Қазыбек би бабамыздың Қоңтажыға қолданған тәсілдерін бүгінгі ұрпақ Ресейге қолдану керек секілді. Ол үшін Ресейдегі түрлі халықтардың өздері де мойындайтындай Ресей мен Қазақстанның арасындағы ежелгі тарихи оқиғалардың ізімен көркем-деректі фильмдер, кітаптар, бағдарламалар шығарылу тиіс. Оған қоса сол Ресейдегі қаншама жүрттың қиын-қыстау кезіңде Қазақ елінің арқасында аман қалғанын, “Қазақ еліне соғыс ашса, біз қазақпен біргеміз”,- дейтіндей рухын дүркірете оятып, жеткізе алсақ, бүгінгі првокаторлардың аузына құм құйылар еді.
Біз Құрылтайдан зор үміт күттік. Одан кейін су тасқыны халықтың назарын басқа жаққа бұрып жіберді. Құрылтайда біраз дүние айтылғанымен, көпшіліктің көңілінен шықпаған дүниелер көп. Ел ішінде айтылып жүрген әңгімелерді мен де қорыта кетейін.
Бүгінде Ресей Украинаға соғыс ашқан соң, өзге елдер де іш жия бастады. Біз де сол жаралы аюдың ашуына тиіп кетпеудің амалын қылып отырмыз. Бір жағынан батыс пен АҚШ-тың да емеурініне құлақ асамыз. Басқа қолданар шарамыз да жоқ. Негізі Ресей федерациялық мемлекет болғанындай құрама ел. Басқа ұлттарды өзіне сіңіріп жіберген. “Орыстың бетін тырнасаң татар шығады”,-дегендей ар жағын қазыңқыраса, өзге ұлыстардың төбесі көрінеді. Кезіндегі Русьтің батырларын қазіргі Украиндар иемденіп жатыр. Швед, поляк, чех, кавказдықтармен, т.б. көп араласып кеткен. Олжасқа салсақ, Карамзин, Баскаков сияқты Ресейді Ресей қылған абыройлы дворян әулеттерінің негізі – түрік. Мағауинге салсақ, біз олардың ана жұртымыз. Княздарының көпшілігі Дешті Қыпшақтың сұлтандарының қызын, қарындасын алып, билігін күшейткен. Кезінде Алтын Орда Мәскеуді құлдық деңгейде ұстады. Қаласа шапты, өртеді. Соның есесін жиен жұрт кейінгі 300 жылында қайтарды да. Бүгінде есеп теңескен шығар. Өткенге салауат.
Федерацияда Түркі ұлыстары да көп. Шамалы іскерлік, мәдени байланыстар болғанымен, Ресейден бір жағынан қорқамыз ба, олармен аса бір қатты араласымыз да жоқ. Қазақ елі негізі Қазыбек би бабамыз айтқандай “ешкімге соқтықпай жай жатқан, бейбіт елміз”. Алайда жуастан жуан шығатын бір көтерілсе, тоқтамайтын өлермендігі де кездеседі. Оны Желтоқсан, Қаңтар көтерілістерінен білеміз. Әсіресе мақтанғанда, жауды жеңіп бір-ақ қайтамыз. Осы Қазыбек би бабамыздың Қоңтажыға қолданған тәсілдерін бүгінгі ұрпақ Ресейге қолдану керек секілді. Ол үшін Ресейдегі түрлі халықтардың өздері де мойындайтындай Ресей мен Қазақстанның арасындағы ежелгі тарихи оқиғалардың ізімен көркем-деректі фильмдер, кітаптар, бағдарламалар шығарылу тиіс. Оған қоса сол Ресейдегі қаншама жүрттың қиын-қыстау кезіңде Қазақ елінің арқасында аман қалғанын, “Қазақ еліне соғыс ашса, біз қазақпен біргеміз”,- дейтіндей рухын дүркірете оятып, жеткізе алсақ, бүгінгі прjвокаторлардың аузына құм құйылар еді.
