Қазақ журналистикасында ауыр қаза

 Мамырдың 18 күні белгілі журналист, Жетісу телеарнасының директоры, Ұлттық арнаның «Айтуға Оңай»  «Қарекет» бағдарламаларының жүргізушісі Бейсен Құранбек дүниеден өтті.

Белгілі тележүргізушінің дүниеден өткені жайында оның журналистика саласындағы әріптестері хабарлады. Ақжелең Рахатдинқызы:

– ағамыздың дүниеден өткенін өзіміз жаңа таңертең естідік. Ол қатерлі ісікпен ауырған еді, бір жылдан аса емделді, – дейді

Бейсен Құранбектің инстаграм желісіндегі соңғы жазбасында:

«Білу – бөлек , түсіну – басқа.
Жыл басынан бергі ішкі арпалысқа толы күндерімде, ұйқысыз түндерімде үш нәрсені тереңірек түсіндім… Бірінші,
Ұстазым жиі айтатын «бұл өмірде ақшадан да, биліктен де құдіретті дүние бар. Ол- ниеттің, тілектің, батаның күші» деген сөздің рас екенін.
Екінші, халқымыздың «басты байлық – денсаулық» деп бір ауыз сөзбен айта салған даналығына бас идім. Ұйқы тыныш, тәбетің жақсы боп, ертеңгісін еш жерің ауырмай оянудың өзі жарты бақыт екенін ұқтым.
Үшіншіден, бабаларымыз қалдырған «Байлық – қолға ұстаған мұз, Бақыт – басқа қонған құс, Бала – артта қалар із, бұл өмірдің қызығы – Сіз бен Біз» деген сөзінің тұтас өмірлік философия екенін, өмірдің мәні де, сәні де сыйластықта екенін әр клеткаммен сезіндім.
Менің ешқандай «заслугам» жоқ туған күнімде ақжарма тілегін ақтарған баршаңызға мың қайтара алғыс айта отырып, бір-біріміздің тілеуімізді тілеп, денсаулықтың қадірін біліп, бір-бірімізді шын көңілмен құрметтей білейікші дегім келеді.
Бар болыңыздар!!!
»
Еске салайық, былтыр желтоқсанның аяғында әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Бейсен Құранбек ауыр дертке шалдықты деген хабар тараған еді. Ал былтыр ақпанда тележүргізуші асқазан жарасы шығып, дәрігерлердің оны екінші рет аман алып қалғанын әлеуметтік желіде өзі жазған болатын.
Барша Қазақстан халқы, журналистер қауымы көңіл айтып жатыр.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Бейсен Құранбектің отбасына, жақындарына көңіл айтты:

«Елімізге белгілі журналист, халқымыздың аяулы ұлы Бейсен Құранбектің қазасы баршамызға ауыр тиді.«Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламалары арқылы қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған тележүргізуші, елдің мұңын өз мұңындай көріп, көпке қамқор болған жомарт жүректі азамат бақиға аттанды».
Марқұмның отбасына, жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз»,-деген.

«Қазақ радиолары» ЖШС бас директоры Ернұр Бурахан Instagram парақшасында:

Екі жыл бұрын @qareket бағдарламасының студиясын көрейін деп барғанымда @beisenkuranbek ағамыз хабардың кезекті түсіріліміне дайындалып жатыр екен.
Ағаның әлеуметтік хабарлар арқылы талай қазаққа шарапаты тиді. Өңірлік арна 
@zhetysutv -дің техникалық мүмкіндігін арттырып, республикалық деңгейдегі студиялармен қатар жабдықтады. Қызметкерлеріне аға-бауыр, іні-қарындас ретінде қарайтын. Күнделікті өмірде де жан-жағындағылардың бәріне қол ұшын беріп, көмегін аямайтын. Кімнен сұрасаң да Бейсен ағаның тек жақсылығын айтады.
Енді дәл сол қалпы ақжарқын жүзімен еске аламыз. Сырқаты жайлы естігеннен тілеулес болдық, жақсы адамнан айырылып қалғымыз келмеді, амал нешік…
Бақұл бол, Бейсен аға…
»

Бейсен Құранбек 1971 жылдың 9 желтоқсанында Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Қызылжар ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Еңбек жолын республикалық «Спорт» газетінде тілші, жауапты хатшы қызметінен бастаған. Ал қалған ғұмырын қазақ телеарнасымен байланыстырып, «Рахат», «31 арна», «Хабар» арналарында, Президент телерадиокешенінде қызмет атқарған. 2007-2012 жылдары Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры қызметін атқарды. 2013-17 жылдары «Қазақстан» телеарнасындағы жалпақ жұртқа танымал «Айтуға оңай» әлеуметтік-тұрмыстық ток-шоуының жүргізушісі болды. 2017 жылдың қыркүйек айынан бері ұлттық арнадағы «Қарекет» бағдарламасын жүргізді. 2014 жылдың қазан айында Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры болып қайта тағайындалды.

Марапаттары: Қазақстан президенті сыйлығын (2006 жыл) алған және «Қазақстан мәдениет қайраткері» атағымен марапатталған.

Бейсен Құранбектің жарқын бейнесі әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақталады. Бейсен ағамыздың отбасына, жақын туыстарына, әріптестеріне, достарына қайғырып, көңіл айтамыз!

Аида БЕРТҮКЕНОВА, Қарағанды қаласы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Келесі мақала

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Сей Мам 19 , 2020
Оқылды: 1  636 Алматыда «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» атты акция өтті. http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар. Өткен аптада карантинге байланысты өз отандарына қайта алмаған Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің азаматтарына азық-түлік және гигиена құралдары тапсырылды. 82 Қырғызстан азаматына, 120 Тәжікстан азаматына және 10 Өзбекстан азаматына көмек көрстелді. Олардың ішінде […]