жасаумен әбден машықтанып алған алаяқтардың амалдарына қарапайым адамдардың психологиясы кері шыға алмай салдары одан үлкен қиыншылықтарға әкеліп жатады.

ranking.kz сайты ұсынған статистикалық ақпаратқа сүйенсек, 2023 жылдың басынан бері алаяқтықтан келген шығын алты есеге өсіп, 79,6 миллиард теңгені құраған. Ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 110,8 млрд болған. 79 млрд теңгенің 30,4 млрд теңгесі жеке тұлғалардан алынған. Қылмыскер алаяқтар мемлекетке 48,8 млрд теңге, кәсіпкерлерге 515,7 млн ​​теңге шығын келтірген.

Қаржылық алаяқтықты заң жүзінде қарастырсақ – қылмыс. Ол Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190 – бабында “Алаяқтық” деп қарастырылады. Бұл бап бойынша, қаржылық алаяқтыққа кінәлі тұлғалар мүліктік залал келтіргені немесе заңсыз жолмен материалдық пайда тапқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Жаза түрлері:

  • Айыппұл салу;
  • Белгілі бір мерзімге дейін бас бостандығынан айыру;
  • Қоғамдық жұмысқа тарту;
  • Қатаң жағдайларда, ауыр зардаптар әкелген алаяқтық үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылған. “Ақпараттандыру туралы” Қазақстан Республикасының Заңы, “Төлемдер және төлем жүйелері туралы” Заң, “Банк және банк қызметі туралы” Заң, “Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы” (Салық кодексі), “Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы” заңдар азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып,  алаяқтық әрекеттердің алдын алуға және қылмыскерлерді әділ жазалауға бағытталған.

Алаяқтық түрлері өте көп. Оларға тоқталып өтсек, кең тарағаны онлайн банк алаяқтары жасаған фишинг және вишинг. Екеуі де веб сайт пайдаланушыларының жеке ақпаратын білу үшін жасалады. Пирамидалық схемалар бір емес бірнеше адамды бірге алдайтын тәсіл. Бұл жерде жаңадан қосылған қатысушылардың қаржысына негізделген инвестициялық бағдарламалар ұйымдастырады. Жаңадан тартылған қаражат арқылы бастапқы қатысушыларға пайда төленеді, бірақ схема жаңа қатысушылар ағымы тоқтағанда құлдырайды. Инвестициялық алаяқтық болса өзіне мықты мұнай, газ сынды ресурстарды таңдап алып, ақша құйған адамға еселеніп қайтады деп сендіреді. Алайда ақша еселеніп қайтпақ түгілі, “шоттан шешу барысына келдік”,- деп “транзакция” үшін үстінен тағы қаражат сұрайды. Инвестиция жасауды дұрыс әрі сенімді деп ойлаған адамдар нарықты да зерттеп үлгермей алаяқтар құрбанына айналады. Кредиттік алаяқтық- жалған компаниялар төмен пайызбен несие немесе қолжетімді ипотека ұсынады, бірақ алдын ала төлем алып, кейін байланысын үзеді. Онлайн саудада жалған интернет-дүкендерге, сатушыларға алданатын тұтынушылар көп. Алдын-ала төлем сұратып, тауарын жеткізбейді. Әлеуметтік желіде жалған оқырман санын жасап қойып, сұрақтарға жалған жауап беріп, барынша сананы улап, сендіреді. Жұмыс істемейтін қайырымдылық ұйымдары да бар. Қайғылы оқиғалар, апаттар болған жағдайда алаяқтар жалған қайырымдылық қорларын құрып, психологиялық манипуляциялар арқылы сбор жинап, қаржыны өздері жымқырады. Көше кезгендер мен әлеуметтік желіде жарнама болып шыққанның бәрі бірдей шынайы қайырымдылық ұйымдары емес. Қандай жағдай болмасын тексеру қажет.

Қаржылық алаяқтыққа ұшыраған жағдайда мемлекет тарапынан заң жүзінде көмек сұрауға әр азаматтың құқығы бар. Ал қаржы шет мемлекеттік шотқа аударылған жағдайда оны кері қайтару мүмкін емес. Бұндай қиыншылыққа тап болмас үшін кез-келген адам ақпараттық, қаржылық, технологиялық, заң, медиа тұрғыларынан сауаттылығын арттыруы тиіс. Қолдан жасалған жалған шоттар мен сайттарға алданып, ақшаны ауаға шашудан сақтану қажет. Кіріс көзін табудың адал жолдарын қарастырып, алаяқтарға ауыр жаза қолдану, алданған адамдарға көмек көрсету, келешек ұрпақты мектеп қабырғасынан қаржылай сауаттылыққа үйрету, әртүрлі жобалар мен іс-шараларды көбейту қоғам үшін қауіп төндірген осы бір құбылыстан сақтану үшін бірден-бір керек қорғаныс шаралары деп санаймын. Қазақстандағы және әлемдегі қаржылық алаяқтықпен күресу үшін бірлескен күш қажет. Әрбір адам өз ақпаратын сақтап, күдікті жағдайлардан сақ болуға тырысуы керек. Тек солай ғана біз қаржылық алаяқтықтың алдын алып, қауіпсіз қоғам құра аламыз.

Нұрай ДАУКЕН 

Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясы,

Компьютерлік технологиялар кафедрасы,

Медиажурналистика маманлығының 2-курс студенті

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Қаржылық алаяқтық белең алып тұр

Бей Қаз 24 , 2024
Оқылды: 68 Қазіргі заманның ең өзеĸті мǝселелерінің біріне айналып отырған тақырып-қаржылық алаяқтық. Елімізде алаяқтық ĸеңінен тарап жатқаны бǝрімізге мǝлім. Күнделіĸті жаңалықтардан еститініміз де, осы мәселе. Жалпы алаяқтың қоғамға қауіптілігі орасан зор. “Бұл алдау немесе сенімге қиянат жасаудан туындайтын қылмыс”,- деп айтсақ қате болмас. Пайдаĸүнемдіĸ қасиеттер адамдар арасында ĸең тараған және алдау мен жалған […]