Ю.А.Гагарин атындағы мектеп-лицейінде инклюзивті білім беру алғаш рет 2014-2015 оқу жылында енгізілген болатын. Содан бері ерекше білім беруді қажет ететін балалар саны 8 оқушыдан 50 оқушыға дейін өсті. Ерекше қажеттіліктері бар балалар – бұл білім алуында белгілі бір қиындықтарға тап болған балалар. Әр баланың өзіндік ерекшелігі мен әлемі бар, бұл оларға жекелей көзқарас пен қамқорлықты қажет етеді.
Инклюзивті білім беру аясында мектепте арнайы жағдайлар жасалып, әр оқушының мүмкіндігіне қарай оқу бағдарламасы бейімделеді. Мектеп ұжымының үйлесімді жұмысы, оның ішінде педагогикалық-психологиялық түзету қызметі маңызды рөл атқарады. Бұл қызметке түрлі саладағы мамандар кіреді: үйлестіруші, арнайы педагог, логопед, психолог, әлеуметтік педагог, ассистент-педагог, ЛФК мамандары. Олар кешенді коррекциялық-білімділік оқыту жүйесі аясында жұмыс істейді. Шет ауданы әкімдігінің қолдауымен, 2014 жылдың 30 қыркүйегіндегі №165 бұйрығына сәйкес, Ю.А. Гагарин атындағы мектеп-лицейде инклюзивті білім беру бойынша эксперименталдық алаң ашылды. Кейін, 2018 жылдың 30 қаңтарындағы №05/03 қаулысы негізінде, бұл алаң стажерлық алаңға айналды. Инклюзивті білім беру бойынша үйлестіруші ретінде алғаш рет Алиманова Ақмарал Ргебаевна тағайындалып, ал 2022 жылдан бастап бұл қызметті Бекишева Балдырған жалғастырды. Биылғы оқу жылынан бастап мектеп аудандық ресурстық орталық мәртебесіне ие болды, Шет ауданына қарасты 21 мектеппен бірлесіп жұмыс атқаруда. 2024-2025 оқу жылына арналған инклюзивті тәжірибелі ресурстық орталықтың жылдық жоспары бекітілді. Осы жоспар аясында ұстаздар инклюзивті білім беруді одан әрі дамыту мақсатында жұмыстар атқарылуда. Орталықтың психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі мектептермен бірлесе жұмыс істеу бағытындағы жоспарлар жүзеге асырылып жатыр.
Мамандар құрамы:
– Үйлестіруші: Бекишева Балдырған
– Әлеуметтік педагог: Сағынаева Д.М.
– Педагог-психолог: Батыкова К.Е.
– Арнайы педагог: Болатова А.Қ.
– Мұғалім-логопед: Омарова С.А, Мукыжанова С.С.
– Педагог ассистент: Асемиева Б.Б, Бейсенова К.И, Кокжалова Г.К.
Мектеп ұжымы мен мамандардың үйлесімді жұмысы инклюзивті білім берудің дамуына үлкен үлес қосып келеді. Ерекше балаларға қолдау көрсету арқылы оларды қоғамға бейімдеу және олардың білім алу құқықтарын іске асыру маңызды мақсаттардың бірі. Ю.А. Гагарин атындағы мектеп-лицейінде инклюзивті білім беру бағдарламасын іске асыру барысында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл туралы Ю.А. Гагарин атындағы мектеп-лицейдің педагогы, инклюзивті білім беру үйлестірушісі Балдырған Бекишева өз ойларымен бөлісті:
– Инклюзивті білім беру дегеніміз не және ол не үшін қажет?
– Инклюзивті білім беру – бұл ерекше білім беруді қажет ететін балаларды жалпы білім беру ортасына қосу, оларға тең мүмкіндіктер ұсыну. Біз әр баланың жеке мүмкіндіктерін, қабілеттерін ескере отырып, оқу процесін бейімдейміз. Біздің мақсатымыз – балаларды оқытуға ғана емес, сонымен қатар оларды қоғамға бейімдеуге көмектесу. Балалар тек білім алып қана қоймай, әлеуметтік дағдыларды да меңгеріп, өздерін қоғамның бір бөлігі ретінде сезінулері қажет.
– Мектепте инклюзивті білім беру аясында қандай жағдайлар жасалған?
– Бізде инклюзивті білім беру үшін барлық қажетті жағдайлар қарастырылған. Мектепте логопед, психолог, арнайы педагогтар, әлеуметтік педагог және басқа да мамандар балалармен күнделікті жұмыс істейді. Әр баламен жеке жұмыс жоспары құрылады. Бұл оларға оқу материалын түсініп, өздеріне қажетті дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, біз балалардың мектеп ортасында өздерін жайлы сезінуі үшін қолайлы және қолжетімді орта жасаймыз.
– Инклюзивті білім беруді дамытудағы негізгі қиындықтар қандай және оларды қалай жеңіп келеміз?
– Негізгі қиындықтардың бірі – қоғамда инклюзивті білім беру туралы түсініктің жеткіліксіздігі. Біз ерекше қажеттіліктері бар балаларды қабылдау және оларға қолдау көрсету мәдениетін қалыптастыру үшін ата-аналармен, мұғалімдермен және оқушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Біздің педагогикалық ұжым өте ынтымақты, және осы бірлесе атқарған жұмыстың арқасында балаларға сапалы білім беру мүмкін болып отыр.
– Инклюзивті білім берудің болашағы қандай?
– Менің ойымша, инклюзивті білім беру – бұл қазіргі заманның талаптарына сай келетін қажетті қадам. Әр бала білім алуға құқылы және біздің міндетіміз – оларға сол мүмкіндікті беру. Біз өз тарапымыздан осы бағытты одан әрі дамытып, балалардың дамуына барынша жағдай жасауға тырысамыз. Біздің мектепте бүгінде басталған тәжірибе – бүкіл елге үлгі боларлық жоба.
– Қандай жетістіктермен бөлісе аламыз?
– Инклюзивті білім беру енгізілгеннен бері, біздің мектеп көптеген жетістіктерге жетті. Ерекше балалар сабаққа белсенді қатысып, өз қабілеттерін ашып көрсетіп жатыр. Мектептің барлық ұжымы балалардың білім алуына көмектесу үшін аянбай еңбек етуде. Біз тек оқытумен ғана шектелмейміз, балаларды қоғамға бейімдеп, олардың әлеуметтік дағдыларын дамытуды да көздейміз. Жақында біздің мектеп аудандық ресурстық орталық мәртебесін алды, бұл бізге басқа мектептермен тәжірибе бөлісуге мүмкіндік береді.
Ю.А. Гагарин атындағы мектеп-лицейдің педагогикалық ұжымы инклюзивті білім беруді дамыту арқылы әр баланың әлеуетін ашуға ұмтылып, қоғамда ерекше балаларға тең жағдай жасауға үлкен үлес қосып келеді.
Инклюзивті білім беру бойынша үйлестіруші – Бекишева Балдырған Бексеитовна.