Kaspi Gold карталары арқылы төлем жасау мүмкін болмайды – фейк.
Әлеуметтік желілерде Kaspi банкке қатысты аудиохабарламалар тарап жатыр. Олардың бірінде былай делінген:
– Kaspi банкте ақшаңыз болса, барлығын алып алыңыздар. Бүгін соңғы күн. Ертеңнен бастап Kaspi банк өз жұмысын уақытша тоқтатады. Неге екенін ешкім білмейді. Сондықтан барлық таныстарыңызға ескертіңіздер. Бүгін соңғы күн. Тағы бір аудиохабарламада:
– Жаңа ғана банкпен сөйлестім. Иә, ертеңнен бастап Kaspi Gold ешкімге ақша бере алмайды, төлем жасау да мүмкін болмайды. Әрине, бұл уақытша жағдай. Бірақ кейбірінде қолма-қол ақша жоқ шығар. Олар төлем де жасай алмайды, азық-түлік те ала алмайды. Сөйтіп, ертеңнен бастап Kaspi Gold-пен ештеңе істей алмаймыз. Бұл нақты ақпарат» делінген.
Үкім – бұл фейк ақпараттар.
Біріншіден, аудиохабарламаларда «Бүгін соңғы күн» деп айтылады. Ал олардың нақты қай күні жазылғаны белгісіз. Демек, бұл ақпараттар қашан болса да өзекті. Екіншіден, хабарламалардың авторлары кім екені белгісіз. Ал бұл фейк ақпараттың белгісі. Үшіншіден, 14 наурызда «Kaspi.kz» АҚ басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе өзінің YouTube каналында банк қызметіне қатысты үндеу жасап, барлық қауесетті жоққа шығарды.
https://www.youtube.com/watch?v=HxHPf3SslTA
– Соңғы күндері Kaspi туралы жалған ақпараттар таратылып жатыр. Мен оларды жоққа шығарамын. Kaspi-дің банкроттығы, Kaspi Gold-тан ақша алу мүмкін болмайды деген сөздер – бұл сандырақ. Мен Kaspi-ді 2007 жылдан бері басқарып келемін, міне, 15 жылдай болды. Біздің жетістіктеріміз бен жұмысымыз үшін жеке өзім жауап беремін. Біз әрқашан да еліміздің, қазақстандықтардың және әрбір сүйікті клиентіміздің игілігі үшін жұмыс істейміз, – деді ол.
Бүгінгі таңда Kaspi.kz қосымшасы және Kaspi Gold карталары жұмыс істеп тұр. Баршаңызды ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырамыз.
Бақытгүл ШЕРКЕНОВА
Нұр-Сұлтан қаласы