Қазақ елі Орта Азияның, тіпті ЕуроАзияның орталығында орналасқан. Өзге елдердің бізге қызыға да, қызғана да қарайтын географиялық мүмкіндігіміз болғанмен, кемшілігі де анық көрініп қалады. Сол мүмкіндікті пайдалануға талаптар жасалып жатыр. Бірақ әзірге жүйелі емес. Кезіндегі Түркия президенті Тұрғыт Өзал айтты дейтін сөз бар. “Қазақстан Ресеймен ішек-қарнына дейін араласып, тамыры ажырамастай байланысып, тереңге кеткен екен. Уақытында сол тамырды ажыратуға тура келеді. Ол кезде түрлі жағдай туындауы, қан шығуы да мүмкін. Қазақстан соған дайын болуы керек”,-деген мағынасы осылай. Біздің әзірге біреумен соғысатындай, дөңайбат көрсететіндей қауқарымыз да жоқ. Алпауыттардың қалағанын беріп, сұрауын қанағаттандырып, жәйлап, жылжып кетіп бара жатырмыз. Сондай-ақ сыртқы күштердің мүдделері мен ықпалдарын да пайдаланып өз еліміздің қажетіне пайдаланып отырғанымыз рас.
Құдай өзі қазақты сынап, ширатып алып, бірақ өлімге де қимайтын сияқты. Репрессия, ашаршылық, 2-дүние жүзілік соғыс, тың игеру сияқты ұлтты әлсірету саясатынан кейін Совет үкіметі батыстың ықпалымен тарап кетті. Дегенмен сана төңкерісі жалғаспаған соң, тәуелділіктен аса ұзай да қоймадық. Негізі мемлекеттің іргесін нықтайтын экономика, әскер, жер, ғылым-білім сияқты атрибуттарымен қоса тіл де ұлттың ұйысуына ықпалды құрал. Өзге тілде тәрбиеленген бала өскенде сол елдің мәдениет, салт-дәстүріне бейім болады. Оны бүгінгі батысшыл, орысшыл, арабшыл т.б. біраз …шылдардан көріп отырмыз.
Президент “қазақ тілін айқай-шумен емес, ағартушылық жолмен дамыту керек”,-деді. Ол жолды тиімді жүзеге асыра алса, ұтымды әдіс болатыны рас. Бізге осы тілді дамытудың мемлекеттік алғышарттары жасалу керек сияқты. Назарбаевтың орындалмаса да, “2020 жылы халқымыздың 90%-дан астамы қазақ тілінде сөйлейді”,-деген бағдарламалық үндеулері болатын. Билік өкілдері де Нұрекеңнің ол үндеуін есіне алса, жүзеге асырмаса да, ұйқысынан оянып, елеңдеп, қалатын. Біз де соған қосылып, арасында уралап қоятынбыз.
Бүгінде анау-мынау дегенмен, тіл саласында “Бәлен жылы балабақшалар, одан арғы жылы мектептер қазақ тіліне көшеді. Мемлекеттік қызметкерлер осы жылға дейін түгел қазақ тілін білуі тиіс. ЖОО-да оқулықтар толық сол жылдарға дейін қазақшаланады”,- деген нақты орындалатын бағдарламалар дайындалып, оның атқарылуы үшін нақты қадамдар жасалуы тиіс. Президенттің болашаққа арналған жүйелі бағдарламасы нақты орындалатын жоспармен бекітіліп, ол және жүзеге асуы керек. Мемлекет басшыларының, әкімдердің жүрген-тұрғанын насихаттаудың түкке керегі жоқ. Мемлекеттің саясаты елдегі ғалымдардың, ел азаматтарының атқарып жатқан игі істерімен көрсетілуі керек. Кеменің капитаны рөлді бұруды білгенімен, бірақ рөлге отырмайды ғой.
Ақбота Қазкенова
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті
Филология факультетінің 3 курс студенті