Өзбек әйелдің әңгімесі немесе қазақ сарбазына мың алғыс
http://aimaq09.kz/ – өзге де жаңалықтарды осы сайттан көре аласыздар.
Осыдан тура 25 жыл бұрын болған оқиға. Белгілі себептермен кейіпкердің аты-жөнін айтқым келмейді. Қазір ол кісі Қарағандыда өмір сүріп жатыр.
Жиырмасыншы жылдардың 90 жылдары ҚСРО ыдырап ТМД құрылып, тәуелсіз мемлекеттер аяқтарына жаңа тұрып жатқан кез еді.
Біз Өзбекстанда тұрып жатқан едік. Өмірді жаңадан бастап келе жатқан жас отбасымыз. Мен қазақ жігітіне тұрмысқа шықтым. Бала-шағалы болдық. Елде жұмыссыздық етек алды. Завод, фабрикалар тоқтаған соң жолдасым екеуміз де жұмыссыз қалдық. Екеуміз де Мәскеуді бітірген жоғарғы оқу орнының дипломы бар. Мен техника ғылымдарының кандидатымын. Амал жоқ, отбасын асырау керек, саудаға кірістік. Өзбек елінде саудамен айналысу өте қиын. Ол кезде сауда салмағының көп бөлігі әйел затына түсетін. Жолдасым саудаға жоқ адам. Қазақстан Тәулсіздік алды дегеннен бері, күнде болмаса да, күнара «Қазақстанға көшейік»,- деген әңгімені жиі айтатын болды. Иә, бұл қазақтың атының басын тоқтату қиын деп өзім іштей ойлап қоямын. Бұл тақырып біздің отбасымызда өзекті мәселеге айналды. Шыны керек, мен өз туған елімнен кеткім келмеді. Ата-анам, бауырларым, ағайын-жұрт бәрі Ташкентте тұрды. Біз ауқатты әулет едік. Жолдасым, қазақтың жуас жігіті. Үйде сөзге келіп қалғанда, бір бүлк етіп қоя қоятын. Бірақ уақыт өткен сайын торға қамалған арыстан тәрізді мінезі пайда бола бастады. Оның себебі де белгілі, күйеуімнің туған бауырлары бірінен соң бірі Қазақстанға көшіп жатты.
Қайын жұртым Қазақстанмен шекаралас жерде орналасқан үлкен ауданда тұратын. Осы жерге келіп, заңды-заңсыз шекара асып, сауда-саттық жасап жүрген едік. Ол кезде бізге Қазақстан өте кең, жомарт елдей көрінетін. Өзбекте жоқ дүние Қазақстанда тегін жататын, қолынды созсаң болды.
Бірақ саудамыз ұзаққа созылмады. Сол кездегі Өзбекстан Президенті И.Каримов шекара мәселесін қатаңдатып жіберді. Мен саудаға қатты қызығып, үйдегі бар ақшаны тауарға салып жібердім. Жүк Қазақстаннан Өзбекстанға кіру керек еді. Шекарада тұрып қалды. Айта кету керек, жақын арада анамның 80 жасқа толуына байланысты той өткізуге бауырларым ақша жинап берген болатын. Осының бәрін шекарада тәркілеп алды. Өзбек шекарашыларына өтінгенмен, менің сөздеріме құлақ салмады. Тіпті, құжатыңыздың мерзімі өтіп кетті деп, өзімді қамауға алмақ болды. Жаным қысылып, бір өзбек офицеріне өтіндім,
– көмегіңді бер»,- деп, ол,
– қайдан келе жатқан едің,- деп сұрады? Мен,
– Қазақстанда қайындарым бар еді, солардан қайтып келе жатырмын,- дедім.
– Онда сол қайындарың көмектессін саған,-деді де бұрылып кетті. Осы кезде көзімнен жас шығып, кеудемнен ер адам емес, елім тепкендей көрінді. Өз өзбегімнен мұндай қатыгездікті күтпеп едім. Енді кімге жылап, кімге мұңымды айтамын. Басым айналып неше сағат жылап отырғаным есімде жоқ, әйтеуір қазақтарға қайтып бардым. Сол кез әлі есімде. Қазақ шекарасында мені бойлары ұзын, ірі, сымбатты солдаттар қарсы алды. Жылап мұңымды айттым. Қазақтың бір шекара сақшысы,
-апай сізге не болды? – деп, мені жақсылап тыңдап алды.
– сізге дәл осылай деп айтты ма? – деп қайта сұрады.
– иә, солай,- дедім,
– е-е-е, өзбек ағама не болған?!» деп басын шайқады да құжаттарымды қолына алды. Көзімді ашып-жұмып та үлгермедім. Құжаттарымды жөндеп беріп,
– болды апай, енді қорықпай шекарадан өте беріңіз,- деді.
Үйге аман-есен оралған соң, отбасымызбен Қазақстанға көшеміз деген шешімге келдік. Азғантай жүгімізді жинап, елмен қоштасып, 1995 жылы Қазақстанның Қарағанды қаласына көшіп келдік. Бұл қалада жолдасым екеумізге мамандығымызға сай, жақсы жұмыс табыла кетті. Қазақстанға келіп көзіміз ашылды. Бұл елде еңбек еткен адам далада қалмайды. Біз аз уақыт ішінде, пәтер, көлік, т.б. дүние алып, ел қатарына қосылдық. Бала-шаға осында оқып, өсіп, осы елде еңбек етіп жатыр. Мен жылына бір рет өз жұртыма барып келемін. Бірақ Ташкентте көп жата алмаймын, Сарыарқаның салқын самал ауа-райына үйреніп алғаннан ба, Қарағандыға кері қайтқым келіп тұрады. Бұл жақта да достарым, туыстарым Аллаға шүкір жетеді. Ел тұрақты, халық бейбіт өмір сүреді.
Мен Қазақстанды ұнатып қалдым. 25 жыл бұрын, қазақтың шекара сақшысы маған қол үшін бермегенде, менің күнім не болар екенін, әлі елестете алмаймын. Ең бастысы ел аман, жұрт тыныш деген тілектемін. Казіргі елге төтенше жағдайдан да аман есен өтуімізге тілектеспін. Мен әрқашанда қазақ елімен біргемін. «Біз біргеміз!».
Думан Малаев
Қарағанды облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ-нің
Ғылыми-сараптамалық бөлімнің жетекшісі